Бас тақырып

Бүгін – Қазақстан полициясы күні

Заң мен тәртіп – қоғам тұрақты­лығының қос қанаты. Бүгінгі қа­зақстандық полиция заман талабына сай қалай өзгерді және халықтың құқықтық санасы бұл үдеріске қалай әсер етуде? Әлбетте, мемлекеттің ішкі тұрақтылығы мен қоғам қауіпсіздігі – кез келген өркениетті елдің даму көрсеткіші. Ал, осы қауіпсіздіктің алғы шебінде, түн ұйқысын төрт бөліп, заңның үстемдігін күзетіп тұрған бірден-бір орган – полиция. Қарапайым бұқараның тыныштығын қорғайтын тәртіп сақшыларының жұмысы бү­гінде мүлдем жаңа мазмұнға ие болды. Қазіргі қоғам полициядан тек қылмыскерді құрықтауды емес, ең алдымен, азаматтардың мұң-мұқтажына құлақ асатын ашық­тық пен кәсібилікті талап етеді.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында: «Полиция жұмысының тиімділігі есеппен емес, халықтың сенімімен өлшенуі тиіс. Бізге заманауи, сервистік модельге көшкен, азаматтардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз ете алатын жаңа тұрпатты құқық қорғау жүйесі қажет», – деп, бұл бағытты нақты шегелеп берген болатын. Сәйкесінше, ел дамуының басым бағыттарын айқындайтын басты құжатта айтылған бұл сөздер бүгінгі қазақстандық полицияның негізгі темірқазығы, жұмыс істеу философиясы ғана емес, кейіннен Қазақстанда полицияның сервистік моделіне көшу реформаларының негізіне айналды.

Ішкі істер органдарының кешегі күні мен бүгінгі тынысын таразылар болсақ, жер мен көктей айырмашылық бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын полиция жүйе­сінде құрғақ статистика мен жоспарлы көрсеткіштер басым болса, бүгінде ол түбегейлі өзгеріп, қазір адам тағдыры, азаматтардың жан айқайы бірінші орынға шықты. Құқық қорғау органы халық сес­кенетін, жасқана қарайтын жабық, репрессивті құрылым емес бүгінде. Яғни, жазалаушы орган емес, көмекке жедел келетін, халыққа қызмет көрсететін құрылым. Мемлекет енгізген «Сервистік полиция» моделі осы түбегейлі бетбұрыс­тың айғағы.

Соның бір дәлелі – жақындық пен қолжетімділік. Полиция бөлімшелері «кедергісіз қызмет көрсету» форматына көшті. Ескі үлгідегі, темір тормен қоршалған ғимараттың орнына заманауи, ашық фронт-­офистер келді. Әлеуметтік желідегі ресми парақшалар мен мобильді қосымшалар арқылы халықпен тікелей, онлайн байланыс орнату тұрақты үрдіске айналды. Одан бөлек, дәл осы әлеуметтік парақшадан халықтың полицияға деген ерекше ықыласын көруге болады.

Мәселен, облыстың полиция департаментінің Instagram-дағы men_tergeushi_bolamyn парақшасында Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы полиция бөлімінің аға тергеушісі, полиция майоры Мархаббат Шөкееваға тұрғындардың бірі – Гүлім Қанатбекқызы алғыс білдірді.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Өтініш иесінің айтуынша, бір жылдан астам уақыт бойы шешімін таппай келген іс тәжірибелі тергеушінің кәсібилігі мен жауапкершілігінің арқасында оң нәтижеге қол жеткізген. Автор өз хатында тергеушінің істің мән-жайын мұқият зерттеп, жедел әрі сауатты шешім қабылдағанын атап өткен. Сонымен қатар, полиция бөлімінің ұжымдық жұмысы мен басшылықтың қызметті тиімді ұйымдастыруына ризашылығын білдірген. Мұндай пікірлер құқық қорғау органдары жұмысының басты көрсеткіші статистика ғана емес, азаматтардың сенімі мен ризашылығы екенін айқын аңғартады.

Шағымға жедел үн қату да учаскелік инспектордың рөлі. «Жұртқа жақын полиция» қағидаты аясында учаскелік инспекторлардың мәртебесі көтеріліп, олардың материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайтылды. Ендігі кезекте учаскелік полиция – өз аумағындағы әр тұрғынның мәселесін білетін, отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың алдын алатын, тұрғындардың сенімді өкіліне айналды. Оның жұмысының басты бағасы – сол аумақта тұратын халықтың тыныштығы.

Тәртіп сақшыларының жаппай бейнежетондармен қамтылуы да қызметтік міндетті атқару барысындағы шикіліктер мен жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтты. Көшелердегі «Сергек» жүйесі мен бейнебақылау камералары жедел басқару орталықтарымен интеграцияланып, адам факторын шектеді. Бұл жүйе заңның алдында шеніне де, шекпеніне де қарамастан бәрінің тең екенін іс жүзінде дәлелдеп отыр.

Бүгінгі полиция қызметкері заң білетін маман ғана емес, ол – психолог, мәдениетті, азаматтармен сыпайы сөйлесе алатын, қиын сәтте сабырлылық пен батылдық танытатын жаңа буын өкілі.

Дегенмен, полиция қызметкерлері де ет пен сүйектен жаратылған адам екенін ұмытпаған жөн. Тәулік бойы қызмет атқарып, түрлі тағдырлармен бетпе-бет келіп, күрделі шешімдер қабылдайды. Қоғам полициядан әділдік пен кәсібилікті талап етсе, полиция да азаматтардың түсіністігі мен сеніміне мұқтаж. Өйткені, құқық қорғау саласындағы ең маңызды нәтиже – халық пен полицияның өзара құрметі мен сеніміне негізделген серіктестік.

Бұқар жырау ауданы полиция басқармасы тергеу бөлімі бастығының орынбасары, полиция капитаны Сұлтан Сағынтаев полиция өмірі көркем фильмдерден еш айырмашылығы жоқтығын айтады.

– Тергеушінің бойындағы ең басты үш қасиет – табандылық, адалдық және болған оқиғаны дұрыс бағалай білу. Өзің тергеген істе ақтық және әділ шешім қабылдау – жұмысымның басты қағидаты. Ал, ауыр жұмыс күнінен кейін үйге келгенде алдыңнан жүгіріп шығып, қуана қарсы алған балаларың мен жарыңды көру барлық шаршағаныңды ұмыттырады, – дейді ол.

Расында да, отбасы жылуы мен қоғамның қолдауы – әрбір тәртіп сақшысына кәсіби міндетін мінсіз атқаруға күш-қуат беретін басты қозғаушы күш. Алайда, заң мен тәртіптің салтанат құруы тек полицияның ғана емес, ең алдымен, әрбір азаматтың құқықтық санасына тікелей байланысты. Қоғамда «мүлдем төзбеушілік» мәдениеті қалыптаспайынша, құқық бұзушылықтың алдын алу мүмкін емес. Көшеге қоқыс тастамаудан бастап, заң талаптарын қатаң сақтауға дейінгі қарапайым әдеттер – полиция жұмысына деген ең үлкен көмек әрі құрмет белгісі.

Бүгінгі таңда құқықтық мәдениетті бала кезден, мектеп қабырғасынан бастап қалыптастырудың маңызы зор. Уақыт талабына сай, полиция қызметкерлерінің білім беру ошақтарында жиі болып, жасөспірімдермен ашық сұхбат құруы, құқық пен міндет ұғымдарын түсіндіруі – болашақ саналы қоғамның іргетасын қалап жатыр. Жастар тәртіп сақшысын жазалаушы ретінде емес, қиын сәтте қорған болатын сенімді дос ретінде қабылдағанда ғана «Жұртқа жақын полиция» тұжырымдамасы өз жемісін толық береді.

Сонымен қатар, қазіргі жаһандану дәуірі мен киберқылмыстың белең алуы полиция қызметінен жаңа дағдыларды, жоғары технологиялық сауаттылықты талап етуде. Бүгінгі сақшы тек көше тәртібін күзетіп қана қоймай, виртуалды кеңістіктегі алаяқтықпен күресуге де қауқарлы болуы тиіс. Бұл бағытта құқық қорғау органдарының үздіксіз ізденісі мен заманауи технологияларды игеруі – халықтың қауіпсіздігін заман ағымына сай жан-жақты қорғаудың кепілі болып отыр.

Полиция мен халық арасындағы ашықтық, өзара сенім мен сыйластық орныққан жерде ғана қауіпсіз қоғам қалыптасады. Ендеше, ел тыныштығын күзеткен тәртіп сақшыларының кәсібилігі артса, бұқараның да құқықтық жауапкершілігі биік болуы шарт. Өйткені, Мемлекет басшысы атап өткендей, полицияның ең басты және ең әділ бағасы – халықтың мүлтіксіз сенімі.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button