Спорт

Халықаралық марафон – Қарағандыда

Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен «Қарағанды-Арена» мұз сарайы алаңында халықаралық жартылай марафоны өтті. Дүбірлі дода көмбесіне әр елден өңшең желаяқтар жиналды. Сондай-ақ, республика көлемі мен қарағандылық қатысушылардың өздері қалыс қалмады. Тіпті, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін қатысты десек артық емес. Әр жас санаты өзіне тиімді қашықтықты жүгіріп өтті.

«QARAGANDY Half MARATHON» – марафонының биылғы қашықтығы рекордтық көрсеткішке жетіп, 21 шақырым болды. Бұл қашықтықта 60-қа жуық марафоншы тіркеліп, 21 шақырым, 97,5 метрді бағындырды.

Сайыстың ең ұзақ әрі күрделі кезеңінде жеңіске жеткен Шығыс Қазақстан облысынан келген Әмір Байтұқанов пен қостанайлық Татьяна Нерознак болды. II орынды ақтөбелік Ислам Аманқос және Алматы қаласының желаяғы Ольга Сердюкова алды. Ал, үздік үштікке шыққандар – украиналық спортшы Екатерина Васильченко мен алматылық Нұркелді Аман.

– Жарыс өз деңгейінде өтті. Маған осындағы жайдары көңіл күй ұнады. Таңғы салқын самал, жүгіруге деген қызығушылықты одан әрі жандандырып қанат бітіргендей болды. Кез келген спортшының басында бар шығар осындай сезім. Аяқтарым өзіме бағынбай алып-ұшып тұрғандай күй. Көмбеден төреші ысқырығы берілісімен зу ете қалдық. Мінекей, нәтижесі, – дейді сайыс жеңімпазы Әмір Байтұқанов.

Расында, сайысқа қатысқан 3256 марафоншының барлығы дерлік шат-шадыман күйде. Қашықтықты нәтижелі жүгіріп өткендер өздерін жақсы сезінгендігін жеткізді. Оларды сол жерге арнайы келген «жедел жәрдем» мамандары тексеруден өткізді.

– Көп қатысушы ұзақ қашықтықты жүгіріп өткен соң өздерін жайсыз сезінеді. Жүректің қатты соғуы, адамның басын айналдырып, буындарын әлсіретеді. Кейде аяқ-қол тартылуы да мүмкін. Осындай кезде біз әрқашан оларға алғашқы көмек көрсетеміз, – дейді қалалық жедел жәрдем фельдшері Бағдат Төреқұлов. Ал, 10 шақырымдық қашықтықта аяғына шаң шалдырмай мәреден өткен қос қарағандылық болды. Олар – Павел Овцынов пен Кристина Сергеева. Ал, Көкшетау қаласынан келген Нұртуған Сазанбай мен Малика Рахымбаева II орынға тұрақтады. III орын Астана қаласының спортшыларына бұйырды. Жүлде иегерлері – Малика Тұманова мен Ерболат Әлмусин.

Сонымен қатар, бес шақырым қашықтықты бағындырып белестен көрінген қарағандылық Нұртілеу Амантай және Топар спортшысы Алиса Тронто. Үздік үштікті Қарағанды қаласының желаяғы Алдияр Мағзұмов қорытындылады.

– Бұл 2023 жылдың тамаша спорттық шарасы болды. Биыл жүгіруге құштар жандар қатары артты. Бұл бұқаралық спорттың алға басуы деп білемін. Елімізде спортқа көңіл бөлініп, осындай игі шаралардың ұйымдастырылып жатқаны қуантады, – дейді сайыс қатысушысы Рүстем Шікіров.

Екі шақырымдық қашықтықта қарағандылықтардың бағы жанды. Тұғырдағы үш орыннан да жергілікті желаяқтар көрінді. Олар – Виталий Красиков, Ясмина Кәкенова, II орынға Рамазан Рүстемұлы мен Сабина Крышкина. Ал, III орын Марат Елеукен мен Лина Басыроваға бұйырды. Қатысушылардың барлығына дипломдар мен ақшалай сый-сияпат берілді

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button