Хабиб Нурмагомедовпен бірге Конор Макгрегор да жазалануы мүмкін
Жекпе-жектен кейін төбелеске қатысқаны үшін Хабиб Нурмагомедов қана емес, оның қарсыласы Конор Макгрегор да жазалануы мүмкін. Невада штатының атлетикалық комиссиясы (NSAC) өткен демалыста T-Mobile Arena-да болған оқиғадан кейін қос файтерге де ресми шағым түсірмек, деп хабарлайды ESPN.
NSAC төрағасы Энтони Марнелдың айтуынша, қазір комиссия Нурмагомедов пен Макгрегордың кездесуінен кейін шыққан төбелесті толығымен тергеп жатыр. Тергеу барысында видео мұқият зерттеліп, оқиғаға қатысушылардан жауап алынады.
Сонымен бірге төбелеске қатысқан басқа да тұлғалар жаза тартуы мүмкін – оның ішінде сегіз бұрышқа шығып Макгрегорды бірнеше рет ұрған “қызыл жейде киген адам” да бар.
“Октагонға шығып кеткен көрерменге тағылатын айыптаулар бар. Оның кім және қайда екенін білеміз. Тәртіп бұзушылық жайында бас прокурорға хабарлауым керек. Бұл күрделі оқиға, сондықтан мұқият тергелуі тиіс”, — дейді Марнелл.
NSAC төрағасы хабарлағандай, тәртіптік тыңдаулар қарашаның соңына дейін өтуі тиіс.
Хабиб Нурмагомедов пен Конор Макгрегор арасындағы жекпе-жек ресейлік файтердің жеңісімен аяқталды. Алайда кездесу біте салысымен Нурмагомедов октагонның қоршауынан асып түсіп, қарсылас команданың өкілдерімен төбелесе бастады. Макгрегор да соңынан ұмтылып еді, оны ешкім жібермеді. Кейін ирландық файтер алаңда Нурмагомедовтің командасындағы адамдармен жұдырықтасты.
Жекпе-жектен кейінгі баспасөз мәслихатында Хабиб Нурмагомедов өз қылығы үшін кешірім сұраған.
Дeреккөз: sputniknews.kz