Бас тақырып

Гнаденфельд. Кладенрайх. «Бақытсыздық үлесі»

Қарағандының іргесіндегі баршамызға мәлім Долинканы 1908-1909 жылдары игеруге келген немістер «Qnadenfeld», «Кladenreich» атапты. Мұны өлкетанушы Юрий ПОПОВТЫҢ жазбасынан оқыдық. Бақсақ, «Qnadenfeld» – «құнарлы өріс, егістік» дегенді білдіреді екен. «Кladenreich» – немістің біріккен сөзі. Неміс сөздігінде біртұтас «kladenreich» деген сөз жоқ болып шықты. Әуелгі бір сөзі – «klad», екіншісі – «reich» екен. Ал, «еn» қосымша болса керек. «Klad» – неміс тілінен аударғанда – «көмбе», «reich» – байлық. Яғни, немістер жердің құнарлығына сүйсініп, «Құнарлы егістік», «Байлықтың көмбесі» атапты. Осы байлық көмбесін жаратуға сол уақытта келетін жан басы 830 деп есептеліпті. Алайда, 345 шаруашылық қоныс теуіпті. Ол кезде 30 жылдан соң байлықтың көмбесі – Қоңыртөбе мыңдаған тағдырдың қасірет төбесіне айналарын ешкім болжап-білген жоқ. Соры қалың бейбақтардың зары мен қайғысы қабырғасына әбден сіңген КарЛаг пайда болды. Ол уақытта бірқатар немістер тұрақтап қалыпты. Көбі емес, әрине. Азын-аулағы дейді қолда бар деректер. Бұл – даңқты «Гигант» совхозы Долинский ауылының құрамында болған. 1931 жылы арнайы ашылған. Онда немістер мал шаурашылығымен бірге, бау-бақша өсірген. Тіпті, олар жүзім ағашын да егіп, одан жеміс алыпты.

Немістер Долинканы өзара осылай атапты. Келе-келе «Долинский», «Долинка» елді мекені атануының астарында осындай шындық бар дейді ашық ресурстардағы мәліметтер.

Еділ бойындағы немістердің жер аударылуы Ұлы Отан соғысы жылдарында да жалғасқаны аян. Бірақ, біз сөз қылып отырған ұлт өкілдері жиырмасыншы ғасырдың басында келген. Содан қайсыбірі қайтып кетсе, кейбіреуі әлі де бабасының соқа салған жерін тастамапты.

Поповтың айтуынша, Орталық Қазақстандағы елді мекендерге орналастыру сумен жабдықтау көздеріне байланған екен. Осыған байланысты 1902 жылы гидротехниктер экспедициясы Ақмола уезі Жыланды болысында қолайлы жерді тауыпты. Сөйтіп, Қоңыртөбе көші-қон учаскесі жобаланған көрінеді. Шерубайнұра аңғарындағы Ақжарықта 12 ұңғыма бұрғыланып, одан тұщы су табылған. Екінші учаске ретінде Қояндышоқы анықталған.

Өлкетанушының дерегінше, бұл екі учаскеде бір мезгілде Еділ жағалауындағы немістерді қоныстандыру басталған, бұл – шамамен 1908-1909 жылдар болса керек. Осылайша, Қоңыртөбе ресми тұрде Долинский елді мекеніне 1909 жылы 10-шы ақпанда айналған көрінеді.

Долинканы қоныстанған немістер Сарыарқаның климаты нешеме түрлі ағаш өсуге қолайлы екенін дәлелдеген. Содан, 1932 жылы 1-ші мамырда жеміс ағаштарының селекциялары отырғызылған Долинский ағаш питомнигі тұрғызылыпты. Өлкетанушының дерегінше, онда «Хорошавка», «Анисик омский», Канада өрігі, «Усанка красная» таңқурайы, қара, қызыл, ақ қарақат, ірі жемісті жидектер өсірілген. Альберт Григорьевич Разба Долинскийге ұзын саны елу мың екі жүзден астам жеміс пен жидектің сортын әкеліпті.

1935 жылы алғаш рет Новочеркасскіден алынған жүзім отырғызылды. Ақпарттар, тіпті, 1937 жылы кинопленкаға түсірілген жүзімнің алғашқы өнімі туралы фильм де барын жеткізеді.

«КарЛаг басшылығы 1935 жылы өлкетану музейін құруды бастады. Алайда, экспозицияда немістердің Долинка ауылындағы өмірі туралы материалдар болған жоқ» дейді Ю.Попов жазбасында.

«Немістер сүйсінгенде, Долинка атауына табиғаттың әдемі бөлшегі дегенге меңзеп, ауылды («Гигант» совхозы) «Кладенрайх – қазынаға бай жер» атады. Ал, Долинканы КарЛагтың орталығына айналдырғанда тұтқындар осы атаудан өздеріне тағдыр тартқан бақытсыз өмір үлесін көрді» депті гидролог В.Курдюков.

Ықылым заманнан істеріне тиянақты, еңбексүйгіш неміс халқы алғашқы боп Долинкада бау-бақшаның іргесін қалап кеткен екен осылайша. Кейін ол ОГПУ-дің түзету лагері болды. Немістер гүл еткен мекен аз уақыттан соң қан сасыған қанды қасапхана – КарЛагқа айналды. Бұл кезде мәліметтер немістердің кетіп қалғандығын айтады. Қандай себептермен? Неліктен? Өкініштісі де – сол. Әйтпесе, ол жер ендігі жүзім алқабына айналар ма еді, кім білген?!

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button