Газеттің әр санын асыға күтеміз
Аймақтағы қазақ журналистикасының қарашаңырағы, облыстың айнасы мен шежіресі «Ortalyq Qazaqstan» газеті – егемен елдің өндірістік тірегі, индустриалдық жүрегіне айналған өңіріміздің шежіре тарихын таратып, аптал азаматтары мен дарқан істерін сүйіншілеген халықтың тілі.

Алаш көсемі, жерлесіміз Әлихан Бөкейханов: «Әуелі – газета халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газета сондай керек. Газетасы жоқ жұрт, құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр сықылды» деп, баспасөз туралы тұжырымды ой түйіп, газеттің өмірден алар орнын, атқарар қызметі мен міндетін айқындап берген еді. Сіздер сөз маржанын тізіп, оқырман ойынан шығып келесіздер.
Осынау аралықта аймағымыздағы айшықты оқиғалар, атқарылған ауқымды іс-шаралар мен ең өзекті мәселелер газет тілшілерінің назарынан тыс қалған жоқ. Басылым жастардың бойында патриоттық сезімнің қалыптасуына айтарлықтай атсалысып, Отанды сүю тәрізді абзал қасиеттерді үлгі етіп келеді. Газет беттерінде Ебіней Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің сүйіншілеген жаңалықтары, тыныс-тіршілігі туралы талай тартымды мақалалар жарық көруде.
«Орталықтың» ормандай оқырманы газеттің әр санын асыға күтіп, әр мақаланы зердесіне тоқып, оқып келеді. Биыл ордалы басылымға QR код арқылы жазылу мүмкіндігі туды. Бұл дамыған заманда адамдардың уақытын үнемдеуде жақсы бастама болып отыр. Биыл да облыстың бас газетіне жазылып, шығармашыл ортаның жаңа табыстарға жете беруіне тілектестігімізді білдіреміз.
Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің Басқарма төрағасы-ректоры.