Ақтоғай ауданы мен Балқаш қаласы маңында жаңа эко-демалыс орындары ашылды
Бүгінде Қарағанды облысы еліміздің индустриялық тірегі ғана емес, туристік әлеуеті қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің біріне айналды. Туризм картасындағы негізгі бағыттар – Балқаш пен Қарқаралы. Сонымен қатар, Шет, Бұқар жырау, Нұра және Ақтоғай ауданы да туристік тұрғыдан жаңа серпін алып келеді. Облыстық туризм басқармасының басшысы Ирина Любарская биыл төртінші рет ұйымдастырылып отырған «Balkhash Tour Fest» фестивалінің маңыздылығын атап өтті.

– Осыдан екі-үш жыл бұрын бұл аумақта қажетті инфрақұрылым болмаған. Ал, бүгінде фестивальдің оң ықпалының арқасында өңірге инвесторлар тартылып, бизнестің туристік салаға деген қызығушылығы артты. Соның нәтижесінде қысқа уақыт ішінде мұнда заманауи талаптарға сай үш ірі демалыс орталығы бой көтерді. Бұл – мемлекеттік қолдау мен жеке инвестициялардың тиімді серіктестігінің нақты жемісі. Қазіргі таңда облыста туристік-рекреациялық аймақтарды дамытуға басымдық беріліп отыр. Мемлекет өз кезегінде инвесторлар үшін ең күрделі әрі шығынды саналатын инженерлік инфрақұрылымды жүргізу міндетін мойнына алған. Осы тәсіл аясында Балқаш жағалауындағы туристік аймаққа 14 гектар, Қарқаралы өңіріндегі Бұғылы маңына 75 гектар жер бөліп, қажетті инженерлік желілер тартылуда, – деді Ирина Любарская.
Соңғы жылдары өңірдегі туризм саласының көрсеткіштері де айтарлықтай өскен. 2025-2026 жылдары облысқа келген туристер саны – 15,3 пайызға артқан. Әсіресе, салаға тартылған инвестиция көлемі бірнеше есе ұлғайып, 30 миллиард теңгеге жетті.

Бүгінде облыста бес жаңа туристік бағыт іске қосылған. Өңірдің индустриялық ерекшелігін ескере отырып, өндірістік туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Енді саяхатшылар Приозерск пен Бектауатаның көркем табиғатын тамашалап қана қоймай, өңірдегі өндіріс орындарының жұмысымен де таныса алады.
– Ақтоғай ауданы мен Балқаш қаласының маңында жаңа эко-демалыс орындары ашылды. Ал, табиғат аясында ерекше әсер алғысы келетіндер үшін күн сайын сағат 18:00-де «Тораңғы тоғайы» бағытына экскурсия ұйымдастырылады. Бұл – Сарыарқаның ғажайып табиғатын, әсіресе күннің батуы кезіндегі қайталанбас көріністі тамашалауға мүмкіндік беретін бірегей маршрут, – деді басқарма басшысы.
Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, өткен жылы Балқаш өңіріне 189 мыңнан астам турист келген. Биыл бұл көрсеткішті кемінде 20 пайызға арттыру жоспарланып отыр. Ал, өңірде қолға алынған инфрақұрылымдық жобалар мен жаңа туристік бағыттар бұл межеге жетуге толық мүмкіндік береді.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz



