Жаңалықтар

Газета: «Қалмақ па, әлде болмақ па Екі сауал – екі ұдай»

    Cup of coffee on the newspaper Шекспирдің «Гамлеттегі» бас сүйекке қоятын  сауалының кебі қазіргі таңда баспасөздің басында. Жарықтай жылдам даму үстіндегі ақпараттық технология баспасөздің бағын ұшыратын күнін әлем де санап отырғанын жоққа шығара алмаймыз. Таралымы миллиондаған шетелдік басылымдардың өзі бұл орайда кейінгі жылдары «ақырын жүріп, анық басқаны» да рас. Алайда, газеттің келмеске кетер уағы жақын дейтіндер оңбай қателеседі. Мұны біз емес,  талдау орталықтарының зерттеулері айтып отыр. Олар уақыт талабына орай, газета келбет-кескінін өзгертуі мүмкін. Яғни, ақпараттықтан талдамалық-сараптамалық, көлемді материалдарға ойысуы ғажап емес.  Бірақ біржола тарих сахнасынан түспейді дейді.  Айтарлықтай. Жоққа шығаруға хақымыз жоқ.

Дөңгеленген дүние ақпараттық технологияға тәуелді қазіргі кезеңде баспалық БАҚ-тың, соның ішінде, баспасөздің, газет-журналдың келешегіне күмәнмен қарау жиілеп тұр.  Газеттің күні өтіп барады дейтіндердің уәжі – қалың елдің жаппай ғаламторға жіпсіз байлануында. Еліміздің шамамен 10 млн. тұрғынының ғаламторға жүгінуі – көңілге күдік ұялататындай-ақ. Десек те, зерттеулер мен талдаулар  басқаша сөйлейді.

Айталық, «BISAM CENTRAL ASIA»  зерттеу орталығының  былтырғы жылы жасаған зерттеулері желілік және интернет басылымдар қазақстандық медиалардың жалпы санынан бар болғаны 7%-ды  ғана иеленетінін көрсетті. Бұл болса, өңірлерде, аймақтарда баспасөздің әлі де пәрменді екенін айғақтайды. Мәселенки, Астана мен Алматыда  газеттердің үлесі  – 35%, аймақтарда – 65% көлемінде екен. Яғни, еліміздің әр облысында газет әлі де сұранысқа ие. Бұл былтырғы жылы ғана жасалған,  сиясы кеппеген талдау.

Демек,  газеттің күні әзірге өтіп бара жатқан жоқ. Газетті «жерлеуге» тым ерте. Еуропа, АҚШ-тың өзі әлсін-әлсін аяқ жиғанымен, біржола баспасөзбен ат-құйрығын кесіскен жоқ. Олай болса, газета ізіқайым жоғалып кетуі мүмкін емес. Зерттеушілер әлем ғаламтордан ақпарат алуға жұмыла ден қойған күн туса, газеттердің бет-бейнесін өзгертіп, жарық көре береріне сенімді. Ондай жағдайда, газеттер талдауға бой ұсынады дейді.

Қалай дегенмен де, газета бұл жалғанмен қоштаспайды. Рас,  деректер кейінгі үш жылда газеттер са­нының төмендегенін, есесіне, жур­­налдардың өсіп, газет санымен те­ңескенін  көрсеткен. Өңірлер тұрғысынан журналдардың ең көп саны – Алматыда (67%) және Астанада (14%) шығарылады. Ал, 19%-ы басқа аймақтарға тиесілі. Солай бола тұра, аймақтарда газеттерді тұтыну кемімеген. Қайта үлес салмағы – басым.  Нақтыласақ, газет алушылардың үлесі 65-70 пайыз шамасында  көрінеді.

Жалпы, қазақстандық БАҚ-тың  тілдік бағытталуы өңірлерге қарай ерекшеленетінін де атап өткен жөн. Мысалы, Қарағанды облысында БАҚ-тың 36% -ы орыс тілді, 61%-ы екі және одан да көп тілде және тек 3%-ы ғана қазақ тілінде жұмыс істейді. Жамбыл облысында 21% -ы орыс тілді БАҚ, 23%-ы қазақ тілінде және 56%-ы екі тілде жұмыс істейді. Алматы қаласында 19%-ы қазақ тілді, 46%-ы орыс тілді, 35 %-екі және одан да көп тілде шығарылады.

Деректерді талдау    БАҚ-тың ең кеңінен таралған түрі – баспасөзді тұтынатын және бір дәлелдеген.  Бұған жарнама берушілердің өзге бұқаралық ақпарат құралдарына қарағанда, баспасөзді жиі таңдайтынын қосыңыз. Олай болса, баспасөздің әлі де тынысы – кең.

Әрине, нарықтың тенденцияларына ешкімнің қарсы тұра алмайтыны  аян. Дей тұрғанымен, тасқа түскен, қағазға басылған тарих, вирус түссе, быт-шыты шығып, жоғалып, із-түзсіз кететін ақпараттық технологияның  файлы емес. Талай тарих осы баспасөз арқылы теріліп, тергеліп, жазылып жатқанда, газетті мезгілінен бұрын жер жастандыру ешкімге де опа бермесі анық.

Негізі, заман талабына сай газет пәни құстай қайта түлеріне дау жоқ…

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button