Аймақ

Гүлшат гүлденіп келеді

2021 жылдың 25 шілдесінде Қазақстан тарихында алғаш рет ауыл әкімдерін тікелей сайлау өткен болатын. Тұрғындар өз таңдауын жасап, үздік үміткерді қолдады. Соның бірі – Расул Қасенхан. Ол Балқаш қаласына қарасты Гүлшат кентінің әкімі болып 27 жасында сайланды.

Сол уақыттағы ақпаратқа сүйенсек, №206 учаскелік сайлау комиссиясының Балқаш қаласының кенті әкімін сайлау нәтижелері хаттамасы негізінде сайлау қорытындысында анық көрсетілген. Аталған сайлау округі бойынша сайлаушылар тізіміне 234 азамат енгізілген, оның 194-і дауыс беруге қатысқан. Жарамсыз болған бюллетеньдер жоқ. «Барлығына қарсы» – 2 адам болған. Әрбір кандидатқа берілген дауыс саны бойынша ашық ақпарат берілген. Мәселен, үміткерлер А.Ахметов – 28, Н.Кокобаев – 4, Р.Қасенхан – 124, С.Молдабеков – 36 дауыс жинаған екен.

– Өзім қалада туып-өссем де, ауылда жұмыс істеймін деп шештім. Қазір Балқаш қаласына қарасты Гүлшат кентінің және Шұбартүбек ауылының әкімі қызметін атқарып жүрмін. Мен үшін, бұл – үлкен тәжірибе.

Осыдан елу жыл бұрын біздің ауыл Балқаш өңіріндегі ең жасыл ауылдардың бірі болған. Уақыт өте келе талдар да қалмады. Қазір сол олқылықтың орнын толтыруды қолға алдық. «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС, жергілікті азаматтардың демеушілігімен ауылда 1 000-ға жуық ағаш отырғызылды. Жергілікті бюджет есебінен суару жұмыстары қолға алынды. Балалар жылы аясында бюджет есебінен ауылымызда типтік үлгідегі балалар алаңы салынды. Тұрғындарға жеңіл атлетикамен айналысуға мүмкіндік беретін спорт алаңы ашылды. Сондай-ақ, ауылда бейіттерді қоршау, тазалық мәдениетін қалыптастыру мақсатында қаладағыдай қоқыс жәшіктері қойылды. Ауылдың 1 шақырым жолын тегін жөндету үшін «СинеМидасСтрой» түрік компаниясымен келіссөз жүргіздім. Компания әлеуметтік көмек көрсетуге келісті. Сонымен қатар, «Тастемір» компаниясы демеушілік етіп, орталық алаңның жолын жөндеуге келісті, – дейді Гүлшат кентінің әкімі Расул Қасенхан.

Жалынды жасқа дауыс беріп, қолдау танытқан Гүлшат кентінің тұрғыны Жақсылық Шоринның айтуынша, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстандағы сайлау туралы» конституциялық заңға өзгерістер енгізгені ауыл әкімдерін жергілікті халық өзі таңдауға жол ашқандығын жеткізді.

– Жұртты біріктіретін, елдік жолында қызмет ететін әкімді халықтың өзі таңдауы ауылымызға оң өзгеріс әкелді. Мен еркін ойлы жастың жаңашылдық әкелетіндігіне сенім білдіріп, дауысымды Расул Қасенханға бердім. Біріншіден, жас маман үшін бұл жақсы тәжірибе, екіншіден, ауылды дамытудың жаңа форматы. Әкім болып келгелі бұл азамат аз жұмыс атқарған жоқ. Оның ішінде, Гүлшат кентіне қарасты Шұбартүбек елді мекені – туристік аймаққа жатады. Балқаш көлінің жағасында орналасқан ауылға келетін туристердің саны жыл сайын артып келеді. Туристердің көбейіп жатқанына қуаныштымыз. Ауыл азаматтары кәсіп ашып, сервистік қызмет көрсетіп жатыр. Туристер көбейген сайын қоқыс мәселесі де күрделеніп келеді. Демалушылар қоқыстарын қалдырып, заңсыз қоқыс алаңдары анықталып жатыр. Сенбі сайын тазалау жұмыстарын жүргізіп, қаладан еріктілерді, компанияларды жұмысқа тартып, жас әкім тиянақы істер атқаруда, – дейді Гүлшат кентінің тұрғыны Жақсылық Шорин.

Нұрдос КӘРІМ,

БАЛҚАШ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button