Басты тақырыпРуханият

Гүлшат: Аңыз бен АҚИҚАТ

Қазақ жерінің атауы қазақ тарихына тікелей байланысты екені белгілі. Мәселен, Гүлшат кенішіне байланысты аңыз әңгімелер көп. Тарихшы Е.БЕКМАХАНОВ «Промышленность и цветная металлургия дореволюционного Казахстана» (1964 ж.) атты кітабында қорғасын кен орнының иесі «купчиха Гүлшат БЕКМЕТЕВА» деп жазады. Бізге жеткен тағы бір аңызда 1884 жылы Балқаш көліне таяу Тарғын тауы етегінде көпес қызының малшылары кен ордасын тапқан екен. Содан бұл жер Гүлшаттың есімімен аталған-мыс.

Аңызға сүйенсек…

Ал, С.Бегалин («Замана белестері». Алматы, «Жазушы», 1975 ж., 368-б.) былай деп жазады: «Біздің Қарқаралы қаласының үлкен байлары Бекметевтер ғой… Балқаш төңірегіне таяу бір таудан кен тауыпты. Сол кен шыққан жердің иесіне ақша беріп, өздеріне қаратып алып, үй салып, жұмысшы жалдап қаздыруға кірісіпті… Сол кезде Бекметевтің бойжеткен қызы Гүлшат медреседе оқыған, хат-шотқа жүйрік екен. Әкесінің есеп-қисабын сол жүргізеді. Сол қыз бірде пәуеске арбасымен Қарқаралыға келіп, бан­кіден жұмысшылардың ақысына төлейтін көп ақша алып қайтады. Қыздың ақша алғанын біліп, бір топ қашқын ұрылар жолын тосады. Қаладан алыста елсіздегі бір құдыққа күн бата келіп, қыз қосы шатыр тігеді. Сол түнеп жатқан жерінде ұрылар қапыда бас салып, мылтық атқызбай айқасады. Ерген жолдастарын орнынан тұрғызбай, қол-­аяқтарын байлап жатқанда қыз ақшаны алып, тұра қашады. Қызды қуған жігіт қолындағы шоқпармен ұрып жібергенде қыз мұрттай ұшады. …Ұры қыз қолынан сумканы тартып алып, қосқа келеді. …Ұрылар қолдарына ақша ти­ген соң айғақ боларлық жолаушының аттарына тимейді. Тек, жігіттердің біреуін атқа мінгізіп, көзін байлап алып кетіп, Бектауатаға барғанда босатады. Өздері таудың бір қуысына кіріп, жоқ болады. Міне, осыдан соң өліп қалған қызды жатқан жерінен қозғамай Қарқаралыға шапқыншы жіберіп, әкесіне хабарлайды. Содан қыз әкесі ұлықтардан өтініп, кенге қызының атын қойғызыпты» деген аңыз бар».

Мұрағат құжаттары, өлкетанушылар және Бекметев ұрпақтары не дейді?

Қарқаралы қаласында атақты татар Хамидулла Бекметев (мұрағатта Бекметев Халиулла Хамитович) тұрған. Ол Қарқаралының аса беделді, зиялы адамдарының бірі, көпес, кәсіпкер болған. Өлкетанушы Ю.Поповтың зерттеуі бойынша Х.Бекметов Балқаш өңірінен 100-ден аса кен орнын тапқаны жайлы хабарлама тіркелген. («Казахстанская правда», «Привез купец огонь священный», 2007 ж.). Бекметевтың әйелі Далиля Кенжеқаринова-Бекметева – қазақ, Қарқаралы уезі, Берікқара болысы байының қызы, руы – Арғын-Қаракесек. Халиулла екеуінің шаңырағында он бір бала туған ана. Бір кереметі Далиля отбасы, ошақ қасының әйелі болмаған. Оқыған, ер мінезді, денелі, адуындылау әйел болса керек. Күйеуімен бірге дала кезіп, кен орындарын ашу ісіне араласқан, сауда жүргізген.

1884 жылы Далиля Кенжеқарақызы, аяғы ауыр болса керек, Ташкентке саудаға мал айдатып, Тарғыл тауы етегінде қонады. Малшылары тасты жинап, от жаққанда қызған тастардан жылтырап сұйық зат ағады. Суытып көргенде қорғасын екенін танып, Далиляға көрсетеді. Осындай біраз тастарды жинап, пәуескесіне тиеп алған Далиля зертханаға жеткізіп, кен ордасы ашылғаны белгілі болады. Кешікпей 1884 жылы 17 нау­рызда Бекметевтер отбасында Гүлшат атты қыз туады. Бекметевтер жаңа табылған кен ордасына осы қызының атын береді. 1885 жылы кен ордасы «Гүлшат» деген атаумен тіркелген. Қазақстан картасында және тарихымызда қыздың аты сақталып келеді. Бұл туралы «Каныш Сатпаев» энциклопедиясының 168-169-беттерінде «Гульшатский серебро-свинец и горючую серу содержащий прииск, принедлежащий жене купца Х.Х.Бекметева Далиле Кенжекариновой-Бекметевой, открытый в урочище Джеты-Кунур Муянтинской волости Каркаралинского уезда Семипалатинской области примерно в 250 верстах от г. Каркаралинска. Заявлен 29 мая 1884 года Д.Кенжекариновой-Бекметевой. Утвержден для разработки 5 октября 1885 года. Прииск назван в честь дочери – Гулшат (17.03.1884 г., г.Каркаралинск – 14.07.1899 г.)» деп көрсетілген.

Далиляның атына 1885 жылдың 5 қазанында осы маңдағы Бахирев кеніші де тіркелген. Құрамында күміс-қорғасын және мыс бар Балқаш болысы Үлкен Қоңырат жеріндегі Махмұт кен орны да 1885 жылы 5 қазанда Далиля Кенжеқаринованың өтінішімен тіркелген. 1885 жылы 19 қазанда Томск тау-кен басқармасы Далиляға барлау жұмысын жалғастыруға рұхсат куәлігін берген. Тіпті, Далиля Кенжеқарақызы атындағы көмірлі кеніштер тіркелгенін мұрағат құжаттары дәлелдейді. «Далиля Кенжеқарақызын кен барлау ісіне араласқан тұңғыш қазақ қызы» деуге толық негіз бар.

Енді, Гүлшат Халиуллақызы Бекметеваның тағдырына келсек, аянышты. Медреседе білім алып, 14 жасынан әкесіне сүйеу болған, Гүлшат кенішінің есеп-қисабын жүргізген. Бірақ, 1899 жылы 14 шілдеде зауыт жұмысшыларының еңбекақысын қорғаймын деп, жау қолынан қаза тапқаны анық. Гүлшат Қарқаралыда жерленгенін анықтап, мазарын тапқан – қарқаралылық өлкетанушы Ерлан Мұстафин.

БЕКМЕТЕВТЕР ӘУЛЕТІ

Бекметев Халиулла Хамитович (1829-6.05.1905) – Қарқаралының 72 ірі көпестерінің, құрметті адамдарының бірі, тау-кен өндірісімен айналысқан, меценат. Ол Қоянды жәрмеңкесі комитетінің мүшесі, Ресей, Қытайға сауда керуендерін жіберуде аты шыққан іскер адам. Қарқаралыдағы ХІХ ғасыр ескерткішіне жататын Бекметевтің үйі осы күнге дейін сәулетімен ерекше қалпында тұр. Бұл үйде 9 жасар Әлихан Бөкейхан жатып оқыған. Кейін Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ә.Ермеков, Ж.Ақбаев сынды алаш арыстары бас қосқан жомарт шаңырақ. Бұл үйде Абай да жиі болған. Халиулланың төртінші әйелі Ғайни Шонбайқызы – Тобықты, Құнанбайдың туысы болып келеді. Бекметевтар отбасы қазақтармен туыстық қатынаста, бірін-бірі қадірлеген жандар болған. Бәйбішесі татар қызынан туған ұлы Мұхамедқасым қазақ болысы Мұхаметшенің Зылиха атты қызына үйленген. Далилядан туған ұлы Мұхамед-Асаттың қызы Дильнуз белгілі мемлекет қайраткері, жазушы Шәріп Өтеповтің жұбайы. Халиулла Хамитович пен Далилядан туған он бір баланың ең белсендісі – Мұхамед-Махсұт Бекметев. Ол атақты 1905 жылғы Қарқаралы петициясы авторларының бірі, Ә.Бөкейхановтың жақтасы. Х.Бекметевтің қызы Гүлбахор – Жақып Ақбаевтың жұбайы. Бекметевтің ұрпақтары – Қазақстанға белгілі азаматтар. Халиулла мен Далиляның шөбересі Жамиля Камалқызы Бекметева Алматыда тұрады, мемлекеттік қызмет ардагері.

Гүлшат кеніші – ел игілігі

Аты аңызға айналған Гүлшат кеніші – ХІХ-ХХ ғасыр аралығында қолдан қолға өтсе де, халық игілігіне пайдасы тиген киелі жер. Бекметевтер кенішті ұзақ уақыт ұстай алмай, 1887 жылы семейлік кәсіпкер А.Деровке сатқан. Әрине, бұл өлкенің шалғай жатқаны, тарихи, табиғи жағдайының қиындығы себеп болған. 1899-1914 жылдары кеніш Воскресенск тау-кен қоғамына қарады. 1914-1919 жылдары «Серебро-свинец» ағылшын акционерлік қоғамының иелігінде болды. 1920 жылы Кеңес үкіметі қолға алып, барлау жұмысын жүрді. Тек, 1951 жылы ғана КСРО Түсті металдар министрлігі «Свинецразведка» тресі Тарғыл тауының іргесіне Гүлшат кенішін ұйымдастырып, бағалады. Лай­ықты мекен-жай сала бастады. Бірінші директоры – Б.Орловский. 1957 жылы 11 қаңтарда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Жар­лығымен Гүлшат кеніші Гүлшат жұмысшы поселкесі болып құрылды. 1957 жылы 10 наурызда алғашқы сайлауда жергілікті жер депутаттары сайланып, 12 наурыз күні поселкелік Кеңес жұмысын бастады. 2462 тұрғыны, оның 753-і – жұмысшылар, 76-сы – қызметкерлер болды. 62 ағаш үй, 155 тас үйлер тұрғызылды. Мектеп, пошта, клуб, кинотеатр, балабақша, монша, асхана, сауда орындары, наубайхана, су беру желісі жұмыс істеді. Балқашпен телефон байланысы, электр жүйесі орнатылған айтарлықтай жайлы мекен еді. Құжаттарда ежелден орысша «Гульшад» атауы 1997 жылы 3 қарашадан бастап Мемлекеттік онамастикалық комиссияның шешімімен «Гүлшат» деп түзетілді. Бірақ, заман ағымымен қазір Гүлшат әкімшілік жағынан – Балқашқа, жері – Ақтоғайға қарайды. Алты жүздей тұрғыны мал өсірумен, балық аулаумен және көкөніс егумен шұғылданады. Болашақта демалыс аймағына айналады деген бағыт бар.

Гүлшат жайлы мен жазған деректер «Каныш Сатпаев» энциклопедиясының» 173-бетінде басылған. Сөз соңында айтарым, Гүлшат тарихы ел аузында, көптеген аңыз әңгімелерде сақталып келеді. Ақиқаты – кенішті тауып, тиісті орынға тіркетіп, иеленген – қазақ қызы Далиля Кенжеқарақызы Бекметева, кеніштің атауы – қызы Гүлшат Бекметеваның есіміне байланысты.

Жамиля Бекметева: «Тегіміз татар болғанымен, қазақтың қаны бойымызда, қазақ елінен басқа Отанымыз жоқ. Біздің ата-бабаларымыздың іздері Қарқаралы, Балқаш өңірінде қалды. Олардың еңбектері туралы құжаттар табылды. Әжем Далиля Кенжеқарақызы – Берікқара болысынан, байдың қызы, сом денелі, қараторы, ер мінезді кісі болыпты. Суретін, нағашыларымыздың ұрпақтарын іздеудемін. Ол қазақтан шыққан алғашқы кәсіпкер әйел болғанын құжаттар куәлайды», – дейді.

«Артында бар оңалар» деген осы, ғасыр­лар өтсе де, ата-бабаларымыздың игі істері елеусіз қалмайды. Аңыз бен ақиқаттың ара жігін барынша зерттеп, дұрысын ұрпаққа табыс еткен жөн деп ойлаймын.

К.САРДАРБЕК,

өлкетанушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

РЕДАКЦИЯДАН: Меншікті тілші Әлібек ӘБДІРАШТЫҢ газеттің биылғы 27 наурыздағы санында жарияланған «Аңыз астарлы ақиқат» тақырыбындағы мақаласы осы зерттеу негізінде жазылған.

СУРЕТТЕРДЕ: Қарқаралыдағы Бекметев үйі. Гүлшатқа қойылған құлпы тас.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button