Аймақ

Гүлденсе ауыл…

Биыл «Ауыл – Ел бесігі» жобасы еліміздегі 736 ауылды жарылқауы тиіс. Бұл ауылдарда 1,5 мыңнан астам жоба жүзеге аспақ. Ауылдағы ағайынның өмір сапасын жақсартуды көздейтін аталған бағдарлама Қарағанды облысында да жалғасады. Қоян жылы тізімге аймағымыздан 32 ауыл еніп отыр.

Биылғы 1 қаңтарда елімізде 6295 ауылдық елді мекен бары анықталды. Бұл жерлерде 7,5 миллион адам тұрады.

«Ауыл – Ел бесігі» 2019 жылдан бастап іске қосылды. Жобаның мақсаты – ауылдық аумақтарды дамыту екені белгілі. Жоба аясында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік игіліктердің қолжетімділігін қамтамасыз ету, ауыл тұрғындары үшін жайлы өмір сүру ортасын құру жөніндегі шаралар іске асырылып келеді.

Ұлттық экономика министрінің орынбасары Бауыржан Омарбековтің сөзіне сенсек, 2019-2022 жылдары жобаға 326 млрд. теңге бөлінді. Үш жылда 3,7 мыңнан астам жоба сәтімен мәреге жетті.

Алдымен, елді мекендердің жалпы санынан даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауыл іріктелді. Аталған ауылдарда ауылдық жер тұрғындарының 90 пайызы тұрады. Оның ішінде, 1,2 мың тірек ауыл және сол ауылдар айналасындағы 2,3 мың спутниктік ауылдар бар. Жобаларды қаржыландыру, негізінен, республикалық бюджеттен жүргізілді.

Өңірлік стандарттар жүйесі көрсеткендей, атқарылған жұмыс нәтижесінде, 2021 жылы ауылдардағы тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының қолжетімділігі орта есеппен 64 пайызды құрады. Тарқатып айтқанда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бойынша – 334 жоба, әлеуметтік инфрақұрылым бойынша – 1200 жоба және көлік инфрақұрылымы бойынша 2200 жоба жүзеге асты. Соңғы жылдары барлығы 1031 ауыл тұрғыны дәуір игілігіне қол жеткізді.

Бүгінде жобаға кірген ауылдарда қажет инфрақұрылымды тұрғызу жұмыстары қарқынмен жалғасуда.

– Ауылдық елді мекендердің дамуына жүргізілген талдау көрсеткендей, ауылдардың 78 пайызы – сумен жабдықтау қызметтерімен, 77 пайызы интернетпен қамтамасыз етілген. Жергілікті маңызы бар жолдардың 90 пайызы – нормативтік жағдайда. Сондай-ақ, ауылдардың 82,6 пайызында – денсаулық сақтау объектілері, 81 пайызында – білім беру объектілері, 59 пайызында спорт және мәдениет объектілері жұмыс істеп тұр, – дейді Бауыржан Бақытұлы.

Биыл жобаға 143 млрд. теңге бөлінді. 736 ауылда 1,5 мыңнан астам жоба қолға алынады. Бұдан бөлек, 2023 жылғы республикалық бюджетті нақтылау шеңберінде қосымша 55 млрд. теңге бөлу жоспарлануда. Қомақты қаржы 120-дан астам тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, 275 әлеуметтік инфрақұрылым және 1,3 мың көлік инфрақұрылымы жобасына жұмсалады.

Кешенді шаралар нәтижесінде, 2027 жылға қарай табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен ауыл халқының үлесі 6,5 пайызды құрайды деп күтілуде. Ауылдар сумен 100 пайыз қамтылады. Ал, интернет желісінің қолжетімділігі 97 пайызға жетеді. 650-ге жуық мәдениет объектісі және 100 спорт ғимараты салынады.

Ал, Қарағанды облысында жоба шеңберінде даму әлеуеті бар 160 ауыл белгіленді. Атап айтқанда, 137 746 тұрғыны бар 68 тірек ауыл және 52 153 адам тұратын 92 спутниктік ауыл таңдалды. Яғни, облыстағы ауыл халқының 89 пайыздан астамы өмір сүреді.

– Былтыр жоба бойынша 21 ауылдық елді мекен қамтылды. Бұл ауылдарда 58478 адам немесе ауыл халқының 28 пайызы тұрады. Барлығы 42 жоба іске асырылды. 4,3 млрд. теңгеге қаржы ел игілігіне жаратылды. Биыл 32 ауылдық елді мекен енді, – дейді облыстың экономика басқармасының басшысы Татьяна Аблаева.

32 ауылдағы халық саны – 43924 адам. Басқарма басшысының айтуынша, бұл ағайын құны 5,5 млрд. теңге болатын 33 жобаның шарапатын жыл соңына дейін көреді.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button