Басты тақырып

ЕВНЕЙ ҚАТЫСҚАН «ЭКСПО»

   Иә, осыдан тура жарты ғасыр бұрын, яғни 1967 жылы Канаданың Монреаль қаласында өткен «ЭКСПО-ға» КСРО делегациясының құрамында біздің мақтан ететін ғалымымыз, сол кезде Қазақ КСР Ғылым академиясының Қарағанды қаласындағы Химия-металлургия институтының директоры, техника ғылымдарының докторы Евней Арыстанұлы Бөкетов те қатысқан екен.

Бір жазбалардан Евней Арыстан­ұлының Канаданың Монреаль қаласында өткен «ЭКСПО»-ға қатысқандығын оқып, материалдың өзімен таныспақ болған едім. Бірақ ғалымның жинақтарының ешқайсысынан кезікпеді. Ақыры осы жолжазбамен жуырда облыстық архивте бір құжаттарды ақтарып отырып кез болдым. Сол жылы жазылған жолжазба «Канада көріністері» деген атпен облыстық мемлекеттік архивте (1484-қор, 1-тізбе, іс-21а) сақтаулы екен. Жолжазба біздің облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде екі рет – 1967 жылы 15 қыркүйекте және 2013 жылы 12 және 14 желтоқсан күнгі сандарында жария болыпты. Ол кездерде мән бере қоймаппыз. Сөйтсек, бұл «ЭКСПО» сапары екен ғой.

Ол өзінің жолжазбасын социалистік өмір құра бастағанда туып, капиталистік өмірді көрмей өскендігін, тірі капиталистік елге барып көрі деген миллион жылдар бұрын өлген ихтиозавр мен мамонтты тірідей көрген сияқты таңсық екенінен бастайды. Капиталистік елдердің ішінде АҚШ-тан кейінгі екінші орындағы бай ел деп есептелетін еске салады. Зердаелі ғалым «Жерінің кеңдігіне қарамастан онда жиырма миллион ғана халық тұрады. Халқының аздығына қарамастан АҚШ-тан кейінгі мысты, алюминийді көп қорытатын осы Канада, уран кенін көптеп шығаратын осы Канада, бидайды көп сататын осы Канада», – деп осы елмен жан-жақты таныс екендігін байқата келе, миллионерлердің қанауына, ұлтшылдарды езуі мен тепкісіне шыдамай ереуіл жасап жатқан негрлердің жоқ екендігін атап өтеді. Сонымен қоса, капиталистік дүниенің кешегі өткен өмір екендігін, оның кем дегенде елу жыл артта қалғандығын ойға салады. Олардың тұрмысы, дүниеге көзқарасы, қарым-қатынасы, ішкі сыры өзгерген жоқ – бұл біздің кешегіміз екендігін ескертеді. Сөйтеді де, өзін-өзі сабырға шақырып, не де болса бара көруге бекінеді.

Мен бұл жерде Евней Арыстан­­­ұлының елу жыл бұрын жазған жолжазбасын мазмұндап беруді емес, он бес одақтас республикалар ішінен біздің жерлесіміз, ғұлама ғалым Евней Арыстанұлы Бөкетовтің де барып, Монреальдағы Дүниежүзілі «ЭКСПО-ға» қатысуын мақтан ете отырып, сол кездегі Советтік сенім мен қазіргі егемен ел жағдайындағы түсініктің екі басқа екендігіне назар аудартуды мақсат еттім. Ғұлама ғалым КСРО адамының өр мінезін көрсетіп, тіпті, КСРО көрмесінің де басқа елдерге таңсық болғандығын мақтаныш сезіммен жазады. «Павильондарда Совет елінің өмірін, тұрмысын, мәдениетін толық елестететін 10 мың экспонат бар екен. Шынында да біздің павильон адамды жақсылыққа жігерлендіруге, сәулетті болашаққа беттеуге, өз тағдырына өзі ие болуына шақыруға арналған павильон… Көрмені ұйымдастырған адамдардың алдына қойған мақсаты тамаша-ақ. Ол «Жер адамның игілігі үшін» екенін дәлелдеп көрсету. Совет павильоны осы ізгі міндетті мұқият берік ұстаған», – деп марқаяды.

Франция павильонында мұхиттың жағалауындағы толқынның күшін электр тогына айналдыратын 240 мың киловаттық «Ранс» станциясы макетінің көңілге қонымды екенін жазады. Бұл елдердің техникалық жетістіктерін көрсетуде бір өзгешеліктер бар екенін, адам факторын кейін ысырып қойып, оның техниканың техника үшін, өндірістің өндіріс үшін ғана жасалып жатқан сияқты екендігін шенейді. «Канада жасаған «Прогресс» павильонында: «Адамның барлық мақсаты ақша үнемдеу болуы керек» деп дәріптейтін көрінеді. Не айтарсыз бұған?!», – деген жолдар бар.

АҚШ павильонында көрген «қызықтарын» былай суреттейді: «Шардың ішін көруге асықтық. Жіңішке, бір-ақ кісі сиятын эскалатормен ең биігіне шықтық. Обалы не керек, космос зерттеу жөніндегі АҚШ-тың жетістіктері айтарлықтай-ақ. Жасанды спутниктер мен АҚШ космонавтары ұшқан кемелерді көрдік, айдың бетіне адам жіберудің 1970 жылға меңзелген жобасын көрдік. Енді төмен түсе мүлде басқа дүниеге шомып кеткен сияқты болдық. Кино көрсетіп жатыр: сүйісу мен атысу, атысу мен сүйісу. Бір жақ толы киноартист әйелдердің суреті… Енді бір жерде атышулы артист-әйелдердің картоннан қиған бейнелері ілініпті. Абыройлары әзер жабулы».

Төмен түскен соңғы көріністер бағанағы космос әсерлерін мүлдем ұмыттырып жіберердей болғанына қынжылады. «Жобасы, павильонның өзі де соны мақсат еткен сияқты. Диаметрі 80 метр шардың іші бос деуге болады. Мүлдем көңіліміз қалып шықтық».

Ғұлама ғалымның капиталистік дүниенің осындай көріністеріне көңілі толмайды. Әлемнің 62 елінен келіп, көрмелерін орнатқан екен. Солардың ішінде тек социалистік елдердің көрмелері туралы ғана оң пікірде. Осылардың барлығы советтік идеологиямен тәрбиеленген адамның көзқарасы екендігін анық байқатады. Ғалым ретінде және жазушы ретінде Канададағы кітап дүкендеріне де бас сұққан. Бірақ, онда да кітап мұқабасындағы жалаңаш әйелдердің суреттерін көрген Евней Арыстанұлы кітапқа құмартқан адамның өз іздегенін табатындығын айта келіп, пәк жолдан шық деп тұрған мұндай суреттердің арасынан жігері жетіп, аман өтудің қиындығы туралы ой тастайды.

Әрине, жарты ғасыр бұрынғы «ЭКСПО-мен» Астанадағы «ЭКСПО-ны» салыстыру мүлде қисынсыз болар. Оның айырмашылығы қаншалықты екендігін болжамдауды оқырманның өз төрелігіне қалдырдық. Ол үшін Евней Арыстан­ұлының жолжазбасын мұқият оқып шығу қажет. Қазіргі экономикамыздың қарыштап дамып, Алдыңғы қатарлы отыз елдің қатарынан орын алуға талпынып жатқан шақта «ЭКСПО» өткізу құқығына ие болуымыздың өзі зор мақтаныш. Бұл жолғы тақырып «Болашақтың энергиясы» болғандықтан, осы салада жаңа шешімдер мен жаңа ашылымдарға қол жеткізеріміз сөзсіз.

 

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button