Жаңалықтар

Еуропаға «Ертіс» барады

     Биылғы маусымдағы соңғы ойынды қарағандылық «Шахтер» керекулік «Ертіспен» өткізді. Осы матчта Еуропа Лигасының жолдамасы бәске тігілді. Сондықтан, қарсыластар үшін бұл кездесу аса маңызды еді.

Тоқсан минут бойы қос тарап та бір-бірінің қақпасына доп тоғыта алмады. Негізгі уақыт аяқталғанда таблодағы есеп 0:0-ді көрсетіп тұрды. Төреші қосымша минуттар қосып берді. Үстеме уақытта «Ертістің» жұлдызы жанды. Керекулік клуб сапындағы португалдық легионер Карлос Фонсека Шацкий қорғаған «Шахтер» қақпасын дәл көздеді. 1:0. Сөйтіп, «Ертіс» турнир кестесінің 4-ші сатысына көтеріліп, Еуропа Лигасында ел намысын қорғау мүмкіндігіне ие болды. Ал, «Шахтер» 40 ұпаймен 7-ші сатыға сырғыды. Келесі маусымда да лигада өнер көрсетеді.

Сонымен, футболдан ел чемпионаты мәреге жетті. Қар көбесі сөгіле басталған доданың нүктесі жексенбі күні қойылды. «Астана» – биылғы ел чемпионы (79 ұпай). Бұйыртса, елордалық клуб Чемпиондар Лигасында кіл мықтылармен бәсекеге түседі. Мәре сызығын «Астанамен» құйрық тістесе кескен алматылық «Қайратта» – 78 ұпай. Үздіктер көшін шымкенттік «Ордабасы» 58 ұпаймен тұйықтады. Бұл екі команда «Ертіспен» бірге Еуропа Лигасында ойнайды.

Премьер-Лига аламанында 11-12-ші орындарды иеленген «Тараз» бен көкшетаулық «Оқжетпес» бірінші лигаға ауысты. Келесі маусымдағы олардың орнын талдықорғандық «Жетісу» мен қызылжарлық «Қызыл-Жар СК» басты. Турнирді 10-шы сатыда аяқтаған оралдық «Ақжайық» бірінші лигада 3-ші орынды еншілеген «Мақтаарал» клубымен кездеседі. Жеңгені Премьер-Лига бәйгесіне араласса, жеңілгені бірінші лигада доп тебетін болады.

Орны Клуб атауы Ойындар саны Ұтқаны Тең түскені Ұтылғаны Доп айырмашылығы Ұпай
1 «Астана» 33 25 4 4 74-21 79
2 «Қайрат» 33 23 9 1 75-28 78
3 «Ордабасы» 33 18 4 11 44-37 58
4 «Ертіс» 33 12 12 9 35-32 48
5 «Тобыл» 33 12 11 10 36-26 47
6 «Қайсар» 33 11 9 13 30-36 42
7 «ШАХТЕР» 33 12 4 17 36-50 40
8 «Атырау» 33 10 8 15 34-54 35
9 «Ақтөбе» 33 8 9 16 38-46 33
10 «Ақжайық» 33 7 9 17 29-47 30
11 «Тараз» 33 8 8 17 29-50 26
12 «Оқжетпес» 33 7 3 23 28-61 24

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button