Жаңалықтар

Естір «құлақ» ескерді

Қай тілде, қай мектепте оқитынын бала мен ата-анасы шешеді. Бұл – олардың Конституциялық құқығы. Оған ешкім де қол сұға алмайды. Бірақ, олар қай тілде, қай мектепте оқимын десе, таңдау болуы тиіс қой. Мәселен, Қарқаралы қаласындағы №2 Әлімхан Ермеков атындағы орыс мектебі биылдан қазақ сыныптарын ашуға ынталы. Әрине, ата-аналардың ұсынысымен.

Білім ошағы 1969 жылы алғаш қолданысқа беріліп, орыс мектебі ретінде бала оқыта бастады. Осы жылдар аралығында шәкірттеріне тиісті деңгейде білім беріп, елеулі жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Жыл сайын ҰБТ-дан жоғары нәтиже көрсетуде. Үздік оқушылар тәрбиелеп, сапалы білім деңгейін көрсетуде. Алайда, қала тұрғындары осыдан екі жыл бұрын қазақ балалары алғаш өз ана тілінде әліпбиін тануы керек деген мәселе көтерген болатын.

– Орыс мектебі үйдің іргесінде. Үйдегілер кішкентай немеремді орыс мектебіне бере салайық деді. Әжесі – орыс мектебін бітірген әрі орыс тілі пәнінің мұғалімі. Ал, менің ұстанымым бойынша ол қазақ болғаннан кейін қазақша оқу керек. Адам өз тілінен неге жерінуі керек? Қала басында О.Жәутіков атындағы №1 және М.Бәпиұлы атындағы №44 мектеп қазақ тілінде білім береді. Немеремді №44 мектепке бердім. Қазір 8 сыныпта оқиды. Ерінбей апарып, алып келіп жүрдім. Оның алдында кенже баламды да қазақ мектебіне тасып жүрдім, – дейді осы бастаманы алғаш көтерген Қазақ ССР-нің оқу ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз Мейірхан Қасымжанов.

Аудан әкімінің қала халқымен есепті кездесуінде осы бастаманы көтерген Мейірхан Қасымжановқа қарсылық білдіргендердің қарасы қалың болды. Орынды пікірді қолдамаған да өзіміздің қазақтар еді. Аудан басшылығы «жұмысы көп» деп сылтауратты.

– Өкінішке қарай, көптеген ата-аналар ескі сарынмен кетіп қалған. Орыс тілін білмесең, нан тауып жей алмайсың, адам болмайсың дейді. «Нан жеу үшін өмір сүрмеу керек, өмір сүру үшін нан жеу керек» деп үнемі айтып жүремін. «Орыс тілін оқысаң да нан жейсің, қытай тілін оқысаң одан да көп нан жейсің. Солай екен деп баба тілін, ана тілін, салт-дәстүр, ұлттық құндылықты сатып, нан жеу керек пе?» деп қатты айтқан кездерім де болды, – дейді зейнеткер ұстаз.

Жалпы, қала басындағы үш мектепте 1715 оқушы білім алуда. Оның ішінде №1 орта мектепте қазақ тілді оқушылар білім алады. №44 орта мектептегі 300 оқушының арасында 1 татар, 2 өзбек ұлтының баласы да қатарластарынан қалыспай, мемлекеттік тілде білім алуда. Ал, №2 орта мектептегі 593 оқушы орыс тілінде білім алады. Оның 68-і өзге ұлт өкілдері. 43 оқушы – орыс, 5-еуі украин, 6-уы татар, 6 – неміс, 3 – шешен, 2 – тәжік, 1 – поляк, 2 башқұрт ұлтының өкілдері. Қай мектепте, қай тілде оқу керектігін ата-ана мен бала таңдауға әбден құқылы. Дегенмен, ұлттық құндылықты ескеру, ана тілге құрмет көрсету деген мәселе де жоқ емес.

Бұл мәселенің көтерілгеніне біраз уақыт өтсе де, жылдар жылнамасында қалып келді. Алайда, биылғы оқу жылынан қазақ сыныбын жасақтау керек деген тұжырымға сай, шаруа қауырт қолға алынды. Осы уақытқа дейін жабулы қазан күйінде қалып, аз ғана уақыттың ішінде қабылданған шешімнің мән-жайын білмек болып аудандық білім бөлімінің бас­шысы Арғын Елеусізовке ха­барлас­тық.

– «Қарқаралы ауданының білім бөлімі» ММ-нің 2023 жылғы 16 нау­рыздағы №64/НҚ бұйрығына сәйкес, қазақ сыныптарына қабылдау басталды. Жарғыда «жал­пы білім беретін» мектеп деп жазылған. «Орыс мектебі» деп еншіленген атауы жоқ. Мектепке 2020 жылы жергілікті бюджеттен 110 млн. теңге бөлініп, күрделі жөндеу жүргізілді. Төбесі жабылып, жылу және электр жүйесі қалпына келтірілді. Дәлізі, спорт және акт залдары жөнделді, – деді білім бөлімінің басшысы.

Сағыныш ӘБІЛ.

Қарқаралы ауданы

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button