АймақҚаражал

Ескерткіш – елдік өлшемі

Қаражал қаласында ұлт тарихындағы азапты кезеңдерді аза тұтатын Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні арманда кеткен арыстарға арналған еңселі ескерткіш-монументтің ашылу рәсімі өткізілді. Осылайша, зар заманда жазықсыз жазалы болып, бастары оққа байланған, атылудан аман қалғандары итжеккенге айдалған боздақтардың рухына елдік өлшем тұрғысынан лайықты құрмет көрсетілді.

Ешқашан естен шықпас қасіретті күндердің елесін еске салып, тұрақтылық пен мамыражай тірліктің құндылығын бағамдауға үндеп тұратын монументтің ашылуына орай өткен жиынға қаладағы құзыретті мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерімен қоса, қалың бұқара қауым қатысты. Олардың ортасында зобалаң құрбандары мен абақ-
тыға қамалып, азап шеккен адамдардың ұрпақтары, туысқандары – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жанайдар Сәдуақасұлының қарындасы, Қаражал қаласының Құрметті азаматы, Қазақ ССР оқу ісінің үздігі Оңал Шайхина, зобалаңда арыстай қос ағасынан айрылған Қаражал дзюдо спорт мектебінің негізін қалаушы тұлға, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Дзюдо тарланы» төсбелгісінің иегері, спорт шебері Дүйсен Тәжікеев және басқалары болды.
– Құрбандар рухына бас ие отырып, біз халқымыздың шерлі шежіресіндегі қаралы шақты есімізге аламыз, ата-бабаларымыз басынан өткерген ауыртпалық салмағын сана сүзгісінен өткіземіз. Кесапатты кезең біздің дархан дала төсінде мыңдаған жылдар бойы көшпелі ғұмыр кешіп, даналығы мен пейілінің кеңдігі үндескен адамдардың ізбасарларының жүрегіне жазылмас жара салды. Сол күндердің жаңғырығы күні бүгінге дейін жадымызда. Боздақтардың есімдерін есте ұстау – қастерлі парыз. Бүгін қала орталығында бой көтерген монумент – тұрғындар тілегінің өтеуі, бейнелеп айтсақ, елдік өлшемнің көрінісі, – деді қала әкімі, «Нұр Отан» партиясы Қаражал қалалық филиалының төрағасы Тілектес Досаев өзінің жүрекжарды лебізінде.
Көпшілікке саяси қуғын-сүргін құрбандарының туысқандары және ұрпақтарының атынан сөз арнаған Дүйсен Тәжікейұлы мен Дина Сыздыққызы тебірене ой толғап, қалың елдің қапысыз қошеметімен еңселі ескерткіштің шымылдығын түсірді.
Мағыналы мақаммен оқылған ақын Естеу Нүсіпбековтің «Қуғын-сүргін құрбандары» атты өлеңі халықтың көңіл толқынысын еселей түсті. Өмірден өксіп өткендердің рухына құрмет белгісі ретінде жаңадан бой көтерген монументті қала басшылығы, құрбандар ұрпақтары және митингке жиналған жалпы қауым гүл шоқтарына бөледі.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

ҚАРАЖАЛ қаласы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button