Жаңалықтар

Есімі – мәңгілік

     Қарағандыда ҚазКСРО халық әртісі Зәбира ЖҰБАТОВА тұрған Әлиханов көшесі, 38/2 мекен-жайы бойынша орналасқан үйдің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды. Әнші – Қарағанды облыстық филармониясының бастауында тұрғандардың бірі.

 

Салтанатты шараға әртістің ту­ған-туыстары, мәдениет және өнер қызметкерлері қатысты.

– Мемориалдық тақтаны орнатудағы мақсат – ұрпақ жадында танымал тұлға туралы естелік қалдыру. Біз еліміздің даңқын асқақтатып, халық шығармашылығын дамытқан жандарды білуіміз керек, – деді мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев тақтаның ашылу салтанатында.

Зәбира Жұбатова 1914 жылы Петропавлда дүниеге келген. 1932 жылы өзінің қызмет жолын Қарағанды радиокомитетінде бастаған – қазақ әндерін орындаушы хорда әнші-орындаушы болған. Кейін, 1947 жылы Қарағанды облыстық филармониясының орындаушысы болып, онда зейнеткерлікке шыққанша қызмет еткен. Халық әртісінің еңбек кітапшасында небары екі жазба ғана бар. Меццо-сопрано дауыс иесі Ұлы Отан соғысы жылдары майдандағы концерттік топтардың құрамында өнер көрсеткен.

Ерекше дарын иесінің репертуарында 200-ден астам туынды болды – халық шығармалары, классикалық және қазіргі заманғы шығармалар.

Зәбира Жұбатованың жеке мұра­ғатынан көптеген қазақ әндерінің қолжазбалары табылған. Олар – «Дайдидау», «Алқоңыр», «Бозжорға», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Татьянаның хаты», «Шахтер әні». Сонымен қатар, өзінің қолжазба дәптерлерінде ол түрлі халықтардың әндерін жинаған – татар, армян, румын, қытай, ұйғыр және басқаларының әндері.

Зәбира Жұбатова 1986 жылы өмірден өтті.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button