Ержан БЕКЕТБАЕВ: Қырдың қамы – елде, қамыты – бізде
Ветеринария – ауыл шаруашылығының жүрегі десек, жарасатындай. «Бұл салада орталық пен өңірлер арасында міндеттер мен құзыреттер нақты бөлінуі керек. Мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты. Бұл түптеп келгенде, ауылдағы ағайынның әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Ветеринария қызметі қазіргі заман талабына сай болмаса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Мал дәрігерінің айтар уәжі мен жөн сілтеген нұсқауына тиісінше көңіл бөлінбесе, мұндағы әлеует те әлсірейді. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық инспекция басшысы Ержан Мысырұлымен келелі әңгімеге желі тартып, көзқарас жаңалап алғанды жөн санадық…
– Қадірменді Ержан Мысырұлы, алдымен Сізбен ветеринария саласындағы қазіргі ахуал турасына тоқталсақ деп едік. Бүгінде аймақтағы эпизоотиялық жағдайды қалай бағамдайсыз? Қазақы қалыппен амандық сұрасар болсақ, мал-жан аман ба?
– Аман-есен. Рахмет! Бұл сала үнемі қадағалауды талап етеді. Бастабында мен сізге заң аясында ресми атқарар ісіміз хақында аз-кем баяндап өткенді құп көрудемін. Азырақ «көңілсіз» көрінуі бек мүмкін. Ә, бәлкім, ол да керек дейміз. Сонымен! Негізгі атқаратын қызметіміз Қазақстан Республикасы «Ветеринария туралы» Заңының 3-бабымен айқындалған. Яғни, жануарларды түрлі ауру атаулысынан қорғау мен емдеу, халықтың денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан сақтандыру, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қажетті препараттардың, жемшөп пен түрлі қоспалар қауіпсіздігі мен сапасын бақылау, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің құралдары мен әдістерін әзірлеу және пайдалану, аталған салада кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларды даярлау және олардың біліктілігін арттыруға келіп саяды.
Ал, облыстағы эпизоотиялық ахуал тұрақты деп бағамдарлық. Бүгінде өңір аумағында жылқының эпизоотиялық лимфангит ауруы бойынша 2 қолайсыз ошағында сауықтыру жұмыстары жүргізілуде. Былтыр қолайсыз ошақ саны көбірек болған еді…
Осы тұста отандық биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты лимфангит сынды жазылмас дертке қарсы вакцина әзірлеуде. Қазір эксперименталды сынама жұмыстары мен тіркеу рәсімдері іске асуда. Бұл – тұтас ветеринария саласы үшін айтулы жаңалық!
– Сарыарқаның сайын даласында қоздырғыш вирусты төрт түлік аурулары бар дегенге әсте сенгіміз келмей тұрғаны…
– Мына нәрсені ескерген абзал. Өңір тоғыз жолдың торабында орналасқан. Транзиттік орталық болған соң шығыспен де, батыспен де тасымал әлеуеті артқан сайын бұдан ада қалмайтынымызды мойындап қойғанымыз әрі сақ болғанымыз алдымен өзімізге пайдалы. Иә, әредік ірі қара малдан туберкулез, бруцеллез, құтыру, қарасан, сібір жарасы сынды кесел түрлері кезігіп жатса, үй құстарынан ньюкасл дерті анықталып жатады. Біз тізбектеген аурудың атынан қорқып әсте керек емес. Бастысы, дер шағында анықтап, көзін жою. Аса қауіпті кесел ошақтарында өткен жылы 217 бас жануар мен 263,1 келі жануар өнімдері жойылып, мал иелеріне республикалық бюджеттен өтемақы өтелді.
– Мұнда қарым-қатынас ауаны қалай өрбиді? Қарап отырсақ, шетін мәселелердің шеті оқтын-оқтын көрініп жататындай…
– Біздің басты міндет – бақылау және қадағалау. Оқыс оқиға тіркелсе, төрт түлік иесіне ескерту. Білесіз бе, қызмет бабында мал иесімен қарым-қатынас барысында әлдебір редукционизмге тап болып жатамыз. Яғни, «малым өлсе, өтемін үкімет төлейді» деген біржақты негізсіз көзқарас ұстанғысы келетін кісі қарасы көбеймесе, азаймады. Ал, шындап келгенде, бағымындағы малына иесінің өзі тікелей жауапты! Осыны ойдың да, қырдың да шаруасы ұмытпаса керек-ті. Ал, «ұмытқан» болса, жауапкершілік арқалайды. Мәселен, бақылау және қадағалау жүргізу нәтижесінде аумақтық инспекция тарапынан, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 406-бабына сәйкес, заңбұзушылықтарға 21 млн. теңгеге 301 айыппұл салынып, 50 ескерту мен 2419 тиісті нұсқама берілді. 2024 жыл басынан 3,3 млн. теңгеге 52 айыппұл салынып, 6 ескерту мен 27 нұсқама берілді. Модерн ғасырында тіршілік етіп жатырмыз. Жақсы тұсы табан астындағы тірлікті есеп-қисап қалыбынан тез-ақ өткіземіз. Кері жағы да бар. Адамдарды әлдебір бойкүйездік дендегендей. «Не болса да, өздігінен шешіле салады» деген кейіптегі көзқарас. Жоқ! Малына да, жанына да алдымен адам өзі жауапты.
– Жануарлар арасында эпизоотияның немесе аурудың өршуінің алдын алу үшін қандай ауқымды шаралар іске асады?
– Біз облыс аумағында жануарлардың денсаулығын мониторингтеу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп, вакцинация және диагностикалық шараларға бақылау жасаймыз. Сондай-ақ, жануарлардың қозғалысын бақылау және сақтық шаралары туралы халықты оқыту – маңызды аспект. Күнделікті жұмысымыз көзге көрінбегенімен, өмірлік мәні жоғары тірлік бұл. Төрт түлікті сырғалау, таңбалау, тізімдеу, жай-күйіне ұдайы бақылау жасау, сандық технологияның кең мүмкіншілігін қыр өміріне бейімдеу, түрлі сырқаттан қорғану шараларын күшейту сынды деңгейлі ілкімді істерді ілгерілетеміз. Жануарлар арасында жұқпалы аурулардың тіркелу себептері көбінесе мал иелері тарапынан ветеринариялық-санитариялық талаптарды және заңмен белгіленген міндеттерінің сақтамауынан туындап жатады. Атап айтқанда, жаңадан туған төлді ветеринариялық ұйымдарға хабарламау, яки, оны бірдейлендіруден өткізбеу. Мал тасымалы (сатып алғаны, не сатқаны) жөнінде уақытылы ветеринар маманға ескертпеу. Кейбір жағдайда ветеринариялық анықтамасыз тасымалдау жайттары анықталуда. Жыл сайынғы Үкімет тарапынан тегін жоспарланған көктемгі-күзгі ветеринариялық профилактикалық шараларды уақытылы жүргізбеу. Жоғарыда айтқандай, аурудың кең таралып кетуіне ауыл шаруашылығы жануарларының иелерінің де кінәсі бар. Егер малдың ауырғанын немесе ауырып өлгенін уақытылы ветеринария саласындағы қызметкерлерге хабарласа, жұқпалы ауру атаулысын уақытылы анықтап, емін жүргізіп, басқа жануарларға таралуының алдын алуға және жылдам сол ауру тіркелген ошақты сауықтыруға болады. Осы бағытта Эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында осы жылға жануарлардың аса қауіпті ауруларының 14 түріне қарсы 7,3 млн. профилактикалық және 15 түрлі ауруға 1,5 млн. биологиялық сынамалар (қан сынамалары, патологиялық материалдар), зерттелу жоспарланды.
– Өңірде мал қорымдарының жай-күйі қалай?
– Еске салғаныңыз жақсы болды. Жалпы, эпизоотиялық ахуалдың тұрақтылығын сақтау мақсатында мал өлекселерін жергілікті атқарушы органдары тарапынан айқындалған арнайы орындарда жойылуы маңызды рөл атқарады. Облыста 105 мал қорымы бар, оның 42-і типтік, 63-і қарапайым. Қосымша 18 инсинератор бар, оның 4-і жылжымалы. Жыл сайын типтік мал қорымдарын күтіп-ұстауға облыстық бюджеттен тиісті қаражат бөлініп отырады.
– Тамаша. Жұмысты сандық форматқа ауыстыру өзекті. Бұл бағытта нендей жаңашылдық бар?
– Үкімет тарапынан бірдейлендіру бағытында цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні мал иелері бірдейленген мал бастарын өздері «ТөртТүлік» мобильді қосымшасы арқылы көре алады. Бұл бағдарламаның ыңғайлы жағы мал иесі ветеринар маманына жүгінбей-ақ, көптеген процедураларды өздігінен іске асыра алады. Соның ішінде, жануарлар санын қарау, жануарлардың төлдері мен импорттық іс-шаралар бойынша тіркеу, жануарларды онлайн сату/сатып алу, өз қажетіне сою себебімен тіркеуден шығару, ветеринариялық паспорт алу, «сырғалар» жоғалған не бүлінген жағдайда оны ауыстыру, ауыл шаруашылығы жануарлары мен иелері туралы мәліметті түзету. Қосымша ауыл шаруашылығы жануарларының базасын кеңейтуге ықпалын тигізеді, әрбір жануарлардың иелері (ШҚ, ЖШС т.б.) өз жануарларына түгендеу жүргізе алады. Сонымен қатар, ветеринар мамандар тарапынан жүргізілген ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралардың уақытылы жүргізілуін бақылай алады. Бағдарламаны «Android Play market» арқылы жүктеп алуға болады. Бағдарламада соңғы салалық жаңалықтар, алдағы егулер туралы қажет мағлұматтар бар. Бүгінгі күнге облыс бойынша бағдарламаға 2 239 мал иелері тіркеліп, өздеріне керекті қызметтерді алуда.
– Келелі әңгіме мен пайдалы ақпарат ұсынғаныңыз үшін рахмет. Сізге және әріптестеріңізге аймақтағы төрт түлік саулығын қадағалаудағы шарапатты істеріңізде сәттілік тілейміз!
– Салаға лайықты назар аударғаныңыз үшін алғыс. Бұқара ақпарат тетігі арқылы соны қадамдарымыз жайлы өзекті мәліметке қалаған сәтінде қол жеткізе алады деген сенім білдіреміз! Ал, біз өз тарапымыздан аймақтағы эпизоотиялық қауіпсіздікті сақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысамыз.
Сұхбаттасқан: Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет ұйымдастырушылардан