Бас тақырып

Ерте жүктіліктің соңы қайда апарады?

Биылғы жылдың төрт айында кәмелеттік жасқа толмаған 75 жеткіншек жүкті болып қалған. Бұл деректі облыстың денсаулық сақтау басқармасы келтіріп отыр. Былтыр мұндай кезде 69 жағдай тіркеліпті. Көбінесе жеткіншектің жүктілігі уақыты жақындаған кезде ғана белгілі болады екен.

– Көбінесе бұл фактілер кеш анықталып жатады, – дейді денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлжан Жиембаева. Әдетте қыздар жүктілігін ата-анасынан жасырады. Іші өскенде ғана мойындайды. Бұл жағдайлардың барлығын біз тіркеп, құқық қорғау органдарына жолдаймыз. Әрқайсымен жұмыс жүргізіледі.

Оның айтуынша, жүкті болып қалған 16-18 жастар қыздар.

Болары болып, бояуы сіңген кезде кінәліні іздей бастайтын біздің қоғам бірінші қыздың өзін, сосын оның ата-анасын алқымынан алады. Ұстаздарын да кінәлайды. Біз бұл жағдайдың орын алу себебін емес, салдарын айтқымыз келеді. Алдын алғымыз келеді.

Ең әуелі жеткіншектің ағзасы бала көтеруге дайын емес екендігін ескеруіміз керек.

– Ерте жүктілік сол кезеңде және босану кезінде асқынуларға алып келуі мүмкін. Қыз бала жас болған сайын оның денсаулығы мен өміріне төнетін қауіп арта түседі. Плацентарлық жеткіліксіздік, түсік тастау, анемия, ерте босану, гипоксия болу ықтималдығы жоғары. Нәресте аз салмақпен дүние келуі мүмкін. Себебі, жеткіншектің ағзасы баланың дұрыс өсіп жетілуін толық қамтамасыз ете алмайды. Жүрек қан-тамырларына, эндокриндік жүйеге, ішкі ағзаларға едәуір салмақ түседі, – дейді №5 емхананың профилактика және әлеуметтік психологиялық көмек бөлімінің меңгерушісі Раиса Боревич.

Мамандарға сүйенсек, мәселенің шешімі – жыныстық сауат. Қыз да, ұл да ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін үйренуі керек дегенді алға тартады. Мектепте, отбасында бұл мәселе айтылуы қажет екенін бәріміз білеміз. Бірақ, балалар ақпаратты көбінесе интернеттен, жолдастарынан алады. Біздің қоғам – ашық қоғам. «Бұл жылы жауып қоятын мәселе емес» деп санайды психолог Меруерт Идрисова.

– Ата-аналар балаларымен жыныстық қатынас туралы әңгімелесуден қашқақтайды, қорқады немесе ұялады. Ал қазір интернетте бәрі бар. Ата-ана баласымен арада әңгіме болса қызығушылық танытып, ұрынып қалар деп ойлайды. Енді бірі бала кезде айту ерте деп есептейді. Сөйтіп жүргенде кеш болып кеткенін аңғармайды. Балаға сеніммен қарап, жауапкершілікті сезіндіру керек, – дейді М.Идрисова.

Оның ойынша, бұл жағдай қыз баланың психикасына да әсер етуі мүмкін.

– Осындай жағдайға тап болған жас қыздар ата-анасына, үлкендерге айтпай, барлығын ішінде сақтайды. Бұл өз кезегінде бірқатар мәселелерге алып келеді. Мәселен, өзіне қол жұмсауы мүмкін. Бұл жерде балаға қолдау қажет. Бірінші кезекте атаанасының қолдауы мен қабылдауы керек, – дейді ол.

Раиса Федоровна түсік жасату да мәселенің шешімі емес екенін айтты.

– Түсік жасату туралы шешімді ата-аналардың көпшілігі қолдайды. Алайда, оның да зияны жетерлік. Жасөспірім кезіндегі түсік жасату көптеген жағымсыз салдарға алып келеді, – дейді дәрігер.

Бұдан туындайтын әлеуметтік мәселелер жеке тақырыпқа «азық» боларлық.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, жыл сайын әлемде кәмелеттік жасқа толмаған 16 миллион қыз жүкті болады. Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы елдерінің арасында қазақстандық жасөспірімдердің жүктілігі алты есе жиі кездеседі екен. Мәселені отбасында ашық айтып, мектепте жастармен насихат, түсіндіру жұмыстарын жүргізбесе, қорқынышты статистика көбейе береді ме деген қауіп басым.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button