Ермағанбет Бөлекпаев: «Шахтерда» жергілікті футболшылар ойнау керек
Бүгін аймақ басшысы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар алаңындағы өткен брифингте журналистер сұрағына жауап берді.
«Жақында «Шахтер» клубы легионерлерді қолдау қорына айналып кетті дедіңіз. Бұл алдағы уақытта легионерлер болмайды дегенді білдіреді ме?» деген журналист сұрағына аймақ басшысы:
– «Шахтер» клубына біздің тараптан тиісті көмектің барлығы көрсетілді. Олар жақтан бұл туралы әңгіме болмайтын шығар. Демеушілер арқылы берешек қарыздарын да жаптық. Жалпы менің ойымша, «Шахтерда» өзіміздің жергілікті футболшылар ойнау керек. Қазіргі таңда белгілі болғандай клубта өзіміздің ойыншылар аз болған. Осы мәселелер бойынша мамандармен біз арнайы жиын да өткіздік. Жиын қорытындысы бойынша Балқаш, Теміртау, Қарағанды және т.б. қалалар бойынша балаларға арналған академия ашамыз деп келістік. Екіншіден, бапкерлердің деңгейі төмен деп айтуға болады. Бапкерлер даярлаймыз. Арнайы мамандар шақырып, біліктіліктерін арттырамыз. Сосын екі стадион керек. Стадион құрылысын бастаймыз. Ол бойынша қазір жобалық зерттеуді күтіп отырмыз. Содан соң жаңа үлкен стадион салынады. Қазіргі стадионның салынғанына 60 жылдан астам уақыт өтті. Стадионның тозығы жетті деп айтуға болады. Ал, легионерлер туралы айтатын болсам, легионерлер келетін болса біздің футболды көтеру қажет. Біздің футболшылардың деңгейінде ойнап жүрген легионерлердің бізге қажеті қанша? Керек жоқ деп ойлаймын, – деді аймақ басшысы.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
ortalyq.kz