АймақБалқаш

Ермағанбет Бөлекпаев «Балқаш су» басшысының лауазымына сәйкестігін қарастыруды тапсырды

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Балқаш тұрғындарын екі тәулікке сусыз қалдырған апатқа байланысты қызметтік тергеу жүргізуді тапсырды. Өңір басшысы болған оқиғаның себептерін анықтап, мұндай жағдай қайталанбауы үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды талап етті.

Балқашқа жұмыс сапары барысында Ермағанбет Бөлекпаев апат болған жерге барып қайтты. Содан кейін қалалық мәслихат депутаттарымен кездесуде жағдайды талқылады.

– «Балқаш су» басшылығы өзінің қабілетсіздігін көрсетті деп санаймын. Белгілі болғандай, қақпа клапаны осы уақытқа дейін судың астында болған. Неге тексерілмеген? Мекеме басшысының атқаратын лауазымына сәйкестігін қарастыруды тапсырамын. Қызметтік тергеу жүргізіңіздер, – деді облыс әкімі. – Жобаны көтеріңіздер, егер қателер болса, бәрін түзету керек. Барлығын екі рет тексеріңіздер. Әрекет етіңіздер!

Сонымен қатар, Ермағанбет Бөлекпаев коммуналдық қызметтердің жабдықтарының ескіруіне қатысты проблемаға және құрылғылар тапшылығына назар аударды.

Кездесуде қала мен Балқаш курорттық аймағының болашағы талқыланды. Балқаштың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2023–2027 жылдарға арналған Кешенді жоспары әзірленді.

Маңызды міндеттердің бірі – туристер ағынын арттыру. Ол үшін инфрақұрылымды жақсарту қажет.

Биылғы жылы қала жағалауын абаттандыру басталады.

Жұмыс сапары барысында Ермағанбет Бөлекпаевқа екі жылға есептелген жоба ұсынылды. Балалар мен спорт алаңдарын, күркешелер орнатумен және демалушылар үшін басқа да қолайлы жағдайлар жасауды қамтитын абаттандыру жұмыстары жоспарланған.

– Ақша бөлінді, оны уақытында бастау керек. Жұмыстың сапасын қадағалаңыздар. Кабинеттеріңізде отырудың қажеті жоқ, сыртқа шығып, мұқият бақылаңыздар!, – деп Ермағанбет Бөлекпаев қала басшылығына талап қойды.

Облыс әкімі Балқашта салынып жатқан үйлердің сапасын да тексерді. Биыл қалада кезекте тұрғандар үшін екі көпқабатты үй тапсырылуы тиіс. Сонымен қатар, өңір басшысы күрделі жөндеуді қажет ететін бұрынғы колледж ғимаратын аралап көрді.

Ербол ЕРБОЛАТ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button