Руханият

Ерлікке тағзым етейік

Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-лицейінде «Ерлікке тағзым» циклі бойынша 8-9 сынып оқушыларымен Қазақтың батыр ұлы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында «Қазақтың қаһарман перзенті» атты музей сабағы өтті. Мақсат – ұлы тұлғаның ерен еңбегін, болашақ ұрпаққа үлгі-өнеге ету, тағылымды өмір жолын таныту.

Сурет: автордан

Сағадат Нұрмағамбетов – Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі. Азат елдің қаһарманы деген айрықша атағын алғаш алған даңқты әскери қолбасшы 21 жасында-ақ Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған, кейін бар ғұмырын елдің әскерін жасақтауға арнаған тұлға. Даңқты батырдың өмірі жайлы қысқаша бейнебаян мектеп оқушыларына ерекше әсер етті. Қазақтың қаһарман ұлы жайындағы өнеге боларлықтай естеліктерді осы жолдардың авторы алға тартты. Халық Қаһарманы Сағадат Қожахметұлы – еліміздің тәуелсіздігі мен тыныштығын сақтауға үлкен үлес қосқан ұлы қайраткер.

Сағадат Қожахметұлының жастық шағы Ұлы Отан соғысымен қатар келді. Жас кезінде Сағадат Нұрмағамбетов география және тарих пәндерінің мұғалімі болуды армандаған. Болашақ генерал әлем картасын өте жақсы меңгереді. Ол кез келген елдің тарихы мен жер ерекшелігін жетік білген. Сайыпқыран Сағадат Ұлы Отан соғысы кезінде Еуропа елдерін жаудан азат етті. Белоруссия, Солтүстік Кавказ, Украина, Молдавия, Польша, Германия майдандарында соғысқан. Польша жеріндегі жанқиярлық ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Ол кезде Сағадат Нұрмағамбетов небары 20 жаста еді. Сағадат Нұрмағамбетов 1946-1949 жылдары аралығында Мәскеудегі Фрунзе атындағы әскери академияны бітіріп, Орта Азиядағы Түркістан әскери округінде полк басқаруға жіберілді. Кейін әртүрлі штабтық командалық лауазымдарда оның ішінде, Қазақ КСР-інің азаматтық қорғаныс штабының бастығы, Орта Азия әскери округі қолбасшысының орынбасары, Оңтүстік топ әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары қызметін атқарды. КСРО Қарулы күштері бас штабының академиясындағы курстарда білім алды. Батыр Германияда Гитлер канцеляриясын шабуылдауға қатысып, Берлинде соғыстың аяқталғанына куәгер болды. Қазақ халқының біртуар ұлы соғыстан кейінгі бар саналы өмірін әскери қызметке арнады. Еліміз егемендік алған 1991 жылы Мемлекеттік қорғаныс комитетін басқарып, 1992-1996 жылдар аралығында Қорғаныс министрі қыз­метін атқарды. Елдің ұлттық қауіпсіздігінің дамуына қосқан еңбегі үшін 1994 жылы Сағадат Нұрмағамбетовке Халық Қаһарманы атағымен қатар №1 «Алтын Жұлдыз» ордені берілді. Генерал Сағадат Қожахметұлы егемен елдің тарихындағы тарихи тұлғаға айналды.

Ол 1991 жылы Қазақстан Президентінің Жарлығымен мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы қызметіне кіріседі. Тәуелсіз елдің әскери құрамын жасақтауда өлшеусіз үлес қосты. 1995 жылғы қарашада армия генералы атағымен отставкіге шығып, Қазақстан Президентінің кеңесшісі болды. 2013 жылдың 24-ші қыркүйегінде Сағадат Нұрмағамбетов 90 жасқа қараған шағында өмірден озды. Міне, осындай ұлы тұлға бірінші Қорғаныс министрі, бірінші Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының бірінші армия генералы, барлық жерде де, кез келген істе де, бірінші болған нағыз қаһарман ұлы тұлға.

Музей сабағы соңында болашақ әскери мамандықты таңдаған оқушыларымызға халқымыздың атақты батырлары жайында сұрақтар беріліп, балалардың Сағадат Нұрмағамбетов жайындағы көрген-білген, естігендері жайлы сауалдарға арнайы жауаптар алынды. Берілген сұрақтарға оқушылар нақты әрі тура дәлдікпен дұрыс жауаптар бере білді.

Құрманшәді ОРАЗЫМБЕТОВ,
Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының ғылыми қызметкері

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button