Бас тақырып

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран

Биыл Ұлы Отан соғысының ардагерлері, көрнекті қоғам қайраткерлері Камали Дүйсембеков пен Қали Аманбаевтың туғанына – 100 жыл толды. Ал, алдағы жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы. Осыған орай өңірде Жеңістің 80 жылдығына арналған игі істер бастау алды. Соның бірі – қос ардагерді еске алу мақсатында ұйымдастырылған дөңгелек үстел. Оған облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей мен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов қатысты.

Суреттерді түсірген автор

Соғыс жылдарында Қарағанды облысы майданға 45 мыңға жуық азаматты атандырған. Алты мыңнан астам қарағандылық Ұлы Отан соғысындағы ерлігі мен батырлығы үшін түрлі орден, медальдармен марапатталды. Ал, 18 жерлесімізге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Қазіргі уақытта аймақта көз тірі тоғыз ардагер ғана қалды. Дөңгелек үстел соғыс ардагерлерін бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды.

– Бүгінгі іс-шара өңірден майданға аттанған ардагерлерді тек еске алу ғана емес, олардың еңбек жолын, ерлігін келешек ұрпаққа үлгі ету. Олардың жүріп өткен жолын саралап, келешек ұрпақтың бойына сіңіру. Біз ақсақалдарымызды, үлкендерімізді құрметтеген халықпыз. Ардагерлердің өмір жолы – бізге үлгі, өнеге, – деді Әлібек Әлденей.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғабит Тұяқов:

– Біз бүгін облыс өмірінде өшпес із қалдырған айтулы тұлғалар – Қали Әлібекұлы Аманбаев пен Камали Жұматайұлы Дүйсембековтің туғандарына жүз жыл толу құрметіне орай облыстық ардагерлер кеңесінің бастамасымен осы кездесуді ұйымдастырып отырмыз. Бұл ардагерлердің жүріп өткен жолдары, халқына, Отанына сіңірген еңбегі өлшеусіз. Сондықтан да, өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік маңызы зор. Облыстық ардагерлер кеңесі Қали Әлібекұлын осы қоғамдық ұйымның бастауында тұрған тұңғыш басшысы ретінде құрметтейді. Ал, Камали Жұматайұлы болса, кешегі сұрапыл соғыста өшпес ерлік көрсетіп, жауынгерлік «Даңқ» орденін үш мәрте иеленген Батыр жерлесіміз, қалыптасқан дәстүр бойынша «Даңқ» орденініің үш дәрежесін алған адам Кеңес Одағының Батыры атағына тең.

Біз осы екі ақсақалдың өмір жолын жастарға үлгі-өнеге етіп ұсынамыз. Оқу оқып, білім алуға талпыну, қиындықтарға мойымай, оларды табандылықпен жеңе білу, Отанына, еліне адал қызмет ете білу — міне, бұл қос майдангердің, қос қайраткердің өмірлік ұстанымдары, – деді. 

Сонымен қатар, Қазақстанның. еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова, Қазтұтынудағы Қарағанды экономикалық университетінің ректоры Ерқара Аймағамбетов, Шет ауданының құрметті ақсақалы, еңбек ардагері, өлкетанушы Боранбай Жумкин сөз сөйледі.

Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласызлар.

Ербол ЕРБОЛАТ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button