Жаңалықтар

Ерлігі естен кетпейді

Ғұмырдарияның тоқтамауы – ұрпақтың ұмытпағанында. Ерлігіңнің жалғасқаны – ұрпақтың ұлықтағанында. Адамзаттың бүгіні ертеңге жалғасу үшін кешегі бастауың болуы керек. Ал, кешегі өткен күн сөредегі том-том кітап бетіндей қатталып, тарихқа айнала беретіні сөзсіз. Әр отбасының өзінің тарихы, әр өскелең ұрпақтың өз тегі болатыны шындық. Ал, сол тектің асыл болғаны жайындағы жағдаят жас ұрпаққа жете бермейтіні және ұрпақтың хабардар бола бермейтіні тағы бар. Бүгінгі қозғалар әңгіменің тиегі соңындағы ұрпағы үшін, Елі, Отаны үшін нағыз батырлыққа барған тұлға – менің арғы әкем, Қызыл Армияның ержүрек лейтенанты болған Мұхамедия Жұманбаевтың қайсар ерліктері жайында болмақ.

Сурет автордан

Атам Мұхамедия Әдиұлы 1921 жылы дүниеге келген екен. Ат жалын құшып, жалындаған жігіттік шақтың ауылына қадам басқан 18 жастағы бозбала 1939 жылы әскерге шақырылады. Білегі күшке толы кең жауырынды жігерлі жігіт әскери дайындықтан өту барысында аса ептілігімен көзге түсіп, көп ұзамай Суворов Қызыл Ту орденін иеленген 257-ші Сиваш атқыштар дивизиясының 953-атқыштар полкінде взвод командирі болады. Тәжірибелі офицерлер арасынан лейтенант шенін алуы – тумысынан даланың дархан даралығына үйренген сарбаздың мінезін, тәртібін, көшбасшылық қасиеттерін мойындатудың дәлелі іспеттес еді. 257-ші атқыштар дивизиясы – Шығыс Пруссиядағы қанды қырғында, Рига маңындағы шайқастарға, Курляндия котлосындағы ұрыстарға қатысқан, Қырым мен Сиваш үшін болған шайқастармен танымал болған, бірнеше марапаттарға және «Қызыл Ту» ордені мен «Суворов» орденіне ие болып жауынгерлерінің табандылықтары мен даярлықтары және төзімділіктері мен ерекшеленген дивизия екен. Ал, атам Михаил Адинович Жуманбаев (Мұхамедия Әдиұлы Жұманбаевтың аты әскери құжаттарда дәл осылай жазылған) осы дивизияны алға жетелегендердің қатарында болғаны біз үшін үлкен мақтаныш.

Қолға түскен деректерге сүйенсек 1944 жылдың 2 тамызында болған өмір мен өлім арасындағы Лиелиупе шайқасы – Мұхамедияның өміріндегі ең батырлық кезеңнің бірі екен. Латвиядағы Лиелупе өзенінен жаудың ауыр миномет және пулемет оғы жауғанына қарамай бірінші болып өткен Мұхамедияның взводы жиырмадан астам фашисті жойып, жаудың атыс нүктесін басып алады. Ауыр шайқас келесі күнге созылып, жаудың танк шабуылына кезігеді. Алайда, лейтенант Жұманбаев шегінуден бас тартып, взводты алға жетелейді. Жау шабуылына тойтарыс беріп, елуден астам жау жауынгерін жояды. Осындай аса қатерлі айқаста алыса жүріп Михаил Адинович ауыр жараланса да соғыс алаңын тастамай, табандылығын көрсетеді. Жаудың оғы жаңбырдай жауған сәттегі ерлігі үшін Михаил Адинович Отан соғысы I дәрежелі орденіне ұсынылып, II дәрежелі орденмен марапатталды. Бүгінгі таңда текті тұлғаның осындай ерлігі тек архивте ғана емес, батырлықтың үлгісі ретінде аса құнды жәдігер екені айқын.

Атамыз Мұхамедия Жұманбаев соғыстан кейін елге оралып, қажырлы қайратын халықтың игілігіне жұмсайды. Мемлекеттік мекемелерде, балалар үйінде, әлеуметтік салада қызмет жасай жүріп, әжеміз Бәткен Молдақашева екеуі төрт бала тәрбиелеп өсіреді.

Арада талай уақыт өтіп, уақыт көші алға жылжи берді. Кейінгі уақытта көкейімізге атамыздың ерліктері турасында әредік естіген деректер аса қызығушылық тудырып, мұрағаттардан атамыздың кешегі даңқты ерлікке толы ізгі жолдары хақындағы мәліметтерді іздей бастадық. Десек те ізденіс алғашқы кезде сәтсіз аяқтала берді. Себебі, әңгімеміздің басында баяндағандай біз атамызды Мұхамедия Әдиұлы деген есіммен іздеген едік. Кейін әскери билетте жазылған «Михаил Адинович» деген атаумен қарастырғанда мол мұрағатқа кенелдік. Осы кезеңдегі табылған оның марапаттау парақтары және бірнеше әскери құжаттары – 80 жылдан кейінгі ақтарылған ақиқат ретінде әулеттің кешегі терең тарихына үңілу үшін үлкен олжа және баға жетпес жәдігер екені даусыз.

Осындай танымды әрі дәлелді деректер қолымызға түскен соң, мені, кешегі атамның асқан ерлік көрсеткен, қанды шайқас болған Латвия жеріндегі Лиелупе өзенінің жағасына барып, сол майданда қаза тапқан қайран боздақтардың барлығына дұға бағыштау керек деген ойлар мазалай берді. Осындай мақсатпен 2024 жылы Латвия жеріне, Лиелупе өзені жағасына ат басын тіредім. Өзеннің сылдырай аққаны, сағасындағы самалға тербелген жасыл желектің суылы, қарағайлардың сыбдыры – «біз бәріне де куәміз, еш нәрсені ұмытпаймыз» дегендей үнсіз егіледі…

Ерасыл ЖҰМАНБАЕВ,
«Еңбек ресурстарын
дамыту орталығы» АҚ
вице-президенті, кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық органның басшысы, батырдың немересі

Басқа материалдар

Back to top button