Жаңалықтар

Ерлер есімін ұлықтаған кеш

Ерлік болмаса – елдік жоқ, елдік болмаса – ерлік жоқ. Бесенеден бір-бірімен бітісіп кеткен осы екі сөз тегін ұйқаспаған екен де! Ер жанын пида етіп елді сақтайды, өйткен ердің даңқын елі асырады. Оның түймедей де, таудай да бір мысалы – қазақ даласының қос батыры Нұркен Әбдіров пен Қазыбек Нұржанов болатын. Биыл туғандарына 100 жыл толуына байланысты Қарағанды жұртшылығы қос батырдың есімдерін ұрпаққа үлгі етіп, ұлықтап-ақ жатыр.

Қарағандының орталық саябағында бір керемет кеш өтті. Бір жапырақ қағазын бұлдайтын бұл заманда мұндай тегін концертке қарық болу қайда?! Тәні өлсе де, рухы сөнбеген батырлар шарапатымен шарпып жатыр-ау дестік. Батырлар рухының құрметіне қала тұрғындары мен қонақтарын әсем әннің әуеніне бөлеген эстрада жұлдыздары мұнда патриоттық әндермен қатар, заманауи шығармаларды да шырқап салды. Күй күмбірлеген керім кешті саз әлемі шалқытты. Қалың көрермен жұрттың қатарында облыс әкімі Ерлан Қошанов та бар екен. Батыр аталардың аруағын сыйлағаны да.

«Олар осы күнге аман-есен жетіп, бізбен бірге балалары мен немерелерінің ортасында бола алар еді, алайда, бұл батырларымыз біз үшін батырлықтың үлгісіндей мәңгі жас жігіттер болып есте қалды. 23 жастағы сержант, ержүрек әскери ұшқыш Нұркен Әбдіров пен аға сержант, взвод командирі, ақтоғайлық мұғалім Қазбек Нұржанов есімі ұрпақпен мәңгі бірге жасайды.

Қарағанды топырағы биылғы жылды Нұркен Әбдіров пен Қазыбек Нұржановтың 100 жылдығына арнады десе болғандай. Оларды біздің елде де, Ресейде де, Беларусьте де құрметтейді. Нұркен батырдың аты Мамай қорғанындағы тізімде бірінші болып тұр», – деді облыс әкімі Ерлан Қошанов.

Аймақ басшысы мұндай өшпес ерлік жасаған адамдар туралы фильм түсіру және кітаптар жазу, балаларға олардың ерліктерін үлгі ету – қасиетті борышымыз екендігін атап өтті.

Көрермендерге батыр туралы бейнероликтер көрсетілді. Қарағандылық жерлестеріміз Кеңес Одағының Батыры атағын қайтыс болғаннан кейін бір-ақ алды. Нұркен Әбдіров қарсы жақ шабуылынан түтіндей бастаған ұшағымен құтылу мүмкіндігі бола тұра, өртке орана бастаған ұшақты жау танкілері колоннасына бағыттап, экипажбен бірге қаза тапқанын ел білсе керек. Қазыбек Нұржанов Волковскіні алу кезіндегі қанды шайқаста басып алу тобын басқарды. Ол фашистер жаулап алған қалаға бірінші болып басып кіріп, ауыр жарақат алды. Батыр жерлесіміз жорық-дала госпиталінде қайтыс болды және бауырластар зиратында жерленген.

«Бүгінде біз патриотизм туралы көп айтамыз, тіпті, дауласуға дейін барамыз. Бірақ, ондай биік ұғымға өмірімен және ерлігімен үлгі болар санаулы ғана тұлғалар бар. Солардың арасында, әрине, Нұркен Әбдіров пен Қазыбек Нұржановты ерекше атап айтамыз. Олар өз елі, Отаны мен халқын сүйген адам қаншалықты көп жасай алатынын дәлелдеп кетті» – деп атап өтті аймақ басшысы Ерлан Жақанұлы.

Мерекелік концертте қазақстандық эстрада жұлдыздары – «Шабыт» триосы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Маржан Арапбаева, Алмас Кішкенбаев пен Әли Оқапов және тағы басқа да өнерпаздар өнер көрсетті. Қарағандылық әншілер орындаған патриоттық әндер мерекенің маңызын тіптен көтеріп тастады десе, артық айтқандық емес. Осы кешті жүргізушілер – белгілі актер Әділ Ахметов пен тележүргізуші Ольга Спирина батырлар есімін дәріптеу – қаншалықты құнды екені жөнінде әңгімелер мен мысалдар айтып отырды. «Бүгінгі жастарға ерліктің лайықты мысалдары қажет» дейді олар.

«Мұндай асқақ мәні бар мереке үшін барлығына рахмет! Биыл қос батырға арналып көптеген мерейтойлық іс-шаралар өтуде және олар әлі де жалғасуда. Нұркен ағам туралы кітаптар басылып, спектакль қойылып, фильм түсіріліп жатыр. Осының барлығы батырларымыздың есімін мәңгі есте қалдыру үшін жасалып жатыр», – деді ұшқыштың немере бауыры Әбубәкір Әбдіров ұйымдастырушыларға алғысын білдіре отырып. Кеш отшашумен аяқталды.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Back to top button