Жаңалықтар

Ерлан Қошанов теннис кортын салуға басқа орын іздеуді тапсырды

Қарағанды қаласының орталық саябағында Наурыз мейрамына арналған мерекелік шаралар жалғасуда. Облыс әкімі Ерлан Қошанов бірнеше киіз үйде болып, көрмелер мен экспозицияларды тамашалады. Сонымен қатар, ең ірі теннис орталығы салынады деп жоспарланып отырған аумақта болды, – деп хабарлады Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Ерлан Қошанов аталмыш спорт нысанына қатысты маңызды мәлімдеме жасап, теннис  кортын салатын басқа орын табуды тапсырды. Облыс әкімі жоспарланған құрылыс орнында кейбір бағаналардың қалдырып, қоршау толығымен алып тасталмағанына наразылық білдірді. Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров алдағы күндері жағдайды түзетуге уәде берді. 
Сондай-ақ Ерлан Қошанов қала, парк басшылығына және өзінің әлеуметтік мәселелер және ішкі саясат жөніндегі орынбасарына бірнеше тапсырма берді.

Біріншіден, орталық саябаққа табиғат ескерткіші мәртебесін қайтару қажет. Бұл жағдайда парк ерекше қорғалатын аумақ болады және болашақта ешкім бұл жерде қандай да бір құрылыс сала алмайды. Жергілікті билік бұл мәртебені заңды түрде ресімдеп,  нормативтік акті қабылдау және құжаттарды ресімдеу үшін не істеу қажет екенін анықтаулары тиіс

Екіншіден, Ерлан Қошанов бір ай аралығында құрамында қаланың жанашыр азаматтары, шаһарда бұрыннан тұрып келе жатқан тұрғындар мен тәуелсіз экологтары бар Қамқоршылық кеңесін құруды тапсырды. Саябақта абаттандыру бойынша жоспарланған кез келген ұсыныстарды бірінші кезекте осы Қамқоршылық кеңесі талқылауы тиіс.  

  • Теннис орталығы үшін жаңа орын іздеңіз. Республиканың теннис Федерациясы бұл  мәселеге түсіністікпен қарайды. Олардың мәлімдемесін барлығымыз естідік. Шынымен де қомақты қаражат салуға дайын инвесторға басқа орын ұсыну қажет, – деді Ерлан Қошанов.

Облыс әкімі саябақты көгалдандыру жалғастырылатынын атап өтті. Ол қала тұрғындарын шаһарымызда жаппай ағаш отырғызу акциясына қатысуға шақырды. 

Ересектер мен балалар қайың аллеясында ұя орнататын науқанға қатыса алады. Аймақ басшысы  саябақ аумағында ашық спорт алаңдарын қалпына келтіруді ұсынды.

Басқа материалдар

Back to top button