Бас тақырыпОблыс әкімі

Ерлан Қошанов көпбалалы отбасыларды аралады

Қарағанды облысының әкімі Чкалов және Садовое ауылдарындағы көпбалалы отбасыларына арнайы барып, жұмыспен қамту орталықтарының мобильдік топтары қалай жұмыс істеп жатқанын тексерді. Ерлан Қошанов село тұрғындарына 1 сәуірден бастап жәрдемақы қалай өсетінін және мемлекеттен қандай көмек алатындарын түсіндірді. 


Аймақ басшысы Бұқар жырау ауданының бірнеше үйлерінде болды. Әлеуметтік атаулы көмектер қалай есептелетінін нақты мысалдармен, жан-жақты әңгімеледі. Оны кімдер ала алады, қандай құжаттар қажет екенін де әкім өзі түсіндірді. 
Байт Апейдің отбасы қосалқы аула шаруашылығын есептегенде атаулы әлеуметтік көмек ретінде 10 мың теңге алып келген. Ал, енді, 1 сәуірден бастап, ай сайын жәрдемақы көлемі 95 000-ға дейін өседі.Қаржылық қолдаудан бөлек, бұл жанұяда жұмыспен қамту мәселесі шешілді. 38 жаста отағасының ешқандай мамандығы болмаған. Жұмыспен қамту орталығының мамандары оған қай жерде тегін оқуға болатынын, одан кейін тұрақты жұмысты қалай табу керектігін айтып берді.
– Біздің төрт баламыз бар. Жолдасымның тұрақты жұмысы жоқ, мен үй шаруасындамын. Баспана жалдап тұрамыз. Енді мемлекет басшысының арқасында мемлекеттен алатын жәрдемақымыз көбейді. Егер жолдасым жұмыс тапса, болашақта өз үйіміз болады деп ойлаймын. Біз бұл мүмкіндіктер туралы мүлдем білмедік, мамандар түсіндірді, тегін оқу жөнінде айтты. Мен қазір кішкентай баламмен үйде отырмын, сондықтан күйеуімді оқуға жіберемін, оның білімі де жоқ еді. Одан кейін тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеміз деп уәде етті, – дейді Бира Ақерхан. 
Атаулы әлеуметтік көмек алатындардың көбі ипотека алу мүмкіндігі туатынына қуанышты. Егер отбасының бір мүшесі жұмыс істеген жағдайда бұл мүмкін болады. 
Татьяна Глушконың отбасы жақында Чкалов ауылына көшіп келген. Бұрын ол атаулы әлеуметтік көмекті мүлдем алмаған. Татьяна жалғыз өзі 4 баланы тәрбиелеп отыр және асыраушысының қайтыс болуына байланысты берілетін 70 мың теңге жәрдемақыны алып келген. Енді бұл жанұя қосымша 90 156 теңге алатын болады. 
– Әзірге мен жұмыс істемеймін. Кішкентай қызыммен үйде отырмын. Үлкен балаларым мектепте оқиды. Біздің президентке көпбалалы отбасыларының жағдайын ойлап жатқанына алғысымды білдіремін. Бұл үлкен қолдау. Теміртаудың ескі қаласындағы балабақшаның құрылысы аяқталған соң қызымды сонда беріп жұмысқа орналасамын. Ол үшін алдымен оқу оқимын деп жоспарлап отырмын. Маған тегін оқу туралы айтып берді, – дейді Татьяна.
Қарағанды облысында бүгінгі таңда жұмыспен қамту орталықтарының жылжымалы мобильдік топтары аймақ бойынша жұмыс істеуде. Мамандар үй-үйлерді аралап 1 сәуірден бастап көмек қалай төленетіні туралы айтып қана қоймай, бизнесті дамыту үшін қайтарымсыз несиені қалай алуға болатынын, қайта оқудан өту және жұмыс табу туралы ақпаратты жеткізуде. Бұдан бөлек, әр үйдің мекен жайлық әлеуметтік картасын құрады. Онда отбасының барлық мәселелері көрсетіледі. Осылайша аймақта көпбалалы, аз қамтылған отбасылары мен қиын өмірлік жағдайдағы отбасылары анықталуда. 
Бұқар жырау адуанында жұмыспен қамту орталығының жылжымалы мобильді тобы бір ай ішінде 29 елдімекенге барған. 
– Біз әр отбасымен жеке жұмыс жүргіземіз. Қандай мәселелері бар екенін анықтаймыз. Күн сайын 4-5 елдімекенге барамыз. Күніне 140-150 адамға кеңес береміз, – дейді Бұқар жырау ауданының жұмыспен қамту орталығының маманы Айгүл Жүнісова.

Басқа материалдар

Back to top button