Ерекше балаға ерекше білім
Туғаннан психофизикалық дамуында кемістігі бар балалар елімізде аз емес. Оларға әрдайым психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету мемлекеттің назарында. Осындай топқа жататын ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында облысымызда арнайы және инклюзивті білім беру дамытылуда. Соның бір бағыты – психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттерінің желісін кеңейту. Бұған дейін облыста осы сияқты жеті кабинет жұмыс істеп жатса, енді Конституция күні қарсаңында Саран қаласында да тағы сегізінші кабинет ашылды.
Қаладағы №9 мектеп-интернаттың жанынан ашылған бұл ұйымға кіру үшін кедергісіз орта құрылған. Яғни, пандус, табалдырықсыз, тактильді жолдар, тұтқалар, ақпараттық кестелер орнатылған. Оның директоры Құралай Күлмағамбетованың айтуынша, 6 педагог-психолог, логопед, дефектолог мамандар штаты жасақталып, 7 кабинет түзету-дамыту сабақтарын ұйымдастырып, өткізуге қажетті құрал-жабдықтармен жарақтандырылған.
Егер бүгінде Саран қаласында психофизикалық кемістігі бар 18 жасқа дейінгі 150 бала тіркелсе, әзірше соның 50-і мектептегі сабағынан бос уақыттарында осы жерде тиісті көмек алып, қолдау табады. Ал, тағы да ниет білдіргендер мамандардың кеңесінен кейін және ата-аналарының (заңды өкілдерінің) келісімімен ғана қабылданатын көрінеді.
Тұсаукесер рәсіміне арнайы келген облыстың білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова мен Саран қаласы әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Сағымбек Бейскеев кабинеттердің бәрін аралап көріп, осында келген ата-аналармен сөйлесіп, олардың сұрақтарына жауап берді. Гүлсім Шабданқызы өз сөзінде алдағы уақытта мұндай кабинеттерді Балқаш қаласы мен аудан орталықтарында да ашу жоспарда екенін айтты. Өз кезегінде ата-аналар арасынан сөйлеген Нурия Гильмутдинова мен Фариза Нұрмұқанова енді облыс орталығына сабылмайтынына ризалықтарын білдіріп, көздеріне жас алысты.
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
САРАН