Емхана таңдау – еркіңізде
Аймақта емханаға ерікті тіркелу науқаны жалғасуда. Науқан басталған бір айға жуық уақытта 2 мың қала тұрғыны емхана ауыстыруға ерік білдірген. Оңтүстік-Шығыстағы №15 емхана мен Қалалық бірінші медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығына тіркелушілер қатары көбірек екен.
Облыстың денсаулық сақтау басқармасында мәлімдегендей, еркін тіркелу туралы өтініш мемлекеттік қызмет болғандықтан, бір тәулік ішінде қаралуы тиіс. Алайда, науқас тіркелгісі келетін дәрігердің учаскесінде 1700-ден астам адам тіркелген болса, тіркелу мүмкін болмайды. Терапевтің учаскесінде 2202 адамнан аспауы тиіс. Педиатрларға 500 жас және 18 жасқа толмаған 800 баладан артық тіркелмеуі керек.
Науқан кезінде тіркелгендер медициналық қызметті сол емханадан тек келер жылдан бастап алатынын ескерген жөн.
Ресми дерек бойынша облыста барлығы 37 емхана бар. Оның 22-сі мемлекеттік болса, қалғаны жекеменшік.
Емханаға ерікті тіркелу науқаны 15 қарашаға дейін жалғасады.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz