АймақНұра

«…Еліңе пайдаң тисін»

Қазіргі қоғамда «бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» деген термин бар. Яғни, кез келген кәсіпкер кәсіп жасап, табыс тауып отырған жеріне қамқорлықпен қарауы тиіс. Ал, қазақ мұны «Батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін, Бай болсаң, еліңе пайдаң тисін» деп, бағзыда айтқан. Біздің арамызда ұлағатты сөзді ғұмырлық ұстанымына айналдырған азаматтар жетерлік. Жарқын мысалы – нұралық Сейілхан Қоңырбаев. Кәсіпкер бұл жолы Нұра ауданының орталық ауруханасына бес физиотерапиялық аппарат тарту етті.

Наурыз мейрамы қарсаңындағы сыйлықты аурухана қызметкерлерімен қатар аудан тұрғындары да қуана қабылдады. Мекеме таратқан мәліметке сүйенсек, сыйға тартылған құрылғылар қатарында «Алмаг+», «Алмаг-01» маркалы аппараттар, «Гезатон» дарсонвальдық терапияға арналған құрылғы, «Поток-1» гальванизаторы және «Солнышко» ультракүлгін кварц сәулелендіргіші бар. Бұл жабдықтар – бронх демікпесі, созылмалы бронхит, ӨСОА, артрит, артроз, остеохондроз, сколиоз, өкшеге тұз жиналу сынды дерттерді емдеуге таптырмас құрал. Сондай-ақ, сүйек сынып немесе шығып кеткенде, сіңір созылғанда, ет сөгілгенде көмегі көп.

Сырқаттанған жандар физиотерапиялық процедураларды медициналық сақтандыру көлеміне сәйкес қабылдай алады. Тек, учаскелік дәрігерлер мен бейінді мамандардың жолдамасы қажет. Ал, егер, аудандық ауруханаға бекітілмесе ақылы негізде жүгінеді.

Жомарт кәсіпкерге жерлестері дән риза. Аудандағы «Жараспай» ЖШС-нің басшысы Сейілхан Қоңырбаев әлеуметтік салаға ұдайы көңіл бөліп, қолдау танытып келеді.

– Сейілхан Оспанбайұлы – ауылымыздың тумасы. Туған жеріне көп жылдар бойы үзбей көмек көрсетіп жүр. Қазір ауыл тұрғындарының 70 пайызға жуығы кәсіпкер басшылық етіп отырған серіктестікте еңбек етеді. Ауылдағы қоғамдық іс-шараларға үнемі демеушілік жасайды. Мерекелерге орай, балаларға, ардагерлерге сыйлық таратады, спорттық және бұқаралық шараларды қаржылық жағынан қамтамасыз етеді. Кәсіпкер күшімен ауылдағы бір көшеге асфальт төселді. «Жараспай – алтын бесігім» тұғыры орнатылды. Ұлы Отан соғысы қатысушыларына, ардагерлеріне арналған ескерткіш қалпына келтірілді, – дейді Жараспай ауылының әкімі Жангелді Рахымжанов.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ,

Нұра ауданы.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button