Спорт

Елена Рыбакина әлемнің алтыншы ракеткасы атанды

Қазақстанның көшбасшы теннисшісі Елена Рыбакина әлемнің алтыншы ракеткасы атанды.

Әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) live рейтингінде Е.Рыбакина жетіншіден алтыншы орынға көтерілді.

Бұған дейін дүниежүзілік рейтингте 4-сатыда тұрған Тунис өкілі Онс Жабер жарақатына байланысты Испания астанасы Мадридте өтіп жатқан WTA 1000 турниріне қатысудан бас тартты.

– Медициналық тексеру менің жіліншігімде жарақат бар екендігін көрсетті, сондықтан қалпыма келу үшін уақыт керек. Сондықтан, өкінішке қарай, Мадридтегі биылғы турнирде өнер көрсетпеймін. Өз титулымды қорғай алмаймын, деп жазды Жабер әлеуметтік желіде.

Мадрид жарысының өткен жылғы чемпионы О.Жабер биыл сол атағын қорғауға тиіс болатын. Сондықтан ол дода біткеннен кейін 1 мың рейтингілік ұпайынан айырылады.

Тунистік теннисші өткен аптада Штутгарт WTA 500 жарысының жартылай финалына дейін жетіп, онда 20 минуттай ойнап, жарақаты салдарынан матчты жалғастыра алмаған еді.

Е.Рыбакинаның Мадридте табысты өнер көрсетсе, әлемдік рейтингіде бұдан да жоғарылауына мүмкіндігі бар.

Ербол ЕРБОЛАТ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button