Жаңалықтар

Елдіктің ертеңі – еңбекте

«Біздің ұрпаққа берген тәрбиеміз – күнделікті күйбең тірлігіміз» деп бастады әңгімесін «Ютария ltd» ЖШС Қарағанды филиалының тігіншісі Раушан Ғазиз. Моңғолияның Баян-Өлгей аймағындағы қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген қазақ қызының тағдыры тал бесіктен еңбекпен өрілген. Қазақтың «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» тәмсілі дәл осы әулетке арналғандай-ақ…

Атажұрттың алақаны әрқашан ашық

2011 жылы Атамекенге ағайын, апа-сіңілілердің қасына оралғалы тірліктің тіреуіші түзелгенін алға тартады біз сөз еткелі отырған еңбек адамы.

Елге оралған соң отбасының бес мүшесіне 200 мыңнан тиген Үкіметтен бөлінген қаражат 1 млн. теңгені құрап үй салуға сеп болған. Үйдің іргетасы қала маңындағы Байқадам ауылында қаланды. Ағайын келсе аузынан жырып, жыртығын жамар қазақтай дархан ел бар ма?! Көрші-қолаң қолдау білдіріп етек-жең жиғанша қарайласқанын Раушан өзі де ыстық ықыласпен тілге тиек етеді. Осында келіп тағы екі құлыншағы дүние есігін ашқан. Отбасы кеңейген соң отағасы кәсіп ашуды көздейді. Байқадам – ауылдық жер, ал, Раушанның жолдасы – еңбекқор шаруа. Бесіктен белі шықпай мал кәсібіне араласқан жігіт ағасына «Атамекен» бағдарламасымен екі-үш сиыр алып мал шаруашылығымен айналысу аса қатты қиындық тудырмады. Раушан сол сиырлардың сүтінен ірімшік, құрт, май, қаймақ тартып кәсіпті бастап кетті. Нағыз қазақы дәм шіркін ұлт таңдамай жағады емес пе?! Көрші-қолаңнан бастап алыс-жақын таныстардан жарнама тарап, қала жұртшылығына дейін сұраныс салады. Раушанның май-қаймағын арнайы хабарласып сатып алатындар қатары күн санап арта бастайды.

Расында, кімге де болмасын туған өлкесі, кіндік қаны тамған мекені қымбат. Раушанның әпкесі, яғни, әкесінің қарындасы Моңғолияда бір тыным таппай атажұртты аңсап өтті. Кешегі қызыл әскер құрсауынан қашып шекара асқан тектілердің тұяғы – Раушан. Апасы  Зағипа Селімбайқызы бала кезде қудаланып бара жатып, жаяулап-жалпылап кешіп өткен Зайсан көлін аңсайды. Тарбағатайдың талды нуының иісін қана бір иіскесем деп өтті өмірден. Кезінде Қазақстаннан Моңғолияға әскери борышын өтемекке барған сарбаздарға да барып, ағайын-туыстың балалары болып қалады-ау деген үмітін үкілеп баққан көрінеді. Асыл аналардың асқақ арманы енді орындалғандай. Ұрпақтары – үйірге қайта қосылған құландай шұрқырасып табысып жатыр. Осылайша алақаны ашық атажұрт бір кездегі Алаш баласын алаламастан бауырына басты.

 

«Талап пен тәртіп кәсіпорын қамқорлығы деп білемін»

– Моңғолияға кезінде көшкен көне қазақтың ұрпағы болғандықтан, бізде тәрбие бөлектеу көрінді. Қыз балалар ес білген соң алдымен өз бұрымын өзі өріп, кейін кесте тігіп үйренуі керек. Бұл – күнделікті таңертең тұрып, беті-қол жуған секілді қарапайым іс. Қыз балаға алдымен кесте тігуді, ұршық иіріп, киіз басуды, тамақ жайын қамдауды тәрбиемен сіңіреді. Ал, ұл перзентті мал жайына қамдайды. Мал союға, оны жіліктеп, мүшелеуге, атқа мінуге, қайыстан қамшы өруге баулиды. Мен не үйренсем әжемнен үйрендім. Сол кісінің тәлімінен түледім. Қазақстанға келген соң да үйдегі шаруашылықтан қолым қалт еткенде ине сабақтап, балаларға оны-мұны жамап, тігіп беріп жүрдім. Кейін Байқадам ауыл әкімінен қаламызда тігін орталығы ашылды дегенді естіп, жұмысқа орналастым.

Әуелде жаңа машиналардың о жақ, бұ жағынан ойқастап осқырынғанымызбен, осындағы әріптестер көмегімен тігіп бастап кеттік.  Екі жыл болды мінекей, таңертең сиыр сауып, сүт тартып болған соң сегізде жұмысыма асығамын. Қойылған талап пен тәртіптің арқасында беске дейін істеп кешкі сауынға да үлгеремін. Компанияның қарамағындағыларға қойған талабы бұл қамқорлықтан деп білемін. Өйткені, тәртіп бар жерде жұмыс жүреді. Жұмыс жүрсе алар айлық та бар. Айлығымыз жақсы, ең бастысы жұмысымыз тұрақты. Әрі жыл сайынғы берілген тапсырманы да уақытылы атқарып жатырмыз. Мысалы, осы «Ютария ltd» ЖШС-нің қарағандылық филиалының өзінің жеке жобалық қуаты жылына 360 мыңды құрайды. Бұл дегеніміз жұмыскерлердің қыстық, күздік киімдері, бас киім қолғапқа дейін осында тігіледі деген сөз. Мұндай ірі кәсіпорынның құпиясы да дәл осы талапқа сай жұмыс істеп, ортақ ережеге бағыну. Жалпы компания өз қызметкерлеріне жағдайды толық жасады деп айта аламыз. Мысалы боранды күндері қызметкерлеріне қарайласады. Көлік жіберіп жұмысқа жетуімізді де қамтамасыз етеді. Осының бәрі еңбектің жеңілдеуі ғой. Біздің жақсы өмір сүруіміз еңбектің арқасы. Еңбек етсек және ол еңбекті сүйіп жасасақ, отбасымыз аман болса, бақ та бақыт та сол, – дейді Раушан тігінші.

Жастайынан ине сабақтап кесте тіккен сүйріктей саусақтар «Ютария» секілді ірі компанияның бір мүшесі болуға сеп болады. Бүгінде ірі кәсіпорынның жаңа заманауи тігін машиналарына тігінші қолы жатырқамастан жайғасты. Бұл жерде кеншілер мен басқа да еңбек адамдарына тапсырысқа байланысты қыстық, күздік арнайы киімдерді тігуді жетік меңгерген десек артық емес.  Оның үстіне қазіргі таңда компанияда заманға сай автоматтандырылған, өнеркәсіптік және арнайы тігін машиналары, компьютерлік бағдарламалармен толық қамтылған пішу, кестелеу құрал-жабдықтары да орнатылған. Раушанның айтуынша, бұл тұрғыда «Ютария ltd» компаниялар тобының басшысы әрі құрылтайшысы Сәуле Шәуенованың еңбегі ерен. Еліміздің бірегей кәсіпорындарының бірі «Қазақмыс» корпорация сияқты азулы өндіріс ордасымен байланыс ортанып, ортақ іс жүргізу – расында екінің бірі, егіздің сыңарына қол емес. Саптағы сарбазының есімін білген кешегі Наполеондай бұл жерде де басшылықтың басты міндеті – әр қызметкерді қамқорлығына алу. Талапқа бағындыру, айлыққа зарықтыру емес керісінше, жаңадан оқытып, алған ілімінен пайда табуға баулу. Атқарған қызметін, сіңген еңбегін елеп арқаландыру, міне, бұл – «Ютария ltd» ЖШСнің бүгінгі таңдағы басты мақсаты.

 

Тілге де тисін пайдамыз

– Алғашында таза қазақы болған соң ба, орысша түсінбей, керек мекенжайға жете алмай, өткен-кеткенге орысша түсіндіре алмай біраз әуре болдық. Кейін ыммен, жыммен әйтеуір, сіңісіп үйреністік. Бізде қалада көп жерде екі қазақ орысша сөйлеседі. Бұл – меніңше қате. Айтылмаған мәселе емес болса да, қазақы тіл де тал бесіктен. Өз тілін білген жанға өзге тіл де жеңіл жатталады екен. Оны өзімізден білемін. Әке-шешеміз әлі сол Баян-Өлгейде тұрады. Жастарына байланысты тұрғылықты мекен өзгерту ол кісілерге қиындау болды. Ол жақта қазір таза моңғолша сөйлеу керек деген талап енгізіліп жатыр. Бұрын біз оқыған уақытта қазақша мектептер болған-ды. Қазір қыспақ бар. Ал, біздің Қазақстанда ана тілімізге жағдай жасалған ғой. Тіліміз – өте бай әрі ең әдемі. Біздің кейбір сөздерді тіпті, кәдімгі ауыл қазақтары да қайталап сұрап түсінбей жатады. Біз бөтен елдің тілінде сөйлемейміз. Не десек те, ол – біздің көне қазақы тіл, – деп тағы бір мәйекті мәселенің басын шалды Раушан Ғазизқызы.

Расында, таза қазақы тілдің кей сөздерін жаттап күнделікті қолданғанның сөкеттігі жоқ. Онсыз да оңтүстік пен батыстың «өләсі» мен «шлиі» тау асып, топырақ жаңғыртқан жоқ па?! Қазір заманауи тілмен «тренд». Оның орнына қазақылықтың иісі аңқыған тәрбиелі сөздер енсе бұл да бір мәдениеттің байығаны болар еді-ау…

 

Кәсіптен нәсіп табуға талпынайық

Республикада жеңіл өнеркәсіп үшін кәсіби кадрлардың, оның ішінде жұмысшы ғана емес, сонымен қатар, технологтар, конструкторлар, инженерлер, дизайнерлер секілді инженерлік-техникалық қызметкерлер тапшылығы бар. Осындай маман қаттығын шешу мақсатында компанияда дуальды оқыту жүйесі іске қосылған.

«Ютария ltd» компаниялар тобының өнеркәсіптік объектілерінде «Еңбек» бағдарламасы және «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік бағдарламасымен кадрларды қайта даярлау бойынша аккредиттелген оқу орталықтары бар. «Ютария ltd» кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында өңірлердің жұмыспен қамту орталықтары, қала мен жақын маңдағы кенттердің әкімдіктері арқылы, колледждермен, кәсіптік-техникалық мектептермен, университеттермен кадрларды оқыту бойынша жұмысты жолға қойған.

Расында, «Ютария» атауын тек тігінмен ғана байланыстыру қате. Сапа, денсаулық һәм оған жұмыспен қамтуды қосыңыз. Ашылғанына небәрі екі жыл болса да, қарағандылық тігін цехына бірнеше түлек қабылданған. Қазіргі таңда қолы бос қыз-келіншектерге таптырмас мүмкіндік дәл осы «Ютария ltd» ЖШС-нің маңайында. Тіпті, тігіннен хабары жоқ қарапайым нәзік жандылардың да осында тіркеліп, оқып, ірі компанияның бір мүшесі болуына жол ашық.

Тағы да айта кетейік «Ютария» атауы тек сапаға ғана емес қоғамдағы кадр тапшылығы мен жұмыссыздықты жою мақсатында да елге едәуір пайда тигізіп отырған бірегей кәсіпорын.

Жан АМАНТАЙ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button