Елбасы жүктеген міндеттің жүгі – ауыр
Сейсенбіде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Қарағанды облысында жұмыс сапарымен болды. Сапар барысында Қарағанды облысының активімен аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Сондай-ақ, кеңесте Елбасы облыстық мәслихаттың депутаттары кандидатурасын мақұлдаған аймақтың жаңа әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫ таныстырды. Ал, Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлады.
Облысқа жұмыс сапарымен келген Елбасы ең алдымен, облыстық мәслихаттың кезектен тыс өткен сессиясына қатысты. Сессияда депутаттар корпусы облыс әкіміне ұсынылған кандитатты мақұлдаған болатын.
– Мен конституциялық миссияны орындау үшін келдім. Қарағанды облысының қазіргі әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков Астанада жаңа қызметке – Есеп комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Мәслихатқа жаңа кандидатураны – Ерлан Қошановты ұсындым. Ол қарағандылық, түрлі қызметтерді атқарған. Оның тәжірибесі Қарағанды облысындағы проблемалар мен мәселелерді шешуге көмектеседі деп ойлаймын. Депутаттар өз келісімін берді,– деді Нұрсұлтан Назарбаев аймақ активімен кездесу барысында.
Мемлекет басшысы Нұрмұхамбет Әбдібековке облыс әкімінің қызметіндегі еңбегі үшін алғыс айтып, жаңа қызметте табыс тіледі. Ерлан Қошанов Президентке ризашылығын білдіріп, сенімін ақтауға уәде берді.
– Мені жылы қабылдаған, бірге жұмыс істеген, қиын-қыстау кезеңдерді бірге еңсерген барлық қарағандылықтарға рахмет айтқым келеді. Қарағандылықтарға сәттілік пен жетістіктер тілеймін,– деді Нұрмұхамбет Әбдібеков.
Бұдан соң Президент облыстың алдына жаңа міндеттер қойды. Еліміздің индустриалдық тірегі һәм жүрегіне айналған Қарағанды – келешекте ел экономикасын еселеу үшін жаңа белестерді бағындыруы тиіс. Жалпы, бұл бағытта облыстың көрсеткіштері көңілге қонымды. Мұны кездесуде Мемлекет басшысы да атап айтты. Елбасы Қарағанды облысының экономикалық және әлеуметтік даму көрсеткіштеріне тоқталды.
– Тәуелсіздік алғаннан бері бұл өңірдің экономикасы 23 есе өсті, индустрияландырудың 72 нысаны іске қосылды. Облысқа соңғы 5 жылда 1,7 триллион теңге инвестиция салынды. Апатты жағдайдағы мектептер проблемасы жойылып, үш ауысыммен білім беру мәселесі шешілуде. Жол картасы аясында 4 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды,– деді Мемлекет басшысы.
Кездесу барысында елдегі жүргізіліп отырған реформалардың тиімділігі де кеңінен сөз болды. Жаңа реформалардың ел игілігіне қызмет етуі үшін қандай қадамдар жасалуы тиісті екені де айтылды. Соның ішінде Қазақстан Президенті елдегі саяси реформалар үдерісіне ерекше назар аударып, президенттік вертикальді сақтаудың аспектілерінің және мемлекеттік биліктің барлық тармағының жауапкершілігін арттырудың маңыздылығын атады. Сонымен қатар, Елбасы бірқатар маңызды міндеттерді орындау қажеттігін айқындады. Бұған облыс тұрғындарын елдің экономикалық жаңғыруына белсене атсалысуға шақырды.
Президент кездесуде аймақ активінің назарын инвестиция тартуға да аударды. Мемлекет басшысы бизнес жүргізу жеңілдігінің тиімділігі арқылы біршама экономикалық өсімге қол жеткізуге болатынын және бір еске салды. Ол үшін инвестициялық жағымды жағдай жасалу керек.
– Инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай туғызу керек. Қазақстан Дүниежүзілік банк рейтингінің «Бизнес жүргізу жеңілдігі» критерийі бойынша 35-орынды иеленіп отыр. Бұл – жақсы көрсеткіш, алайда, бізге ең әуелі өңірлердегі жұмысты жалғастыру қажет. Біз бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша облыстардың арнаулы рейтингін жасап, жыл сайын индустрияландыру күні табыс етілетін атаулы сыйлық тағайындаймыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы кәсіпкерлік аясын кеңейту, мемлекет-жекеменшік серіктестігін дамыту, ауыл шаруашылығын субсидиялау, «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру, өндірілетін өнімдегі қазақстандық үлесті арттыру, сондай-ақ, ғылыми-зерттеу институттарын қатыстыру арқылы өнеркәсіп секторын инновациялық тұрғыдан дамыту шараларына назар аударды.
– Біз бәсекеге қабілетті экспорттық кәсіпорындарға негізделген индустрияландыруды жалғастыруға тиіспіз. Тауар жеткізу, қызмет көрсету және оларды тұтыну жөнінен жаһандық жүйеден орнымызды табуымыз қажет. Бұл мақсатқа трансұлттық компанияларды тарту арқылы қол жеткізе аламыз, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев əкімдер мен даму институттары басшыларының алдына отандық кəсіпорындарды одан əрі дамыту үшін инвесторлармен жұмысты жандандыру міндетін қойып, сөзінің соңында «Үшінші жаңғыру – бұл барлық əкімдіктер үшін, бүкіл мемлекет үшін күн тəртібіндегі басты мəселе. Өткен жылы Қарағанды облысына құйылған инвестиция 12 пайызға төмендеген. Облыста кəсіпкерлікті дамытуды, сенімді басқару мен қызмет көрсету келісімшарттарын қолға алу керек. Қарағанды – еліміздің экономикалық дамуының басты қозғалтқышы», − деді.
Кездесу соңында Қарағанды облысының жаңа әкімі Ерлан Қошанов Қазақстан халқына және Президентіне салтанатты түрде ант берді.
Өз тілшімізден.