Басты тақырыпТұлға

Елбасы тұғыры – Теміртау

Тұңғыш Президент күні қарсаңында Теміртауды айналып өту әсте мүмкін емес. Осы бір шап-шағын ғана қалада Елбасының қолтаңбасы, ізі сайрап жатыр.  Жастығы да осында. Үзеңгілестері де осында. Достары да осында. Естеліктер де осында. 

Президенттің өзі «Теміртау – мен үшін алтын бесік. Магнитканың тарихы, Теміртаудың тарихы, оның адамдарының тағдыры менің тағдырыммен ажыратылмас. Егер менің өмірімде Теміртау болмаса, мен ешқашан Президент болмас едім…» деген еді. Олай болса, бүтін құртты бөліп жеп, жарты құртты жара жеген  үзеңгілестерінің естеліктеріне бір ауық назар аударалық. Кейінгі буын білмейтін жалындаған жас Нұрсұлтан қандай еді?!.

Елбасы туралы үзеңгілестерінің естеліктері:

«Менің бақытты болуыма осы бір

қазақ азаматы көмектесті …»

«Өз тағдырыма ризамын. Әуелі, Нұрсұлтан досыма тәнтімін. Менің бақытты болуыма осы бір қазақ азаматы көмектесті. Егер де ол болмағанда… Әрине, көптің бірі болып жүре берер ме едім? Оның біздің отбасымыздың бір мүшесі болып кеткендігін өз ауызынан естідіңіздер ғой. Анам марқұм оны өз ұлындай жақсы көретін. Оған шексіз көңілмен сенетін. Маған: «Осы досыңды ренжітпе. Ол саған пана болады», — деп жиі ескертетін. Мен бұл сөзге мән бермейтінмін. Алыстан мамандық үйрену үшін ат арылтып жеткен қазақ жігітінің келешекте маған қалай жанашыр болатынына миым жетпейтін. Ол екеумізді спорт достастырды. Бірақ, мен оны балуан ретінде бағалаппын да, өнерлі жан екендігін білмеппін. Сенесіз бе, Нұрсұлтан Әбішұлы училищеде оқып жүргенінде украиндықтарға қазақтың әнін тыңдатты. Өнерін көрсетті. Жастар арасындағы концерт өз алдына, ол Днепродзержинск теледидары арқылы қазақ жастарының ішінен өнерпаздарын таңдап, жергілікті халыққа ләззат сыйлаттырды. Мен сол кезде домбыра дегенді бірінші рет көрдім. Нұрсұлтанның әншілігіне куә болдым. Мен ғана емес, менің жерлестерім оның өз ұлты үшін, өз халқы үшін жаратылғандығын сезіндік. Оның басқа жетістіктерін тізбелемегеннің өзінде, Астананы тұрғызғандығын ерлік іске пара-пар деген болар ем. Заманның ең қиын шағында жаңадан әдемі қала салу дегеніңіз ғажап іс қой. Досымның таңды ұрып айтуға жететін тарихи істері көп. Ол әлі де мемлекетін дамытып, әлемдегі озық елдердің қатарына жеткізудің қамында жүр. Оның өз мақсатын орындарына өз басым кәміл сенемін».

Николай ЛИТОШКА,

Елбасының 1958 жылдан бергі досы

 

«Нұрсұлтан Әбішұлының мақсаты ешбір көшбасшыға ұқсамас еді»

«1958-1960 жылдары Днепродзержинскіде бірге оқыдық. Қиын да қызықты сәттерді бастан бірге өткіздік. № 8 ТУ-де лекция тыңдадық. Металлургия зауытында домнаның құпия сырларына үңілдік. Үйрендік. Әлі есімде, Сұлтанның үйінен Алматының апорт алмалары пошта арқылы келетін. Таласа-тармаса жеп, мәз болысатынбыз. Сонда Сұлтан басқаларға жетпей қалмасын деп базарлықты тең бөлетін. Училищеміздің 80 жылдығына бірге бардық. Сонда өзімізді оқытқан ұстаздардың қолын қысып тұрып: «Мен сіздерді ешқашан ұмытпаймын. Украина – мен үшін алғашқы махаббат», – деген еді. Біз де осы сөзді қайталадық…». «Патриотизм бір күнде қалыптаса қоймайды, ол қанға ананың сүтімен сіңеді. Өзімізді мысалға келтірер болсам, Теміртауға келген жастардың басында талай қиыншылық болды. Қолма-қол металлург болып кету оңай емес-ті. Жұмыс ауыр. Кейбір жігіттер ауылына қайтып кетті, кейбіреулері: «Бізге бір жеңілдіктер болса» деп күңкілдеді. Сонда Нұрекеңнің бір емес, бірнеше рет: «Маған қандай жеңілдік болуы керек! Аяқ-қолым сау. Мен қазақ екенмін деп басқалардан өзіме ерекше қамқорлық сұрауым керек пе? Жоқ! Мен қазақпын. Бұл – менің елім! Менің жерім! Маған ешқандай жеңілдіктің қажеті жоқ! Адал еңбектен, күреспен өз нанымды, өз орнымды табуым керек», – деп айтқанын естіген едім. Ол партком хатшысы болып сайлағанда Мәскеуден шығатын орталық газетке «Причислен к отстающим» деген көлемді сыни мақала шықты. Авторы Полторанин. Кейін КОКП ОК хатшысы Владимир Иванович Долгих та жазды. Теміртау қалалық атқару комитетін басқарғанымда қиыншылықтармен кездестім. Бір ғана мысал айтайын. Перзентхананы жаңадан салғызып, пайдалануға бергізгеніміз сол екен, дүниеге келетін сәбилер саны екі есеге өсті. Ол партком хатшысы болып тұрғанда Магниткаға тек қазақ жігіттерін жинап қойған жоқ, қазақ қыздарын да көбейтті. Міне, ұлтжандылықтың жарқын көрінісі! Осыны неге айтпаймыз? Нұрсұлтан басқа хатшылар сияқты, «Мен парызымнан құтылдым» дегендей, проблеманы – қазақтың ұл-қыздарының Магниткада аз екендігін КОКП ОК алдында айтып қана қойған жоқ, ол өзінің айтқанын өзі орындады. Сонау қиындыққа толы 70-жылдардан соң оңаша отырғанымызда: «Сұлтан, мен сені 1960 жылдары Кубаның құрылыс отрядын, кейіннен өз мемлекетін басқарған Фидель Кастроға ұқсатамын», – дедім. Ол не деп жауап бергенін айтайын ба? «Оның ісі әрқашанда жақсы бола бермеді ғой. Фидель Кастроның орны өзгелерден бөлек», – деді. Мен бұл сөзіне қуандым, өйткені, Нұрсұлтан Әбішұлының мақсаты ешбір көшбасшыға ұқсамас еді».

Қабидолда САРЕКЕНОВ,

Елбасының Днепродзержинскідегі курстасы,

Теміртаудағы әріптесі

 

«Техникалық училищеде оқып

жүргенде-ақ ол ерекше көзге түсті»

«1958 жылы 10 сыныпты бітіргеннен кейін бір жыл колхозда жұмыс істедім. Сол жылы ҚазМУ-ға түскенбіз: мен – физматқа, Сұлтан – химфакқа. Қырсық шалғанда КСРО Үкіметінің қаулысы бойынша «2 жыл еңбек өтілің болмаса, конкурстан өтпейсіңдер» деді. Амал жоқ, ауылымызға қайттық. Күз мезгілінде Украинада кездестік. Үш топқа бөлінгенбіз. Дәнекерлеушілікте — Исламқұлов, Нәрікбаевтар, мен құю және бөліп құю краны машинисі, Сұлтан мен Қабидолла домна өндірісінде оқыды. Біз олардан 6 ай бұрын бітіріп, 1959 жылы қыркүйек айында Теміртауға келгенбіз. Болат қорытатын пеш дайын болмаған соң, сол жерде қара жұмысқа салды. Қай жаққа жібереді, сол жақта істедік. 1960 жылы шілде айында домна пешін іске қосты. Нұрсұлтан мен Қабидолла кенші болып жұмыс істеді. Украинадағы улилищеде бір бөлмеде 18-20 бала жататынбыз. Теміртауда Назарбаев, Сарекенов – үшеуміз бір бөлмеде жаттық. 1962 жылы бәріміз Қарағандыдағы политехникалық институтқа түстік. Қазақта айтады ғой: «Өсер бала жас кезінен белгілі болады». Техникалық училищеде оқып жүргенде-ақ ол ерекше көзге түсті. Сөзге шешен. Спортшы. Өнерпаз. Жұмысқа кіріссе, түбіне жетпей, жарты жолда тастап кетпейтін. Ертеңге қалдырмай, аяғына дейін жеткізеді. Пәтуалы адам. Қай уақытқа уәде берді, сол уақытта істейтін».

Сатыбалды ИБРАГИМОВ,

Елбасының Днепродзержинскідегі курстасы,

Теміртаудағы әріптесі

Материал  e-history.kz

сайтының негізінде дайындалды.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button