Спорт

Ел құрамасында – қола

Токиода оныншы мәрте жалауы желбіреген синхронды жүзуден Азия чемпионатында қазақ­стандық құрама қолаға қол жеткізді. Қытай, Жапония, Ресей сынды мықты құрамалармен үзеңгі қағыстырған қазақстандық жас спортшылардың жетістігіне мамандар жоғары баға беруде.

Бағдарлама барысында қарағандылық Екатерина және Александра Немичтер жұптасып өнер көрсетіп қоланы қанжығалаған. Сонымен қатар, 4 қоланы топтық сайыста жүлделеді. Топ құрамында қарағандылық бойжеткендер Алина Маткова, Екатерина Симонова, Ольга Ездакова, Елена Крылова, Лика Гулемина шеберлік танытты. Екі жылда бір рет өтетін құрлықтық турнирде осы жолы 700-ден астам спортшы бағын сынады. Дода кезінде спортшылар су спорты, трамплиннен секіру, классикалық және синхронды жүзуден жүлдені сарапқа салды.

Сондай-ақ, Қазақстан су добы құрамасы Азия чемпионатында жүлде алды. Бұл сынға Қазақстан ерлер және әйелдер құрамасы қатысты. Ерлер құрамасы финалда Жапониядан 6:7 есебімен жеңіліп, күміс медаль иеленді. Ал әйелдер құрамасы Қытай мен Жапониядан ұтылып, қола медаль иеленді. Су добынан Қазақстан ерлер және әйелдер құрамасы 2017 жылы Будапеште (Венгрия) өтетін әлем чемпионатына жолдама алды. Кейінгі жылдары еліміз су спортын дамытуға баса көңіл бөлуде. Су спортының дарынды саңлақтары аталған өнерлерін одан әрі тамыта түссе, тәжірибелерінің толысары анық. Оларды жоғары деңгейде жаттықтыру мақсатында мықты мамандардың тартылуы алдағы уақыттың еншісінде.

Нұрдос Кәрім

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button