Басты тақырыпСпорт

Ел мерейi – асқақ

      Сәрсенбіде шымылдығы түсірілген ХХVІІІ Қысқы Универсиада Қазақстан құрамасы үшін табысты болды. Ел намысын қорғаған жастар бұрын-соңды болмаған жетістікке қол созып, жаһандық доданы екінші сатыда тәмамдады. Қоржынымызда – 36 жүлде. Медаль саны бойынша Ресейден ғана осал түстік. Кеңес дәуірінен қысқы спортта көш бастап жүрген теріскейдегі көршіміздің оза шабары бесенеден белгілі еді. Сондықтан, спортшыларымыздың бағындырған биігін – абыройдың төрі деп қабылдаған жөн-ау.

Жастардың жетістігіне орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық құрама мүшелерін құттықтады.

«Сіздердің қайсарлықтарыңыздың арқасында Қазақстанның жалпы­командалық екінші орынға қол жеткізуі – елдің биік беделінің, бұқаралық спорттың дамығандығының ай­қын көрсеткіші. Қазақстанның спорт мек­тебінің даңқын тағы бір мәр­те ас­қақтатып, жоғары дайын­дық­та­рыңызды, жеңіске деген ұмтылыс пен ерік-жігерлеріңізді көрсеттіңіздер. 2017 жылғы Универсиада барлық қа­зақстандықтар үшін нағыз мерекеге айналды. Спортшыларымыздың жеңісі қысқы спорт түрлерін одан әрі дамытуға серпін беріп, келер ұрпаққа үлгі болуға тиіс. Универсиаданың ұйымдастыру комитетіне жарыс­ты жоғары деңгейде өткізіп, жауап­кер­шілік танытқаны үшін алғыс айтамын. Барлық спортшыларға мықты денсаулық және жаңа белестерді ба­ғындыру жолында табыс тілеймін!», – деді құттықтау хатта Президент.

Қысқы аламанның жабылу рәсімі «Алматы – Арена» кешенінде өтті. Салтанатты шараға ҚР Премьер-Ми­нистрі Бақытжан Сағынтаев, Ха­­лық­аралық студенттер спорты фе­дерациясының Президенті Олег Ма­тыцин, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек және 2019 жылғы Универсиаданы қабылдайтын Ресей­дің Краснояр қаласының мэрі Эдхем Акбулатов қатысты. 57 елден келген 2 мыңға жуық спортшы да кешен ішінен орын алды.

Алдымен спортшылар шерулетіп жүріп өтті. Құрамалар Универсиада ойындарын сәтімен өткерген Алматы қаласына, қазақстандықтарға деген ақжарма пейілін түрлі тәсілдермен танытты. Мәселен, Канада құрамасы «Алматыға рахмет» деген жазуы бар плакатты алып жүрді.

Шоу-бағдарлама «Ұлы дала сырлары» музыкалық қойылымымен ашыл­ды. Әнші Ардақ Балажан әсем әнді әуелетті. Бұдан кейін скрип­кашы Жәмилә Серкебаева орын­даған Түркештің «Көңілашар» күйі тыңдарман құлағының құрышын қан­дырса, «Ұлытау тобы» Махамбеттің «Жұмыр қылышын» төкті. Осы жерде 150 барабаншы оларға музыкалық сүйемелдеу жасады.

Салтанат барысында ҚР Премь­ер-Министрі Бақытжан Са­ғынтаев сөз алды.

Мыңжылдық тарихы бар Алматы екі апта бойы әлемнің спортсүйер қауымының көз тартар орталығына айналды. Осы уақыт ішінде әлем Қазақстанды, Қазақстан әлемді жаңа қырынан таныды. Халықаралық қау­ымдастық халқымыздың тамыры те­рең мәдениеті мен қанына біткен қонақжайлылығын, үздіксіз даму мен әлемдік бәсекелестіктегі қайратын сезді. Алматы Универсиадасы әлем спортының тарихына өзіндік ізін қал­дырды», – деді Үкімет басшысы.

Халықаралық студенттер спорты федерациясының басшысы Олег Матыцин Универсиаданың өте сәтті ұйымдастырылғанын айтып, ұйымдастырушыларға деген ризашылығын жеткізді.

FISU халықаралық студенттер спорты федерациясының атынан Қысқы Универсиаданы жоғары деңгейде өткізгені үшін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа және ұйымдастыруға атсалысқан барша халыққа ризашылығымды білдіргім келеді. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекке және спорт сүйер қауымға алғысым шексіз. Спортшылар мен еріктілерге қолдау танытқандарыңыз үшін рахмет деймін, – деген ол Алматы Универсиадасын жабық деп жариялады.

Алматы шаһарының әкімі Бауыржан Байбек дүбірлі доданы өткізуге үлес қосқан барлық азаматтарға, жанкүйерлер қауымына алғысын білдірді. Универсиада жалауын Краснояр қаласының мэрі Эдхам Акбулатовқа тапсырды. Өз кезегінде мэр спортсүйер жұртты Красноярға шақырды.

Келесі Универсиадаға дейін арада 752 күн бар. Красноярда кездескенше! – деді мэр. Жиында аталған қаланың тарихы мен мәдениетін таныстырған шоу көрермен назарына ұсынылды. Мұнда ресейлік мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада чемпионы Алексей Ягудин өнер көрсетті.

Универсиаданы ойдағыдай өткеруде еріктілердің де еңбегі молынан сіңгенін айта кету керек. Ойындардың ұйымдастырылуына 20 елден келген 3 мың ерікті бір кісідей атсалысты. Жабылу салтанатында олар үшін арнайы «Мың бұралған Алматы» әні қойылып, барлық еріктілер ортаға шақырылды. 78 жастағы канадалық Энтони Майкл Хилл мен ІІІ топ мүгедегі Серік Есмановқа ерекше алғыс айтылды.

Сәні мен мәні келіскен салтанатқа төрткүл дүние көгілдір экран арқылы куә болды. Шара тікелей эфирде әлемнің 80 еліне таратылып, миллиардтан астам көрерменге жол тартты.

Универсиада арқасында Алматыда маңызды спорттық нысандар пайда болды. «Алматы – Арена», «Халық – Арена» мұз сарайлары бой көтеріп, «Медеу» стадионы, Б.Шолақ атындағы спорт сарайы, «Шымбұлақ, «Сұңқар» спорт кешендері күрделі жөндеуден өтті. Шаһардың Алатау ауданында «Атлеттер қалашығы» тұрғызылды. Келешекте 1748 отбасы осы қалашықтағы жаңа пәтерлер кілтіне ие болмақ. Нәтижесінде, мегаполистегі тұрғын үй кезегі 10 пайызға кемімек.

Сөйтіп, Алматы Универсиадасын ел жастары 36 жүлдемен қорытындылады. Қазақстандық ең алғашқы алтын медальді үшінші жарыс күнінде биатлоншы Алина Райкова иеленді. Сондай-ақ, могулшылар – Дмитрий Рейхерд пен Юлия Галышева, биатлоншы Галина Вишневская екі мәрте алтыннан алқа тақты. Ал, жүлделер саны бойынша шаңғышы Анна Шевченкоға тең келер спортшы табылмады. Аннада түрлі сападағы 5 медаль бар. Мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен ел үмітін ақтап, биіктен көрінді. Хоккейшілер командасы тартысты жарыс жолында екінші орынды олжалады.

Универсиадада 85 медаль жиынтығы сарапқа түсті. Спортшылар конькимен жүгіру, биатлон, тау шаңғысы, шаңғымен трамплиннен секіру, керлинг, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарысы, сноуборд, мәнерлеп сырғанау, фристайл, шайбалы хоккей сындарында мықтылық байқасты.

Командалық бәсекеде Ресей құрамасы қара үзді. Ресейліктерде – 71 медаль. Оның 29-ы – алтын, 27-сі – күміс, 15-і – қола. Қазақстан еншісінде – 36 жүлде. Спортшыларымыз 11 алтын, 8 күміс және 17 қола медальді иеленіп, мерейімізді тасытты. Үздік үштікті 11 алтын, 5 күміс және 5 қола медальмен оңтүстіккореялықтар түйіндеді.

Айтары сол, 31 мемлекет сайыскерлері жүлдеге мүлдем қол жеткізе алмады. Ал, жеңіс тұғырының бірінші сатысына, тек, 15 елдің өкілі көтерілді. Төмендегі кестеде командалық бәйгенің қорытындысын ұсынамыз.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button