Аймақ

Ел игілігіне – жаңа емхана

Балқаш қаласындағы №2 емхана жаңа ғимаратқа көшті. Бұдан былай бұл емхана 19 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсететін болады. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасында бой көтерген медициналық мекеме қажетті құрылғылармен толық жабдықталған. Тіпті, өздігінен жүріп-тұра алмайтын науқастар үшін барлық жағдай жасалған.

– Бұған дейінгі отырған ғимаратымыз 1978 жылы салынған. Осы уақытқа дейін күрделі жөндеу жұмыстары да жүргізілмеген. Алғашқы кездері жұмысымызды отбасылық-дәрігерлік амбулатория ретінде бастағанбыз. 2000 жылдардан бастап емхана статусын иелендік. Қазір кең әрі жарық жаңа ғимаратқа көштік. Ең бастысы, мұнда барлық қажетті санитарлық талаптар ескерілген, – дейді №2 емхананың директоры Айнагүл Күлембаева.

Пациенттер бұл емханадан алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметіне тегін жүгіне алады. Бейінді мамандардың кеңесін алып, толық анализ тапсыра алады. Күндізгі стационарда ем қабылап, оңалту көмегі мен физиотерапияға да жүгіне алады. Сонымен қатар, емхана жанына жедел жәрдем, әлеуметтік дәріхана, пациенттерді қолдау қызметінің жұмысы да жолға қойылған.

– Бізде диагностикалық қызметтер де қарастырылған. Ультрадыбыстық зерттеулердің толық спектрі, эндоскопиялық зерттеулер-эзофагогастродуоденоскопия, кольпоскопия бар. Жеке үй-жайда рентген аппараты орнатылған. Пациенттер тредмил-тест пен велоэргометрді қолдана отырып жүктеме сынамаларын тапсыра алады. Электрокардиографиядан, ЭКГ холтер мониторингінен, қан қысымының тәуліктік мониторингінен, аудиометриядан өте алады, – деді Айнагүл Күлембаева.

Сонымен қатар, ғимаратта мүмкіндігі шектеулі пациенттерге медициналық қызмет көрсету үшін барлық жағдайлар жасалған. Пандустар, мүгедектер арбасына арналған арнайы көтергіш, лифт, қозғалысты жеңілдететін құрылғылар, тактильді жолдар және Брайль шрифтімен жазылған ақпараттық тақтайшалар да бар.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button