Екпеден қашу — қателік

Бүгінде облыс бойынша қызылшамен ауру көрсеткішін төмендету және оның одан әрі таралуын болдырмау мақсатында пәрменді жұмыстар жүргізілуде. Эпидемиологиялық жағдай бірқалыпты. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері мәлімдеді.

Басқарманың баспасөз қызметінің айтуынша, соңғы уақытта қызылшамен алты адам ауырған. Оның ішінде бесеуі бес жасқа дейінгі балалар екен. Себебі, олар осы ауруға қарсы әлі екпе алмаған көрінеді. Сонымен қатар, 26 жастағы бой жеткен қызылшамен сырқаттанғандығын жеткізді. Сонымен қоса, жұқпалы аурулардың алдын алумен оларға қарсы күресудің негізгі әдісі вакцинация болғандықтан екпені уақытында алуға шақырды. Екпеден қашу дұрыс еместігін тілге тиек етті.

Айта кетейік, қызылша вирусы науқас адамнан сау адамға ауа арқылы сөйлеген, түшкірген, жөтелген кезде мұрын және көмей бөлінділері арқылы тікелей және жанама қатынастар арқылы беріледі. Тіпті, науқас адам бөлмеден шыққаннан кейін де жұғуы ықтимал. Қызылшамен ауырған науқас қасындағы адамдар үшін бөртпе шықпастан 4 күн бұрын және бөртпе шыққаннан кейін 4 күн бойына қауіпті. Дерт жұққаннан кейін 7-18 күн бойы дамиды.