Жаңалықтар

Ефрейтордың ескерусіз ерлігі

Дүниені дүр сілкіндірген XX ғасырда адамзат тарихында «Екінші дүние­жүзілік соғыс» деп аталған алапат қырғын қазақ елін де жайпап өтті. Аудан орталығының батыс жағында Жидебай батыр кесенесінің маңында орналасқан бұрынғы Орджоникидзе атындағы колхоздан, қазіргі алақандай Қайрақты ауылынан 23 отбасының отағасы соғысқа аттанды. Олардың 11-і майдан даласында қалды.

Сурет автордан

Бүгінгі әңгіменің арқауы әкем Жұмке (Жұмажан) Исатайұлы туралы болмақ. Әкем Жұмке Қарқаралы уезіне қарайтын Қызылтау болысының №1 ауылында Нұра өзенінің бойында 1910 ит жылы дүниеге келген. Әкесі Исатай ашаршылық жылдарынан бұрынырақ ерте өмірден озған. Осы қиын-қыстау кезеңде отбасының ауыртпашылығы, өмірге әкелген 4 баланы өсіріп, тәрбиелеу Иса әжеме түседі. Әкейдің ағасы Әбжан отау құрған, бірақ, ол да 30-жылдары шешек аурумен ауырып, қайтыс болады. Ол заманда ауылдың жағдайы өте нашар еді. Қолдағы бар малды «голошекиншілер» тігерге тұяқ қалдырмай сыпырап алған. Алдағы ашаршылықты сезіп, әжем 3 баласы мен келінін ертіп, пана іздеп, Спасскідегі Әуесбай ағайынының (қайнысы) жанына көшіп келеді. Ол кісі осы кен орнында, ағылшындардың қарамағында ұсташы болып жұмыс істеген. Әкейді өзіне балғашы етіп, еңбекке тартады. Сөйтіп, біздің отбасымыз ашаршылықтан аман қалған.

1933 жылдың аяғына қарай Иса әжеміз балаларымен елге оралады. Әкей 1933-1942 жылдары Орджоникидзе атындағы колхоздың қара жұмысына жегіліп, күн-түн демей, қолынан келген жұмыстарды тиянақты атқарады. Бұл кезең қазақ ауылдарында кедей шаруаларды алғашқыда Мойын серіктерге (ТОЗ) біріктіріп, кейіннен колхоздастыру саяси жұмыстар қызу жүргізіліп жатқан.

1942 жылы әкей соғысқа аттанды. 1942-1943 жылдары соғыстың ең ауыр кезеңін Белорусия жерінде Батыс майданда, 50 Армия да 212 атқыштар дивизиясының 369 атқыштар полкінде қан майданда жан алып, жан беріскен алапат ұрыстарға қатысады. Колхоздың қара жұмысында әбден шыныққан жас жігіт бар күш-қуатымен, ажалдан қорықпайды. Соғыстың алдыңғы шебінде жүріп, қазақ жауынгерлеріне тән патриоттық жігерімен Отанын қорғап, ерліктің талай көріністерін көрсетеді.

Сөзім дәлелді болу үшін Одақтың Қорғаныс Министрінің Орталық архивіне жүгінейін:

«Приказ по 369 стрелковому полку 212 стрелковой Дивизии 50 Армии Западного фронта»
8 июля 1943 года №04/н Действующая Армия
От имени Президента Верховного Совета СССР Награждаю:
Медалью «ЗА ОТВАГУ»

2. Наводчика орудия батарей 45 мм пушек 369 стрелкого полка ефрейтора Исатаева Жумке за то, что в боях 13-15 июля 1943 года проявил себя смелым, мужественным, под огнем противника огнем из орудия уничтожил стонковый пулемет с прислугой, два миномета и уничтожил до 35 немецких солдат. 1914 года рождения кандидат в члена ВКП (б) с 1942 года».

Міне, осындай ерлік көрсеткен ефрейторды – әкемді аудандық комиссариат «Отанын сатқан» деген айып тағып, соғысқа қатысқандардың тізіміне қоспай, оны елеусіз қалдырды. Өкінішті-ақ.

Соғыстан келгеннен соң әкей колхоздың қат-қабат жұмыстарына белсене кірісіп кетті. Көктемде соқаға 4 өгіз жегіп, егін салды, жазда парлап – өгіз, ат, түйе жегіп қоғамдық малға жемшөп дайындады. Мен өзім 10 жасымнан бастап, өгіз айдап, әкейге погоншик болдым.

Қолдағы бірлі-жарым малға ол кездегі колхозшылар күз аяқталып, қыс басталған шақта ғана қолдары босап, ағарған қараған аралас көде шөпті шауып, бар-жоғы 2-3 тоннадай қысқа азық дайындайтын. Осыған да дәтке қуат деп отыратын ата-аналарымыз. Қыс аяғы ұзап, қиналса, қоғам малдарынан қалған шөптің қиқымдарын (кәшек) кезектесіп, бригадир не ферма меңгерушісі арқылы малға талғам жасайтын.

Қазіргі уақытта қай ауылға барсаң да, әр үйдің жанында бір-бір мая 40-50 тоннадан кем емес, шөп үйеді. Солай отырып, солардың арасынан «тұрмысымыз нашар» дейтіндер де кездесіп қалады.

Мен жас та болсам, осы жағдайлардың маңайында болып, қопарып тастамасам да, қолымнан келген колхоздың жұмысына қолғабыс еттім. Әкей 1947-1952 жылдары колхоздың бригадирі болып, табандылығымен жұмысқа деген жауапкершілігімен жұртшылықтың ризашылығына ие болды.

«Өлі разы болмай», тірі байымайды», – дегендей, Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында «Қайрақты» ауылындағы зиратты абаттандырып, осы ауылдың 23 майдангерлері мен 8 қуғын-сүргін жылдары сотталып, атылған азаматтарға арнап ескерткіш-монумент орнаттық. Жеңістің 80 жылдығына орай ауылдың азаматтары ескерткіш-монументті тазалап, ақтап, қоршауының тоз­ған жерлерін дұрыстап, сырлап, қалыпты күйге келтірді. Алла олардың қолдарына күш-қуат берсін. Бүгінде бұл қасиетті жерде өмірден өткен әкелеріміздің ұрпақтары жан-жақтан келіп, оларға дұға бағыштап, Жаратқаннан жақсылық сұрап, елдің тыныштығы мен халықтың амандығын тілейді. Майдангерлердің ерліктері есімізде мәңгі сақталады. Олардың ұрпақтарына бақытты өмір, бақуатты тірлік тілеймін!

Боранбай Жұмкеұлы,
Шет ауданының Құрметті азаматы

Басқа материалдар

Back to top button