Жаңалықтар

“Еңбекпен” тапқан нан тәтті

Қай кезде де адамды адам ететін адал еңбектің құндылығы жоғалмайды. Талпынған мұратына жетеді. Әсіресе, қазіргі бәсекелестік өрістеген шақта еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар жұмыссыз қалмайды. Жұмыссыздарға бос жұмыс орындарын тауып беріп, жеке ісін ашамын деушілердің жеңілдетілген несие мен гранттар алуына мүмкіндік жасайтын «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының іске қосылғанына – биыл үшінші жыл.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, қазіргі күні бағдарлама аясында өтініш берген 29 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Бағдарламаның бірінші бағыты аясында 700 адам техникалық және кәсіптік оқытуға жіберілсе, қысқа мерзімді кәсіптік оқуды 3513 адам аяқтап, 1127-сі жұмысқа орналастырылған. Екінші бағыты бойынша да атқарылған шаруалар баршылық. Кәсіпкер боламын дегендерге 1037 грант берілген. Оның жартысынан көбі – 505 мың теңге көлеміндегі қолдау. Жыл соңына дейін жоспарланған барлық 1663 грант берілетін болады. Ал, бағдарлама аясында шағын несие беру үшін 6 млрд. 925 млн. теңге бөлінген. Қазіргі таңда 960 тұрғын шағын несиеге қол жеткізді. Жұмыстар жылдың соңына дейін жалғасатын болады. Үшінші – халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту бағыты бойынша жұмысқа орналастыру көрсеткіші – 33074 адам.

Аймақтарды саралап көрсек, Балқаш қаласында осы күнге дейін 2662 адам жұмыспен қамтылған. 275 тұрғын кәсіби білім мен қысқамерзімді кәсіби оқытуға жіберілді. Оқыту курстары дуальдық оқыту әдісімен қаладағы екі колледжде жүргізілді. Оның ішінде, қажеттілігі байқалатын электр монтері, аспаз, электр-газ дәнекерлеуші, темір шебері, кран машинисі сынды мамандықтарға баса назар аударылды. Бұлардың 75,5%-ы жұмыспен қамтылды.

  • Қалада 54,9 млн. теңгеге 8 шағын несие берілсе, жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыру үшін 65 адамға 31,6 млн. теңгеге қолдау жасалды. Әлеуметтік жұмыс орындары, «Жастар тәжірибесі», қоғамдық жұмыстарға, яғни, мемлекеттен субсидияланатын жұмыс орындарына орналасқандар 2 мыңнан астам, – дейді Балқаш қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы директоры Жанар Қаржанова.

Саран қаласы бойынша «Еңбек» бағдарламасының жүзеге асуына 191,157 млн. теңге бөлінген. Қоғам сұранысына қарай кәсіптік және техникалық білім және қысқа мерзімді оқыту курстарына 201 адам тартылды. Бұл бағыттағы биылғы жоспар 105%-ға орындалды. Оған 48,969 млн. теңге бөлінген. Кәсіптік негіздері бойынша білім алуға 117 адам жолданды. Оның ішінде, «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша 53 адам болса, қалғаны «Бастау бизнес» бойынша білім алып, сертификат иеленді. Қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы мамандары қала тұрғыны О.Шалыгинаның жүк тасымалымен айналысу мақсатында алған несиесін, «Саран байыту фабрикасы» АҚ-на берілген 15,639 млн. теңге қаражат, кәсібінің айналымы үшін В.Дороховқа берілген 15 млн. теңге көлеміндегі шағын несие алушылар мысалдарын тілге тиек етті. Саран қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Светлана Лихачеваның айтуынша, жасанды тас өндірісі, жеке тапсырыспен аяқ киім тігу, жиһаз жасау цехы, барбершоп, наубайхана ашу және тағы басқа бағыттарда кәсібін ашқандар бар.

  • Бағдарламаның үшінші бағытын іске асыруға 64,0 млн. теңге бөлінді. Оның ішінде, 39,021 млн. теңгесі қоғамдық жұмыс орындарын ашу үшін жергілікті бюджеттен қарастырылған. Қаладағы 26 мекемеге жыл басынан бері 1080 адам жұмысқа жіберілді. 812-сі тұрақты жұмыс тапты, ал қалған 197- сі әлі қоғамдық орындарда жұмысын жалғастыруда, – деп түсіндірді С.Лихачева.

Әлеуметтік жұмыс орындарын ашуға жеті кәсіпорыннан өтініш келіп түскен. Жыл басынан бері мұндай жұмыстарға 24 адам жолданды. Оған 5,362 млн. теңге бөлінді. Халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмыскер жалақысының 35%- ын субсидиялайды. «Жастар тәжірибесі» бойынша маман іздеген кәсіпорындар мен мекемелерден бірқатар өтініштер келіп түскен. Бұл бағытта 20 млн. теңгеге жуық қаражат та игерілді.

Қазір облыста еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық базасы – «Еңбек биржасы» жұмыс істеп тұр. Ондағы жұмыс іздеушілер немесе ұсынушылар туралы мәліметтер күн сайын толықтырылады. Цифрландыру еңбек нарығы инфрақұрылымының тиімділігін арттыруға жол ашады. Осы әдіспен жұмыс іздеушілер қатары күн санап артуда.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button