«Еңбекке жол» – жастар игілігіне
Қарағандыда «Еңбекке жол» сайты таныстырылды. Аталған веб-ресурс жастарды жұмыспен қамтып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған.
ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, «ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистранттары «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-мен бірлесіп, 2017-2021 жылдары «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасының барысы туралы ақпарат беретін сайт құрды. Мақсат – 2019 жылдың 25 мамырына дейін жұмыссыз жастардың 3 пайызын жұмысқа тарту».
«Еңбекке жол» жобасы үш бағытта жұмыс істейді. Атап айтсақ, бағдарлама қатысушыларына техникалық және кәсіби білім беріп, қысқа мерзімде оқытып шығармақ. Сондай-ақ, жаппай кәсіпкерлікті дамытып, тұрғындардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етеді. Сөйтіп, еңбек ресурстарының мобильділігі арқылы еңбек нарығын дамытпақ.
Бағдарламаға 9-11 cынып оқушылары, кәсіби білімі жоқ және білім мекемелеріне оқуға түспеген тұлғалар, аз қамтылған отбасылардың балалары, жұмыс іздеген адамдар қатыса алады.
Аяулым СОВЕТ,
«Орталық Қазақстан»