Еңбек еткеннің еңсесі биік

ҚР Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ Жарлығымен «Еңбек күні» белгіленгенін білесіздер. Қыркүйектің соңғы жексенбісінде аталып өтілетін осынау мерекеге орай, Қарағанды қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі №4 кітапхана филиалының қызметкерлері Теміржолшылар мәдениет сарайының мамандарымен бірлесе отырып, «Бар ғұмырың мен еңбегің игілігіңе жараса» тақырыбы аясында еңбек ардагерлерімен кездесу-сұхбат өткізді.

Шараға №85, №12 ЖББОМ, №22 мектеп-интернатының оқушылары қатысты. Кештің құрметті қонағы ретінде еңбек ардагері, құрметті теміржолшы Виктор Погонин, еңбек ардагері, тыл еңбеккері Ирина Зайкина, еңбек өтілі 55 жылды құрайтын ардагер Николай Оприжко және облыстық клиникалық аурухананың еңбек ардагері Клавдия Бородавкина шақырылды.

Атаулы күннің басты мақсаты – еңбек адамының беделін өсіріп, өндіруші еңбекті ынталандыруға, жұмысшы мамандықтарын насихаттауға және өндіріс саласына жастарды көптеп тартуға түрткі болу. Сонымен қатар, мұндай мерекелер жұмысшылар әулетіндегі көпжылдық дәстүрді нығайтуға септігін тигізеді. Өңірімізде әр саланың тізгінін ұстап, оны отбасылық кәсіппен жалғаған еңбек майталмандары өте көп. Ерен еңбегімен, қажыр-қайратымен еліміздің көркеюіне үлкен үлес қосқан мұндай азаматтардың атын насихаттап, келешек жас ұрпаққа олардың өмір және еңбек жолынан өнеге қалдыру – бүгінгі ұрпақтың мойнында.

Кездесу барысында талай істің тамырын басып, талай еңбектің тізгінін ұстаған ардагер аға буынның жас ұрпаққа айтар ақыл-кеңесі де аз болған жоқ. Еңбек деген ұлы сөздің құдіретін өнегелі өмір жолымен дәлелдеген ардагерлер сол жолда кездескен қиындық пен қарбаласқа толы сәттерінен сан алуан сыр шертті. 80 жылдың тарихы бар Қарағанды облысының қарыштап дамуына бұл азаматтардың қосқан үлесі де өлшеусіз. Аймақ өмірінің гүлденуіне айрықша септігін тигізген жандар кешегі күннен келелі сыр қозғап, өлке тарихының өркендеуін тілге тиек етті. Ғибратты сөзден талай ұрпақ тәлім алды. Оқушылар ардагерлердің әңгімесін аса қызығушылықпен тыңдап, өздерін мазалаған сұрақтарын қойды. Еңбек ардагерлерімен өткен сұхбат оқушылардың болашаққа деген сенімін арттыра түскендей болды.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.