«Еңбек — бәрін жеңбек…»

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, қазір жұмыс істеймін деген адамға мүмкіндік көп. Кәсіп ашқың келсе, мемлекеттің түрлі гранты бар. Арнайы курстан өт те, бизнес жоспарыңды қорғап, жұмысыңды дөңгелете бер. Осакаров ауданында да бұл мәселе – басты назарда. Атап айтсақ, жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік гранттар беру «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде орындалып келеді.

Аудандағы халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген жұмыссыз жандар, жеке кәсіпкерлер және «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсынан өткен немесе аталған бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде оқуын аяқтаған адамдар мемлекеттік гранттар алуға үміткерлер санатына жатады. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде берілетінін атап өткен жөн. Дерекке сүйенсек, биыл Осакаров ауданының халықты жұмыспен қамту орталығына мемлекеттік грант алуға 93 өтініш берілсе, оның ішінде 51 өтініш мақұлданған. Мемлекеттік грантқа қатысуға бағдарламаның бірінші бағыты бойынша оқуды, сондай-ақ «Бастау Бизнес» жобасы бойынша курстарды бітірген адамдар (43 адам) үміткер бола алады. Сондай-ақ, бұрын осы бағдарлама бойынша грант алмаған адамдар, оның ішінде жастар (26 адам), көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың мүшелері (8 адам), еңбекке қабілетті адамдар (3 адам), жұмыссыздар (14 адам) қатысады. Мемлекеттік гранттардың қандай бағыттарды қамтығанын, нендей кәсіпке берілгеніне қысқаша тоқталсақ, кафельді плиткаларды төсеу қызметі, ноутбук пен компьютерді жөндеу және диагностикалау бойынша шеберханасы, үйдегі суши-бар, тұрмыстық жөндеу қызметтері, жөндеу-құрылыс жұмыстарын ұйымдастыру, дәнекерлеу, монтаждау қызметі, металл өнімдерін өндіру һәм 1 массаж кабинетін ашу сынды пайдалы кәсіп иелері грантқа қол жеткізгенін айта кету керек. Осы бағдарлама арқылы грант алып, балық шаруашылығын дөңгелетіп отырған Зоя Авдеевамен тілдесудің сәті түсті.

Биыл ақпан айында тендерге қатысып, жеңдік. Енді өзіміздің су қоймамыз бар. Осы кезге дейін ауылда жалданып жұмыс істедік. Балық өсірумен айналысамыз. Мемлекеттен 583 400 теңге грант көмек алып, моторлы қайық сатып ал дық. Жұмысқа ауадай қажет. Біздің аумақта балық аулау үшін жолдама 2 күнге 600 теңге. Рұқсатсыз келсе, заңмен жазалап, айыппұл саламыз. Кәсібіміз ККБШ-да (Көлдегі кәсіптік балық шаруашылығы) толық тіркеліп, рәсімделген. Алабұға, табан, сазан сынды балық түрлерін өсіреміз. Биыл 3 млн. теңгеге сазанның 50 мың дана шабағын әкеліп жібердік. Алдағы уақытта пайдасын көреміз деген сенім үлкен. 2 баламыз бар, мал ұстаймыз, – дейді Зоя Сергеевна.

Бұдан бөлек, шиномонтаж шеберханасы, екі автошеберханасы, бір үй маңындағы аумақты абаттандыру және тазалау бойынша қызметтер орталығы, он сегіз – ІҚМ, ҰММ өсіру (құс шаруашылығы, балық аулау, омарташылық), сегіз маникюр шебері, екі үйде пісіру орталығы, кірпіктерді ұзарту, кірпіктер мен қастарды әрлеу бойынша қызметтер, дәнді дақылдарды құрама жемге қайта өңдеу, сүт өнімдерін қайта өңдеу және одан әрі сату, әйелдер киім-кешек дүкені, мал сою бойынша қызметтер орталығы, автокөліктерге арналған ЕВА кілемшелерін өндіру, «әл Хиджама» әдістемесі бойынша капиллярлық қан түсіру кабинеті, «Мой дом» клинингтік қызметі, дәнекерлеу цехы, темір-бетон бұйымдарын өндіру, үйде тігін шеберханасы, бөлшек сауда кәсіп иелеріне де гранттар берілген.

Биыл 560 мың теңге грант алдым. Торт, бәліш, тоқаштың түр-түрін пісіріп, сақтауға қажетті бұйымдарды сатып алдым. Пеш, газ плитасы, тоңазытқыш – бұл кәсіпке ауадай қажет. Қазір ауруханадамын. Кәсібім ептеп жүріп жатыр. Тапсырыстар әзірге таныс-білістер арқылы түседі. Болашақта кәсіпті дамыту ойда бар. Осындай кәсіп ашуға көмектескен мемлекетке алғыс айтамын, – дейді Фариза Рахметова.

Бүгінде ауданда кәсіпкерлікке баса назар аударылып, елді еңбекке баулу жұмысы қызу жүргізілуде.

Жәлел ШАЛҚАР.

ОСАКАРОВ ауданы.