Облыс әкімдігінде

Еңбек қауіпсіздігі селқостықты көтермейді

Қарағанды облысының әкімдігінде өндірістік жарақаттану статистикасы мен кәсіпорындардағы тексеру нәтижелері жарияланды.

– 2021 жылдың бес айында 96 жазатайым оқиға орын алды. Онда 122 адам зардап шекті. Оның ішінде, 16 адам қайтыс болған. Жазатайым оқиғалардың көбі – тау-кен металлургия, көмір және құрылыста орын алады. Негізгі бөлігі “АрселорМиттал Теміртау” АҚ, “Қазақмыс” корпорациясы” ЖШС, “Шұбаркөл Көмір” АҚ, “Altyn Komir Service” ЖШС және өзге ірі кәсіпорындарда тіркелген, – деп хабарлады еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы Ирина Любарская онлайн режимде өткен аппараттық кеңесте.

Негізгі себептердің қатарында қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етудегі олқылықтар, қауіпсіздік техникасын сақтамау, өндірісті жаңғырту жеткіліксіздігі. Жыл басынан бері полиция органдарына жұмыс істеп жатқан жазатайым оқиғаларды арнайы тергеуге 110 материал жіберілді.

Басқарма басшысының мәліметінше, өнеркәсіптік кәсіпорындарда 319 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 255 бұзушылық анықталды. Бүгінгі таңда олардың барлығы жойылды. 40 заңды және лауазымды тұлға әкімшілік жазаға тартылды. Айыппұлдардың жалпы сомасы 8,9 млн. теңгені құрады.

Ирина Любарская аймақта 2019-2023 жылдарға арналған өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайларындағы зиянды жұмыс орындарын азайту жөніндегі жол картасы және “Қауіпсіз еңбек” бағдарламасын іске асыру туралы баяндады.

Облыста 160 ірі кәсіпорын еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша халықаралық және ұлттық стандарттарды енгізген (OHSAS 18001, ХЕҰ-ЕҚБЖ). Бес кәсіпорын Vision Zero бағдарламасына қатысады. 31 кәсіпорынға “Халықтық бақылау” жобасы енгізілді. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі 1 128 өндірістік кеңес жұмыс істейді.

– Біздің өнеркәсіптік өңірімізде қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселелері әрдайым өзекті. Өкінішке орай, ереже бұзушылықтар жұмыс берушілер де, жұмысшылар тарапынан да жіберіліп жатады. Өндірістік жарақаттануды азайту бойынша шараларды күшейтіп, қауіпсіздік ережелерін көбірек түсіндіруі қажет, – деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімі жазатайым оқиғалар орын алған әрбір кәсіпорында еңбек жағдайын жақсарту бойынша нақты жоспар әзірлеуді тапсырды. Барлық өндірістік кәсіпорындарда кәсіби тәуекелдерді бағалау, азайту бойынша шаралар қабылдау қажет.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button