ЖаңалықтарРуханият

Достық қымбат еді бізге…

Бүгін Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің Студенттер сарайында өмірден ерте өткен айбоз ақын, облыстық, республикалық ақындар айтысы мен жыр мүшәйраларының жүлдегері Сәттібай Жүнісовті еске алуға арналған «Өмір деген өлшеулі сапарда бұл…» атты кеш өтеді. Кешке ақынның қаламдастары мен зиялы қауым өкілдері, өнер майталмандары қатысып, Сәттібай туралы есті естеліктерімен бөліспек. Сонымен қатар шарада ақынның «Пырақ» атты жыр жинағының тұсауы кесіледі деп жоспарлануда. Осы бір айтулы күнге орай, марқұмның қаламдас досы Сұлтан Дәулетханұлының «Достық қымбат еді бізге» мақаласын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік…

Ortalyq.kz.

Сурет: ұйымдастырушылардан

АЛЛАНЫҢ бір өзі мыңға татиын Сәттібайдай досты тағдыр-талайыма өлшеусіз сый етіп жолықтырғанына әр кез шүкіршілік етем.

Біздің таныстығымыз 1998 жылдың 1 қыркүйегінде университетіміздің 8-корпусының екінші қабатындағы кітапханада басталды. Филология факультетіне қабылданған елудей студенттің жетеуі ғана ұл болды. Студенттік шақтың қызық-шыжығы бәрімізге ортақ болғанымен, Сәттібай екеуімізді етене жақындатқан жанымызға ортақ құндылықтың бірі Поэзия еді!

Мен қазақ мектебіне қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін топта оқысам, ол орыс мектебіне қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін топта оқыды. Біз лекцияда ғана бір аудиторияда болатынбыз. Өзімізге «пайдасы шамалы» саналатын лекцияларда артқы орынға жайғасып, кітапханашыдан бір-екі сағатқа сұрап алған, үйге берілмейтін сирек қор кітабын оған көрсетіп, бірге оқып, қажет жерлерін дәптерге көшіріп алушы едік.

Ол М.Әуезов кітапханасының бас корпусқа жақын филиалы орналасқан үйде, мен екінші жатақханада тұрғандықтан, сабақтан үнемі бірге қайтамыз. Жол бойы кітаптан жаттаған өлеңдерді бір-бірімізге оқып, үйге оқуға берілген көркем шығармалар туралы әңгіме өрбітеміз. Осы бір сәттер жан дүниемізді байытқан, рухани достығымыздың алтын көпіріне айналған ғажап сәттер ретінде жадымда жаңғырып тұратыны сөзсіз.

Оқу бітіретін 2002 жылдың 12 наурызында Студенттердің мәдениет сарайында «Ей, ақындар, ортаңнан жол ашыңдар!» атты мүшәйра өтті. Бұл айтулы кешті Сәттібайдың өзі жүргізді. Ерлан Төлеутай, Жансая Жанғазыұлы, Азат Мақсұтбекұлы, Руслан Нұрбай, Қайрат Асқар ағаларымыз қазылық жасаған мүшәйра Арқа жырындағы алдыңғы толқын ағалардың жолын жалғастырар жас буын бар екендігімен жұрт есінде қалды. Атап айтар болсам, «Алмас» деген бүркеншік атпен Сәттібай Жүнісов досым, «Кербұғы-Шерік» лақап атымен Ілияс Мұқаев бауырым, «Жаралы Вургун» әдеби есімімен осы жолдардың авторы Сұлтан Дәулетханұлы жеңімпаз ретінде танылып, болашағынан үміт күттіретін жаңа есімдер ретінде жарқ етті.

Сурет: автордан

Дипломымызды қолға алатыннан бір ай бұрын төрт жыл оқытқан ұстаздарымызға, өзімізден кейінгі студенттерге арнап «Қоштасудың қиыны-ай…» тақырыбында әдеби-сазды кеш өткіздік. Жиналғандардың көңіліне шаттық, көзіне жас үйірілткен есте қаларлық кеште де ардақты досымның өзіндік қолтаңбасы қалған-тын.

Сәттібайдың алғашқы қызметі университеттің Студенттер сарайында, менің еңбек жолым Бұқар жырау ауданына қарасты Ақтөбе ауылындағы мектепте мұғалім болудан басталды.

2003 жылдың қаңтарында оны сағынып жүргенде туған «Досқа хат» өлеңімді өзі ұйымдастырған тағы бір кешке арнайы барып оқығанымда балаша қуанғаны бар. Осы өлеңді қай жерде бас қоссақ, міндетті түрде оқытушы еді.

«Қалың қалай,

Темкеңнің тентек ұлы?

Ел қызығар ертегі – ерке күні.

Айлар өтті өзіңді көрмегелі,

Сағыныштан өзегім өртенулі», – деп басталатын өлеңнің алғашқы шумағын сол кездегі жора-жолдастардың көбі менімен қоса айтушы еді.

Кейін қалаға жол түсіп жұмыс орнына арнайы сәлем бере келгенде оның айналасына кіл өнерлі жастардың жиылатынына, үйінде де айтыскер ақындардың жиі бас қосатынына куә болғаным бар. Ол да, мен де шешендігіне ерекше тәнті боп жүрген, айтыстың ақтаңгері Оразалы Досбосынов ағамызды алғаш рет Алматыда көрсем, екінші рет Сәттібайдың шаңырағынан ұшырастырдым.

Үйлі-баранды, балалы-шағалы болғандағы қуаныштарымызда бір-біріміздің төрімізден табылатындығымыздың өзі – өмірдегі ең қымбат кездер. Оның әке-шешесімен, қарындас-бауырларымен қалай сыйлассам, менің жақындарыма да солай құрмет көрсетіп өтті.

Жырларымның, әңгімелерімнің алғашқы оқырманы да – Сәттібай. Оның да шабытты шақтарына алғашқы боп жаныммен қуанатындардың бірі мен едім.

Біздің әзілдесіп-қалжыңдасып жүретін кезімізді білетін жары Айнаш: «Сен Сұлтанмен қатты ойнайсың. Бір күні көңілін қалдырып жүрме», – дейді екен.

Содан ба екен, Сейіл ағамыз дүниеден қайтқан күннің ертеңінде, қатты күйзелгеннен бе екен, маған: «Сұлтеке, ойнап жүріп абайсызда өкпелеткен жерім болса, кешірші! Ең қымбаты адамның көңілі екен ғой бұл өмірде», – деген-ді жүрек сырын ақтарып. Менімен екінің бірі дәл Сәттібайдай ойнай қоймайтын. Темірғали әкеміз де біздің ойын көтере білетінімізге дән риза болып жүретін.

Арада жиырма бір жыл өткенде біз бір сахнада өнер көрсеттік. Майқұдықтың мәдениет үйінде өткен «Қарашада өмір тұр…» атты кеште Сәттібай, Ілияс үшеуіміз Руслан Нұрбай ақындардан кейінгі толқын болып ел алдына шықтық. Бұл да Сәттібайды сағынғанда көріп отыратын, көңілге жұбаныш болатын тарихи сәттің біріне айналды…

Былтырғы жылдың 12 желтоқсанында туған «Досқа хат – 2» деген өлеңді 31 желтоқсанда досыма жолдадым. Мұнда «Достық қымбат еді бізге мансап пенен тақтан да» деген тармақ бар. Ол телефоныма: «Ассаламуғалейкум, Сұлтеке дос! Рақмет! Тамаша жыр арнапсың тағы да! Жаза бер. Бәрінің басын қосып бір жауап беремін», – деген жүрекжарды лебізін жазды. Іле-шала Қазтуған жыраудың «Қайран да менің Еділім» толғауын орындап отырған сәтін видеоға түсіріп жіберді. Бұл – біздің телефон арқылы соңғы емен-жарқын әңгімелесуіміз…

Асыл досымыздың қазасын ести сап әулетіне көңіл айтуға барғанда, ақын бауырым Мақсат Ахановтың: «Қалың қалай, Темкеңнің тентек ұлы?» деп тұрушы ең. Енді арамызда оның болмайтыны қандай өкінішті», – деп көзге жас алуы жанымды онан әрмен құлазытты.

Өлшеулі ғұмырыңның мәнді болуы – жаныңды ұғатын, ортақ құндылыққа негіз болатын Достың барлығы. Ол – Сәттібай!

Серік болдың шақтарда алаң да елең,

Жан нұрымен сусаттың ширек ғасыр.

Достығымнан жыр бүрлеп саған деген

Сағынышым жүректе күй боп тасыр…

Сұлтан ДӘУЛЕТХАНҰЛЫ,

ақынның досы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button