Рухани жаңғыруТеміртау

Достығы – бекем, мұраты – мығым

Бейсенбі күні Теміртаудағы «Әлем» балалар мен жас-өспірімдер орталығында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Қазақстан халқының бiрлiгi күнiне арналған мектеп оқушылары арасындағы «Достығымыз жарасқан ел» атты ұлттар мәдениеті жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Іс-шара Теміртау қаласының ішкі саясат бөлімінің қолдауымен өтті.

Ұлттар мәдениеті жәрмеңкесінің басты мақсаты – облыс аумағындағы ұлт пен ұлыстар арасындағы достастықты нығайтып, жас ұрпақты патриоттық және интернационалдық рухта тәрбиелеу. Сонымен қатар, ұлт өкілдерінің мәдени мұраларын сақтап, ұлттық өзін-өзі тану, көп ұлтты халыққа деген сезімдерін нығайту, Қазақстан халқының тең құқылы азаматтары ретінде ұлтаралық келісім мен өзара түсіністікті қалыптастыру көзделді.
Татулығы тұғырлы, бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі елдің бiр атаның баласындай тату-тәттi тұрып жатқандықтарын «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының оқушылары театрландырылған қойылымдар арқылы жеткізіп, қала тұрғындары мен қонақтарын естен кетпес әсерге бөледі. Осы күні Теміртаудағы 22 білім ұясының оқушылары түрлі ұлт өкілдерінің киімдерін киіп, сол ұлттың биін билеп, әнін айтты. Мұнымен бірге, ұлттық тағамдарын да әзірледі. Бұл аз десеңіз, ұлттың шығу тарихы мен салт-дәстүріне арналған буклет жасап, көпшілікке таныстырды.
Шарада сөз алған Қарағанды мемлекеттік индустриялық университетінің «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі Татьяна Семенова, Теміртау «Кареяна» кәріс этномәдени бірлестігінің төрағасы Вера Цой, «Полония» поляк мәдени бірлестігінің өкілі Гайни Оспанбекова ақжарма лебізін білдірді.
– Саясына сан ұлтты сыйдырған қазақ елінің басты байлығы – татулық. Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету – әр адамның парызы. Әр ұлттың өзіне тән ерекшелігі бар. Оны музыка мәдениетінен, би өнерінен, қол өнерінен, тұрмысынан байқаймыз. Ән-күйлерді тыңдай отырып, билерін, ою-өрнектерін, зергерлік әшекей заттарын көре отырып, оның қай ұлтқа тән екенін ажырата білуге болады. Бүгін біз осы көріністі оқушылардың бойынан көріп қуандық. Осындай игі шараға ұйытқы болып жатқан Теміртау қаласының әкімдігіне және ішкі саясат бөліміне алғыс білдіреміз. Бұл – көп ұлтты Қазақстанның халқы бірлігінің шынайы көрінісі, – деді Татьяна Семенова.
Сондай-ақ, «Әлем» балалар мен жасөспірімдер орталығының директоры Инна Тихомирова Теміртауда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы табысты жүзеге асып жатқандығын атап өтті.
– Бүгінде біздің ұлттар ынтымағы мен бірлігін берік ұстанған көп ұлтты еліміз – баршаға үлгі. Бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан түрлі ұлт өкілдері өздерінің төл мәдениетін, тілі мен салт-дәстүрін дамыту мүмкіндігіне ие, – деді Инна Тихомирова.
Шара соңында белсенділік танытқан мектеп оқушылары мен жетекшілеріне дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.

ТЕМІРТАУ қаласы.
Нұрдос Кәрім

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button