Жағымды жаңалық

Доскейде – қоныс тойы

Баспана – қоғамды алаңдатып отырған өзекті мәселе. Үй салу мен сатып алу әр адамның қолынан келе бермейтіні жасырын емес. Әрине, жұртшылықтың жоғын түгендеуде мемлекет те қарап отырған жоқ. Мәселен, Бұқар жырау ауданына қарасты Доскей ауылында тұрғындарды баспанамен қамту ісі қарқын алуда.

Тоқырау жылдарында ауыл түгілі шағын қалалардан да үдере көшу үрдісі белең алды. Үлкен қалаларға бет алған ел сол кездегі жағдайға байланысты үй-жайларын шама-шарқынша саудалағанымен, басым көпшілігі тастап кетті. Әсіресе, бос қалған көпқабатты үйлер қараусыз қирап қалды. Бүгінде аудан бойынша соттың шешімімен коммуналдық меншікке 6 үй қабылданды. Оның 187 пәтері – Доскей ауылында.

– 40 пәтерлік үй қалпына келтіріліп, пайдалануға берілді. Елді мекен бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 139 адамның ішінде көпбалалы отбасылар, халықтың әлеуметтік осал топтары, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, бюджеттік ұйымның мемлекеттік қызметшілері бар. Осындай санаттағы адамдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынып жатқан жұмыстар ауқымды. Бос қалған үйлерге күрделі жөндеужұмыстарын жүргізу, айналасын абаттандыру, жарықтандыру жұмыстарымен қатар, ойын және спорт алаңдарын да салу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, инженерлік инфрақұрылым яғни, жылу жүйесі, кәріз жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары да өз мәресіне жетті. Қазіргі уақытта 5 қабатты 2 үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Келесі жылы құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, кезектегі адамдарға үлестірілмек, – дейді Доскей ауылдық округі әкімдігінің бөлім басшысы Нұркеш Шакманов.

Іргетасы 1980 жылдары қаланып, 1993 жылдан бері бос тұрған үйлер арнайы тексеру комиссиясынан өтіп, тұруға жарамды екендігі анықталған. Алдыңғы лекте пайдалануға берілген үйден баспаналы болған Мария Сариди мен ұлы Анастас бұл сәтті көп күткендіктерін жеткізді.

– Мамандығым – шаштараз. Денсаулығыма байланысты жұмыстан қол үздім. Жеті жыл үй кезегінде тұрдық. Жыл басында бізге пәтер беріледі дегенде қатты қуандым. Жалға төлейтін қаражаты да көп емес, ай сайынғы төлем 2 мың теңгеден асады. Белгілі мерзімнен кейін жекеменшікке ала аламын. Шама-шарқымызша ішкі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Пәтеріміз жылы. Бастысы – ұлым үшін ең үлкен қуаныш – футбол алаңының салынып жатқандығы. Қазір аптасына 4 рет облыс орталығындағы «Шахтер» стадионына барып жаттығып жүрген едік – дейді пәтер иесі. Елді мекенде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан көпқабатты үйлер облыстық білім басқармасына, қалалық №4 емханаға және С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрына берілген. Алдағы уақытта жауапты органдар дайын пәтерлерді өз қызметкерлеріне арендалық баспана ретінде ұсына алады.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button