Әдістеме әлемі немесе төрт дағдыны дамытуға төте жол

Ұстаздар қауымы бүгінгі сабақтың кешегі сабақтан өзгеше, ал, ертеңгі сабақтың бүгінгі сабақтан жақсы болуы үшін алдына үлкен мақсат қойып, сол мақсат жолында тынымсыз еңбек етуде. Қазіргі таңда қоғамның білімге деген талабы – жоғары. Білім саласы сан тараулы ақпараттарға толы. Болашақ білімді ұрпақты даярлайтын мұғалімдер қауымы болғандықтан, олар ешбір жаңалықтарды қалт жібермеуі тиіс.

«Нені оқыту керек?», «Не үшін оқыту керек?», «Қалай оқыту керек?»

Оқушы бұрын тек тыңдаушы болса, енді ізденуші, ойланушы, ал мұғалім – осы әрекетке бағыттаушы, ұйымдастырушы. Ағылшындық ағартушы Уильям Уорд «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады» дегендей, оқытудың сапалы және табысты болуы – белгілі бір деңгейде мұғалімнің қалыптасып отырған жағдайларға бейімделе алуында.

Оқыту технологиясы мен әдістеме ғылымы бір-бірімен тығыз байланысты. Әдістеме ғылымы «Нені оқыту керек?», «Не үшін оқыту керек?», «Қалай оқыту керек?» деген сұрақтарға жауап іздесе, оқыту технологиясы «Қалай нәтижелі оқытуға болады?» деген мәселенің шешімін іздейді. Олардың мақсаты бір, яғни, оқытудың тиімді жолдарын қарастыру.

Осы орайда, қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі ретінде сабақтарымда тілдік төрт дағдыны қалыптастыру мақсатында оқыту формаларының тиімді тәсілдерін қолданамын. Педагогика ғылымына елеулі үлесін қосқан Жүсіпбек Айтмауытов «Бала әуелі тәжірибеге талпынып, нәрсемен танысып, сонан кейін сол нәрсе туралы сөйлесін, тыңдасын, жазсын, оқысын, тілге үйренсін» дейді. Яғни, оқушыларға осы төрт дағдыны барынша жетілдіруге мүмкіндік берудің маңызы зор.

Мұғалім ретінде мені білім алушылардың айтылым дағдысы жақсы қалыптасып, жазылым дағдысына икемсіздігі немесе керісінше болып келуі толғандырады. Яғни, білім алушы қатарынан айту, сөйлеу, жазу, оқуға икемді болып келе бермейді. Көпшілігі аталғандардың бір-екеуіне ғана қабілетті болады екен. Білім берудегі төрт дағдының көздеген мақсаты – әр тұлғаның жеке қабілетін ашып, өмірге бейім адамды қалыптастыру болса, соның ішінде жазылым дағдысының көтерер жүгі өте ауыр.

Алғышарт – тыңдалым әрекеті

Тілдік төрт дағды (айтылым, тыңдалым, оқылым, жазылым) оқушының сөйлеу әрекетін қалыптастырады. Осылардың арасында басқа дағдыларды қалыптастырудың негізгі алғы шарты – тыңдалым әрекеті. Өйткені, күнделікті өмірде оқушы көптеген ақпаратты сағат сайын естіп, көріп тыңдайды. Кез келген ақпаратты тыңдау арқылы түсіну, сөйлеу әрекетін қалыптастырады.

Көптеген дерек көздеріне сүйенсек, жазылым дағдысы асықпай ойлап, баяу қимылдайтын оқушыларға лайықты дағды екендігі көрсетілген. Олар әр сөйлеміне баса мән беріп, ерекше идеяларын жинақтап, баяндауға тырысады және бұл істе айтарлықтай шеберлік танытады. Табиғаты шапшаң балалардың жазылым дағдысы кешеуілдейтіні байқалады екен.

Оқушылардың жазылым дағдысын арттырып, шығармашылықтарын шыңдауда «Шығарманы өзіңше аяқта», «Эссе жазу», «Кейіпкерге хат жазу», «РАФТ» стратегиясы, «Бес жолды өлең», «ПОПС» формуласы сынды әдістер өте тиімді. Сондай-ақ, оқушының жазылым дағдысын арттыру барысында жазылған жұмыстар тексерілгеннен соң, келесі күні үздік жазатын оқушыға жазған жұмысын (эссе, ойтолғау ) міндетті түрде аудиторияда оқуды ұсынамын. Басқа дағдыларды қалыптастырудың негізі тыңдалым әрекеті деп жоғарыда айтып кеткендей, өзге оқушылар тыңдай отырып, қайта жазу арқылы жазылым әрекетін қалыптастырады.

Оқу бағдарламасында берілген оқу мақсаттары оқушылардың айтылым, тыңдалым, жазылым, оқылым әрекеттерін қамтып, белсенді оқыту әдістерін қолдану арқылы іске асырылады. Сондай тәсілдердің бірі – топта, жұпта жұмыс жасау. Топтық жұмыс, жұптық жұмыстар жеке шешуге болатын тапсырмаларды емес, анағұрлым күрделі тапсырмаларды шешуді көздейді. Топта оқушылар бірінің пікірін бірі тыңдай отырып, дәлелдер, ойын ұсыну арқылы оқиғаларды сипаттауда түрлі мүмкіндіктерге ие болып, диалогтік қарым-қатынасқа түседі.

«Диалог – тек алма-кезек сөйлесу емес, ойдың соғысы, ой мен ойдың жалындауы, мінез бен мінездің найзаласуы, идея мен идеяның қылыштасуы», – деп Әбділдә Тәжібаев айтқандай, оқушылар сыни көзқарастарын білдіре отырып, сөздік қорлары молаяды.

«Жаңартылған бағдарламада – диктант жоқ»

«Жаңартылған бағдарламада сауаттылықты нығайту мақсатында жазылатын диктант жоқ» деп ұстаздар қауымы алаңдаушылық білдіріп жатамыз. Алайда, менің ойымша формативті-қалыптастырушы бағалауды өткізу кезінде диктант жазуға мүмкіндік бар. Сөздік диктант, көру диктанты, хат жазу сияқты жазба жұмыстарын әр сабақта қолдануға болады. Жазылым мақсаттары жүзеге асырылатын сабақтарда, мәтінмен жұмыс барысында диктант жаздыруды оңтайлы ұйымдастыруға болады. Әрине, ол мұғалімнің шеберлігіне байланысты.

Оқушыны шығармашылық ойлауға, жылдамдыққа, икемділікке, тапқырлыққа үйрету – мұғалімнің әр сабағында қалыптасып отыратыны анық.

Мөлдір ТІЛЕУБЕКОВА,

С.Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.