Руханият

Дидары жарқын “Дидар” алпыстың асқарынан асты

Бұл бір ұжымның ғана емес, жалпы, жезқазғандықтардың ортақ қуанышына айналды. Мерейлі мерейтойға әрісі – Алматы мен Нұр-Сұлтаннан, берісі – облыстың әр өңірінен журналистика саласының небір майталманы ат арылтып келіп, көпшіліктің қуанышына ортақтасты. Металлург алаңындағы «Қазақтың Қанышы» атанған Сәтбаев ескерткішіне гүл шоғын қойып, алғашқы академик атындағы тарихи-өндірістік мұражайды тамашалаған қонақтар бүкілдүниежүзілік телевизия күнімен тұспа-тұс келген мерейтой салтанаты өтетін халықтар достығы мен мәдениеті үйін бетке алды.

Салтанатты жиында заманауи телевизияның тамаша техникалық мол мүмкіндігіне тәнті болдық. Әдемі үйлесім тапқан әуе толқыны мен сахнаның сәнін керемет кештің тізгінін ұстаған телеарна ардагерлері – Петр Севастьянов пен Аманкүл Арымбекова, жастар – Мәди Тұрсынғалиев пен Маржан Ғабдысаттар одан әрі әрлендіре түсті.

Телеарнаның қалыптасуына қажыр-қайратын жұмсап, бүгінде бақилық болғандар бейнесі экраннан көрсетіліп жатқанда жиналған жұртшылық орнынан тұрып, бір сәт еске алды. Ал, оның дамуына өлшеусіз үлес қосқан Шұға Нұрмағанбетова, Лидия Соколова, Сара Ысқақова, Аманжол Үсенов, Әсия Айдарханова, Балкүміс Дүйсенбекова, Рая Баймағанбетова, Мария Ткач, Несібелді Битенова сынды арамыздағы ардагерлерге лайықты құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалды.

Иә, артта қалған алпыс жылда телеарна мәртебесін талай мәрте өзгертті. Әуесқой студия ретінде тұсауы кесілген ол келесі жылы қалалық теледидар атанды. Жезқазған облысы құрылғанда телевизия және радио хабарын тарататын комитетке айналды. Ал, облыс тарағанда қарашаңырақты ұстап қалды. Өзгермегені – көрерменге көрсеткен кәсіби адал қызметі. Халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналған «Дидар» телеарнасы қазір Жезқазған-Ұлытау аймағымен шектеліп қалмай, IDTV жүйесі арқылы республика көлеміне хабар таратады.

Телеарна ұжымын қала әкімі Қайрат Бегімов мерейлі мерейтойымен құттықтады.

  • Елге танымал талай тұлға осы «Дидардан» қанаттанғаны біз үшін зор мақтаныш. Қазір елуден астам қызметкер еңбек ететін ұжым заман талабына сай сапалы қызмет көрсетуде. Телеарна жаңалықтан бөлек, әртүрлі саланы, тақырыпты қамтитын бағдарламаны көрермен назарына ұсынып келеді. Мұның бәрі – қажырлы еңбек пен тұрақты ізденістің нәтижесі, – деп атап көрсетті шаһар басшысы.

Шаһар басшысы бірнеше телеарна ардагерінің омырауына Жезқазған қаласының 65 жылдығына арналған төсбелгі қадап, бүгінде жемісті еңбек етіп жүрген Мақсұт Сексенбаевқа, Ирина Келлерге, Аманкүл Арымбековаға Құрмет грамотасын тапсырды. Қадірлі қонақтар – Қазақстан Журналистер одағының басқарма төрағасы Сейітқазы Матаевтың, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, филология ғылымының докторы Бауыржан Жақыповтың, телевизия саласының ардагерлері – Тілеуқабыл Мыңжасар мен Арман Сқабылдың, Л.Гумилев атындағы Ұлттық университет оқытушысы, халықаралық журналист Қуандық Шамахайдың иығына оқалы шапан жапты.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің құттықтауын жеткізген облыстық ішкі саясат басқармасы идеологиялық жұмысты ұйымдастыру бөлімінің басшысы Әйгерім Иісбекова Базарбай Әлеуханұлына, Махмұт Сексенбаевқа, Төлеш Асановқа, Мақпал Орынбетоваға, Елдос Кәкеновке облыс басшысының Құрмет грамотасын тапсырды. Құттықтау кезегі келген Сейітқазы Матаев ұжымға жылы лебізін білдіріп, телеарна басшысы Базарбай Әлеуханұлына «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағы берілгенін хабарлады.

Бұл кеште телегей теңіз тілек айтылды. Қазақстан Журналистер одағы облыстық бөлімшесінің жетекшісі Жәнібек Садықанов, Жезқазған қалалық мәслихатының хатшысы Сәбитбек Медебаев, облыстық мәслихат депутаты, «Нұр Отан» партиясының «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Шыңғысов, «Қазақстан» Ұлттық арнасының техникалық директоры, «Дидар» арнасының ардагері Тимур Қасабеков, «Хабар» агенттігінің бас продюссері Айдос Тұрысбек, тағы басқалар ақжарма көңілін ақтарды.

«Дидар» телеарнасының 60 жылдық мерейтойына орай киелі Ұлытау-Жезқазған өңірінде тұратын Дидар есімді көрермендер салтанатты жиынға шақырылып, сый-сияпат жасалды. Ал, ұжым үшін ең үлкен олжа — «Ұлы даланың «Дидары» атты естеліктер жинағының Нұр-Сұлтандағы «Кәусар» баспасынан жарық көруі мен «ЖезДидар» әнінің шығуы болды. Сөзін жазған дидарлық Руслан Нұрбай, әні – қарағандылық композитор Қанат Мұрсәлімовтікі. Салтанатты жиында жинақтың тұсауы кесіліп, «Дидардың» гимні тұңғыш рет шырқалды.

Телеарнаның мерейтойы аясында тағылымға толы ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Алыстан ат арытып келген қонақтар Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің студенттерімен кездесіп, келелі әңгіме қозғады. «Дидар» телеарнасының баспасөз клубында «Қазіргі кезеңдегі аймақтық телеарналар: теория және тәжірибе» тақырыбында конференция өтті. Ұлытауда жалғасқан «Ішкі туризмді қалыптастырудағы бұқаралық ақпарат құралының рөлі» атты көшпелі кеңесте журналистердің сауалына аудан әкімі Берік Әбдіғалиұлы салиқалы жауап берді.

Әлібек ӘБДІРАШ

Басқа материалдар

Back to top button