Ресми

Диқандар көктемгі егіске дайын

Көктем – диқандардың жер жыртып, егін салуға асығатын мезгілі. Биыл да осы үрдіспен облыста көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізуге дайындық жұмыстары белсенді жүргізілуде. Дегенмен, ағымдағы жылы бидай алқабы 8 мың гектарға, арпа алқабы – 12,7 мың гектарға азайтылады. Бұл шаралар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың егінді әртараптандыру жұмыстарын күшейтуге қатысты берген тапсырмасынан кейін қолға алынуда. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Саят Мусин осылай мәлімдеді.

Сурет: сайт мұрағатынан

Бірақ, бидай мен арпа алқабы азайғанымен, жоғары рентабельді дақылдар алқабы ұлғаяды. Атап айтсақ, майлы дақылдар алқабын 27,3 мың гектарға, азықтық дақылдар алқабын 18,2 мың гектарға ұлғайтылады деп күтілуде.

– Биыл дәнді дақылдар алқабы – 959,1 мың гектар, майлы дақылдар – 57 мың гектар, шаруашылық құрылымдарындағы картоп алқабы – 11 508 гектар, көкөніс – 1 227 гектар, азықтық дақылдар алқабы – 80 мың гектар болмақ. Ал, облыстағы екі тұқым шаруашылығы – «Шахтерское» ЖШС мен Қарағанды ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясында қажеттілікті қамтамасыз ету үшін 7,3 мың тонна тұқым материалы бар, – дейді Саят Қабиденұлы.

Одан бөлек, диқандар үшін былтырғы жылғы үшінші санатты бидайдың тұқымы да сатылады. Тоннасы – 150 мың теңге.

Әлбетте, жақсы өнім кепілі – минералды тыңайтқыштарды қарқынды қолдану. Мемлекет басшысының өнім көлемін 2028 жылға қарай екі есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында минералды тыңайтқыштарды пайдалану бойынша тиісті индикаторлар барлық өңірлерге жеткізілген.

Мәселен, минералды тыңайтқыштар өткен жылы 405,0 мың гектарға енгізілсе, биыл бұл көрсеткіш 581 мың гектарға ұлғайған. Ол үшін шамамен 71,5 мың тонна тыңайтқыш алу жоспарда.

Басқарма басшысы өсімдік шаруашылығы өнімі өндірісін ұлғайту жөніндегі негізгі міндеттердің бірі – суармалы жерлерді айналымға енгізу екенін де айтады. Бұл үшін биыл облыстағы суармалы жерлер алқабы 4,5 мың гектарға ұлғайып, жалпы ауданы 37,7 мың гектарға жетпек.

Бүгінде ауыл шаруашылығы техникаларын егіс жұмыстарына дайындау жұмыстары жүргізілуде. Барлығы 24 мыңға жуық техника жұмылдырылса, ішінде 9,8 мыңнан астамы – трактор, 231-і – заманауи егіс кешені және 4,1 мыңы – сепкіштер.

– Облыста 37 741 ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары бар. Оның 11 844-і – доңғалақты және шынжыр табанды трактор. Бұдан басқа, 407, 273 егіс кешені, 6 244 сепкіш, 3 181 трактор тіркемесі, 3 400-ден астам топырақ өңдеу техникасы мен шөп шабу техникасы бар. Техниканың көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге дайындығы 94,3%. Бұл бағытта жұмыстар жалғасуда, – дейді Саят Қабиденұлы.

Мемлекет басшысының 2030 жылға қарай ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту пайызын 10%-ға дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында 2024 жылы ауыл шаруашылығы көліктерінің паркі де жаңартылады. Ол «ҚазАгроҚаржы» АҚ кредиттеу есебінен, сондай-ақ, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл шаруашылығы техникасын лизингке сатып алу есебінен жүзеге асырылмақ. Ол үшін облыстық бюджеттен 500 млн. теңге бөлу көзделген.

Басқарма басшысы көктемгі егіс жұмыстарына 17,4 мың тонна арзандатылған дизель бөлінгенін де жеткізді. Операторлары – «Retail Trade Oil» ЖШС және «Мұнай-Company» ЖШС. Дизель отыны, Қарағанды қаласы және Осакаров кентіндегі мұнай базасынан литрі 245 теңгеден босатылады.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button