Жаңалықтар

Диқандар жанармайдан тарықпайды

Көктемгі егіс жұмыстарының дәл қызған шағында дизель бағасының өсуі фермерлерді біраз әуреге салды. Себебі, «арзандатылған отын облыстың шаруаларына жете ме, жете қалған күнде бағасы қалай болады?» деген алаңдаушылық бар. Бірақ, Үкімет өңірлерге 413 мың тонна арзандатылған дизель бөлінеді деп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 мың тоннаға артық. Көктемгі дала жұмыстарына бекітілген көлем бірінші кезекте жөнелтіледі.

Елімізде өткен жылы дизель отынын шығарудың рекордтық көрсеткішіне, яғни 5,2 млн. тоннаға жеткен болатын. Бірақ, жағдай еліміздің бірқатар өңірлерінде дизель тапшылығы бар екенін көрсетуде. 350 мың тонна көлеміндегі дефицитті қымбат бағадағы импорттық отынмен жабуға тура келген. Биылғы жағдай басқа. Жанар-жағармай қымбаттаса да, дизель отынының бағасы көктемгі егіс жұмыстары үшін нарық бағасынан 20% төмен болатынын айтқан болатын Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков.

Ал, Қарағанды облысында биыл көктемгі дала жұмыстарына бөлінген арзандатылған дизель отынына деген қажеттілік – 20,1 тонна. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,5 тоннаға аз. Бірақ, көлемі аз болғанымен, бағаның күрт қымбаттауы аталған отын арзандатылған бағамен босатылады дегенімен де, облыс фермерлерінің қалтасына әжептәуір салмақ түсіретін тәрізді.

Мәселен, Қарқаралы ауданындағы «Атамекен» шаруа қожалығының басшысы Сламбек Қинаят қымбатшылықтың ешқандай жақсылығы жоқ екенін айтады. Әсіресе, дені өз-өздерін жұмыспен қамтыған ауыл халқына салмақ түспек. Бірақ, «көппен көрген ұлы той» деп, жақсылықтан үмітін үзбеген қожалық басшысы Үкіметтің жанар-жағармай бағасын ұстап тұратынына сенімді. Десек те, сұйық отын бағасының артуы ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасына әсер етуі де мүмкін екенін жоққа шығармайды ол. Өйткені, сұйық отынның, оның ішінде ауыл шаруашылығы үшін қажетті дизель отыны қымбаттар болса, өндірілетін өнім көлеміне де әсер етуі қисынды.

Бірақ, фермерлердің бұл қорқынышын вице-министр Ербол Тасжүреков басты. Ол жанар­-жағармай бағасының өсуі басқа тауарлардың құнының өсуіне әкелмейді деп санайды. Ол бұны жоғарыда айтқанымыздай, дизель бағасы нарық бағасынан 20% төмен болуымен сәйкестендіреді.

Алайда, ұзақ мерзімді перспективада жанар-жағармай бағасының өсуі агроөнеркәсіптік кешендегі тауарлардың, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құнына әсер ететінін де жоққа шығармайды.

– Жалпы, сараптамалық бағалаулар бойынша жанар-жағармай бағасының 20%-ға өсуі түпкілікті өнімнің 2-ден 5%-ға дейін ғана өсуіне әсер етуі мүмкін, – дейді Ербол Қуанышұлы.

Ауыл шаруашылығы вице-министрімен Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин де келісіп отыр. Ол да азық-түлік бағасының өсуіне алаңдауға негіз жоқ деп мәлімдеді. Серік Мақашұлы Жұманғарин халық бағаның тұрақты болатынына үйренулері керек екенін айтады. Бұл – үнемшіл министрліктің еңбегінің арқасы.

Ал, облысымызда былтыр ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизельдің бір литрі 198 теңгеден босатылған еді. Бұл – Үкімет белгілеген баға. Сұйық отын бағасына ресурс ұстаушының, атап айтқанда, жеткізуші оператордың да бағасы әсер етеді. Мәселен, өткен жылы дәл осы ресурс ұстаушы дизель отынының тоннасын 212 мың теңгеден сатқан еді.

– Технологиялық карталарға сәйкес, 2023 жылғы көктемгі дала жұмыстарына арзандатылған дизель отынын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер ақпанда литрін 206 теңгеден алды. Наурыз, сәуір, мамыр және маусым айларында 210 теңгеге өсті. Ал, ресурс ұстаушы, атап айтқанда, «Retail Trade Oil» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің босату бағасы басқа. Атап айтқанда, тоннасы 222 мың теңге, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік шаруашылығын дамыту және техникалық жарақтандыру бөлімінің басшысы Болат Омарбаев.

Болат Мұратұлының айтуынша, 20,1 тонна дизель отыны дала жұмыстарына толығымен жетеді әрі кестеге сәйкес фермерлерге жеткізіледі.

Салтанат ІЛИЯШ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button