Ресми

Дербес кассациялық сот инстанциясының тиімділігі

Қазақстан Республикасы тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бастап, еліміз сот-құқықтық реформаны жүргізуде. Соның нәтижесінде қазіргі уақыттағы құқықтық мемлекеттің негізгі талаптарына жауап беретін сот жүйесі әрекет етеді. Сонымен қатар, сот дербестігінің негізгі мәселелері де өз шешімін тауып, соттардың тәуелсіздігіне кепілдіктер берілді. Қазіргі таңда басымдық – тиісті талаптарға және қоғам сұранысына жауап беретін сот жүйесінде.

2023 жылғы 12 қыркүйекте еліміздің бизнес-қоғамдастығының өкілдерімен кез­десуде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дербес кассациялық инстанция құру мәселесі бойынша заң және кәсіпкерлік қауымдас­тығымен кеңестер өткізу қажеттігіне назар аударды.

Егер Қазақстан Республикасының сот жүйесін дамуына үңілсек, барлық қабылданған шаралар сот ісін жүргізуді оңтайландыруға, процеске қатысушыларға қо­лайлы жағдайлар жасауға, сот істерін шешу тәртібін барынша жеңілдетуге және жеделдетуге бағытталғанын көреміз.

Жалпы, істерді қараудың апелляциялық тәртібін 2001 жылдан, ал 2009 жылдан бастап, кассациялық іс жүргізуді енгізу жергілікті соттарға (облыс шегінде) облыс деңгейінде түпкілікті шешім қабылдауға мүмкіндік берді. Бұл да сот төрелігін іске асыру сапасын жақсартуға ықпал етті.

Бұл арқылы соттардың қолжетімділігі заңнамалық тұрғыда кеңейіп, азаматтар үшін өз құқықтарын қорғау мүмкіндігіндегі шектеулерді барынша жоюға мүмкіндік берілді. Оның нәтижесінде соттар қараған азаматтық істер саны екі еседен астамға артты. Демек, халықтың сотқа сенімі күшейді.

Бұл 2016 жылға дейін жалғасып, осы кезеңнен бастап, сот ісін жүргізу процесін жеделдету мақсатында бес буынды сот жүйесінің орнына үш буынды жүйе енгізілді.

Қазіргі таңда үш буынды жүйені: бі­рінші саты – аудандық және оларға те­ңес­тірілген соттар (қалалық сот, ауданаралық сот), екінші саты – облыстық және оларға теңестiрiлген соттардағы (рес­публика астанасының қалалық соты, республикалық маңызы бар қалалардың қалалық соттары) апелляциялық саты және үшінші саты – Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының кассациялық сатысы құрайды.

Алайда, кассациялық сатыда кейбір іс­тердің қайта қаралмауы бойынша көптеген пікірталастар туындауда.

Мәселен, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодекске сай азаматтық істердің кассациялық сатыда қаралуы үшін тиісті талаптар белгіленген.

Атап айтқанда, азаматтық сот ісін жүргізудегі талап қою сомасы жеке тұлғалар үшін 2 мың АЕК-тен және заңды тұлғалар үшін 30 мың АЕК-тен аз болған кезде, олар кассациялық сатыда қаралуға жатпайды. Сол сияқты, қылмыстық сот ісін жүргізуде қылмыстық теріс қылықтар туралы істер де қаралмайды.

Осыған орай, осы мәселенің бірден-бір шешімі сот жүйесінің дербес кассация­лық сатысын құру. Сол арқылы барлық іс санаттарының кассациялық тәртіпте қайта қаралуына мүмкіндік жасап, азаматтар мен заңды тұлғалардың өз құқықтарын толық жүзеге асуына мүмкіндік жасау. Дербес кассация сатысы әлемнің көптеген елдерінде әрекет етеді.

Мысалы, Түркия Республикасы мен Ресей Федерациясының сот жүйесін құру және жұмыс істеу тәжірибесі.

Ресейде жалпы апелляциялық және кассациялық соттарының жаңа жүйесі құ­рылған.

Ресей Президенті «Ресей Федерация­сының сот жүйесі туралы» Федералдық конституциялық Заңға және жалпы юрисдикциялық кассациялық соттары мен жалпы юрисдикциялық апелляциялық соттарын құруға байланысты жекелеген федералдық конституциялық заңдарға өзгерістер енгізу туралы» Федералдық конституциялық Заңына 2018 жылы 29 шілдеде қол қойды. Құжат жалпы юрисдикция соттарының құрылымына айтарлықтай өзгерістер енгізді.

Аталған түзетулер жалпы юрисдик­ция­ның құрылымдық жағынан дербес бес апелляциялық және тоғыз кассациялық соттарын құруға, сондай-ақ заңды күшіне енбеген және енбеген сот актілеріне шағымдану жүйесін өзгертуге бағытталды.

Ресейде жалпы юрисдикцияның құ­ры­лымдық тәуелсіз кассациялық және апелляциялық соттарын құру қажетті­лігі төменгі сатыдағы сот актілеріне шағымдарды қарау кезінде бейтараптықты, тәуелсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігімен байланыстырылды. Жаңа­шылдық нәтижесінде сот актісін тексеру іс бірінші сатыдағы сот ретінде қаралған сотта жүзеге асырылатын жағдай алынып тасталды. Өзгерістер жалпы юрисдикция­лық соттар жүйесін жетілдіруге және сот жүктемесін оңтайландыруға мүмкіндік берген.

Екінші сатыдағы жалпы юрисдикция­лық апелляциялық соттары облыстық және оларға теңестірілген соттардың күшіне енбеген, олар бірінші сатыдағы сот ретінде қабылдаған актілеріне шағымдар мен ұсынымдар бойынша істерді, сондай-ақ күшіне енген актілерге қатысты жаңа немесе жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша істерді қарайды.

Алайда, облыстық және оларға теңес­тірілген соттардың бірінші сатыда қабылданған аудандық соттардың күшіне енбеген шешімдерін апелляциялық қарауы қамтамасыз етілді.

Жаңа апелляциялық соттар респуб­ликалардың аумағындағы Жоғарғы соттарға, облыстық соттарға және басқаларға қатысты жоғары тұрған сот сатылары болады. Мәселен, мысалы, жалпы юрисдикциялық 1-ші апелляциялық соты (Мәскеу қаласы) Белгород, Брянск, Владимир Воронеж, Калининград, Кострома, Псков және басқа облыстардың тиісті соттары үшін жоғары саты болады.

Кассациялық соттардың қарайтын іс­теріне тоқталатын болсақ, оларға облыс­тық және оларға тең соттардың кассация­лық өкілеттіктері берілді және осылайша олар бірінші саты судьяларының, аудандық соттардың, облыстық және оларға тең соттардың, жалпы юрисдикциялық апелляциялық соттарының күшіне енген сот актілеріне шағымдар мен ұсынымдар бойынша, сондай-ақ жалпы юрисдикция­лық апелляциялық соттарына қатысты жаңа немесе жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша істерді қарайды.

Бұл соттар тиісті сот кассациялық округінің аумағында жұмыс істейтін федералды жалпы юрисдикция соттары мен бірінші саты соттарына қатысты жоғары сот органы болып табылады.

Жалпы юрисдикциялық жаңа кассациялық және апелляциялық соттары азаматтық, әкімшілік және қылмыстық істер бойынша төралқа мен сот алқаларынан тұрады.

Заң олардың тұрақты болатын жерлерін анықтады. Кассациялық соттар Саратов, Мәскеу, Санкт-Петербург, Краснодар, Пятигорск, Самара, Челябинск, Кемерово және Владивостокта орналас­са, апелляциялық соттар Мәскеуде, Санкт-­Петербургте, Сочиде, Нижний Нов­го­родта және Новосибирскіде бекітілді.
Түркияның сот жүйесі қылмыстық-­азаматтық сот соттарынан, әкімшілік және арнайы соттардан тұрады. Ұйымдық­құрылымдық белгілері бойынша соттар бірқатар буындар мен санаттарға бөлінеді.

Конституция жоғары сатыдағы соттарға: Конституциялық сотты, Жоғарғы кассациялық сотты, Мемлекеттік Кеңесті, жоғары әскери кассациялық сотын, Жоғары әскери әкімшілік сотын жатқызады. Бұл соттардың құзыреті мен құрылу тәр­тібі Конституцияда айқындалған.

Жалпы юрисдикциядағы соттар жүйесін Жоғарғы кассациялық сот басқарады (Яргытай). Оның мүшелерін судьялар мен прокурорлардың Жоғарғы кеңесінің пленумы 4 жылға сайлайды. Республиканың Бас прокуроры болып табылатын Жоғары кассациялық соттың Бас Прокурорын және оның орынбасарын сол мерзімге Президент кассациялық Соттың Пленумы ұсынған 5 кандидаттың ішінен тағайындайды. Оның құзыретіне жалпы юрисдикциядағы барлық соттардың шешімдеріне наразылықтар мен шағымдарды қарау, барлық қылмыстық-азаматтық соттардың іс жүргізу заңнамасын біркелкі түсінді­руін және қолдануын қамтамасыз ету кіреді.

Бірқатар аса қауіпті қылмыстар бойынша Жоғарғы кассациялық сот бірінші сатыдағы сот ретінде әрекет ете алады. Жоғарғы кассациялық сот қылмыстық істер бойынша 7 секцияға, азаматтық істер бойынша 9 секцияға және коммерциялық және банкроттық туралы істер бойынша бірнеше секцияға бөлінеді. Әр бөлімде төраға, төрт негізгі және бір резервтік құрамы бар. Олар бірінші сатыдағы соттардың шешімдеріне шағымдар мен наразылықтарды қарайды, істі бекітеді немесе жаңа тергеуге жібереді. Секциялардың шешімдері мен анықтамаларына сот төрағасынан, оның бірінші орынбасарларынан және секция төрағаларынан тұратын Жоғары кассациялық соттың пленумына наразылық білдірілуі және шағым жасалуы мүмкін. Сот Пленумының шешімдері мен ұйғарымдары түпкілікті және шағымдануға жатпайды.

Дегенмен, кез келген жүргізілетін реформа нәтижесі өзіндік үздік үлгіде қалыптасқан құқықтық мемлекет құру және мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтарының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету екені мәлім.

Бақытбек ШАЙЗАДАЕВ,
Әлихан Бөкейхан ауданы №2 сотының төрағасы

ҚАРАҒАНДЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button